Сауат ашу мектебін салып жатыр

02.10.2017
Қаралды: 244

Ел ішінде салауатты өмір салтын ұстанып, имандылық жолына бет бұрғандардың көбеюі көңіл қуантады. Өткен аптада Ордабасы ауданына барғанымызда, ондағы ерекше іс-шараларды көзімізбен көріп, қуанып қайттық.

Мәселен, Темірланда ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері жиылып, ауылдағы мешітті күрделі жөндеуден өткізіпті. Сөйтіп мешіт жанынан Құраннан сауат ашатын мектеп құ­рылысын салуды бастап кеткен. Ондағы ойлары, жастарды Құранды сауатты оқуға үйрету екен.

Бізге ауыл тұрғыны, жиһаз жасап, жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер Ақберген Базарбекпен әңгімелесудің сәті түсті. «Біздің ауылда Құ­ранды бастан-аяқ жатқа оқи­тын қари жоқ екен, – деп бас­тады әңгімесін Ақберген. – Рамазан айында жамағат боп жиылып, тарауих намазын оқимыз. Сонда жаттап алған екі-үш сүрені күнделікті қайталап оқи беретінбіз. Бірер жыл бұрын ораза кезінде Қырғызстаннан Құранды то­лық оқи білетін қари жігіттер келді. Олармен тарауих намазын оқығанымызда, күніге екі-үш сүреден қосып оқып, отыз күн оразада Құрандағы барлық сүрені оқып бітірдік. Осыдан кейін біздің ауылдан да осындай қарилар дайындасақ, оған не кедергі деген ой келді. Сөйтіп ауыл тұрғындары, мешіттегі жамағат ақылдаса келе, сауат ашу мекте­бінің құрылысын салуды бас­тадық. Одан бұрын мешітті күрделі жөндеуден өткізгенбіз. Әркім шамасы кел­генінше өз үлесін қосты. Тұр­ғындар арасында қол қу­сырып қарап қалған ешкім жоқ».

Бұдан бөлек, жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр болып өсуге, өмір­ге деген құштарлығын оятуға септігі тиеді деген оймен Ақберген, Елжас сынды бірқатар азаматтар түрлі мерекелер, көңілді кештер ұйымдастырып тұрады екен. «Өзде­ріңіз білесіздер, қазір жасөс­пірімдер арасында суицид көп, – дейді Ақберген. – Айналысатын ісі жоқ, уақы­ты көп кейбір жеткіншек­тер ұсақ-түйек бұзақылыққа, кейде қылмысқа ұрынып жатады. Осындай ағаттықтардың алдын алып, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыру мақсатында біраз жігіттер жиылып, өз қаражатымызға «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрын шақырып, тегін концерт өткіздік. Ережесіз жекпе-жектің екі дүркін чемпионы Ардақ Назаровты шақырып, кездесу ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – жастарды жаман қылықтардан аулақта ұстау. Мұндай шараларды ұйымдастыруға бізді ауылдың үлкендері мен мешіт имамы Талғат Сүйінжан да қолдап, өздері де атсалысып отырады».

Соңғы уақытта белең ал­ған суицидтің, жас жеткіншек­тер­ қылмысының алдын-алуда темірландықтардан үлгі алуға болады екен деген ой түйдік.

Г. ҚАРАТАЙ. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!