Темірден түйін түйген ерлі-зайыптылар

02.10.2017
Қаралды: 244

Күздің салқыны сезіле бастады. Жылыту маусымы бас­талатын кез алыс емес. Енді пештің мұржаларын тазартып, тексеріп, қауіпсіздік қамына кірісу керек.

Мұржа демекші, тап осы кезде Түлкібастағы Рахат пен Сәуленің шағын шеберханасында жұмыс дегенің қызып кеп береді. Өйткені олар соңғы үш жылдан бері аудан тұрғындарына темір пештің мұржаларына қажетті құбыр жасаумен айналысады. Өз кәсіптеріне бейімдел­гендері соншалық, кез-келген тапсырысты аз уақытта ойыңыздағыдай етіп орындап береді.

Сізге қандай түтін тартатын құбыр қажет? Ол құ­бырыңыз жел тұрғанда түтін тартпай қалмайды ма? Темір мұржаның басына желге қарсы қандай қал­пақша орнат­қан дұрыс? Мұның бәрін ерлі-зайыпты Рахат пен Сәуле жақсы біледі. Тұрғындардың өтінішіне орай, қалың қаңылтыр темірлерді сан түрлі әдіске салып, иіп, оны мықтап бекітіп бере алады. Олардың шағын шеберханасында темір кесетін, иетін түрлі аспаптар жетіп-артылады. Бір сүйсінерлігі, темірден түйін жасауда нәзікжанды Сәуленің өзі жолдасынан бір қалыспайды.

– Бізге қазірдің өзінде тұрғындардан көптеген тапсырыстар түсіп жатыр, – дейді шеберхана меңгерушісі Рахат Мұсатаев. – Әсіресе жел кезінде өшіп қал­майтын мұржаларға арналған құбырға, оның басына орналасатын қалпақшаларға тапсырыс көп. Ал біз тапсырыстарды дер кезінде орындауға күш салып жүрміз.

Р. Мұсатаев темірден түйін түюді әкесінен үйренген екен. Әкесі марқұм кезінде диірменші, темір ұстасы болғанын мақтанышпен айтып өтті. Ерінің қасында жүрген Сәуленің мамандығы қарапайым технолог. Бірақ Сәуленің мүлде басқа кәсіпті таңдауы, оны өте жақсы меңгеруі, әрине, көңіл қуантады. Өздерінің ризықтарын адал еңбектерімен тауып отырған бұл отбасының жеті перзенті бар екен. Оның үшеуі студент, қалғандары мектеп қабырғасында, балабақшада тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Сондықтан Алтын алқалы ана Сәуле Әділбекқызының еңбекке деген құлшынысын қалай мақтасақ да жарасады.

Ал біз сөзіміздің соңында темір июдің хас шебері атанған ерлі-зайыпты Рахат пен Сәуленің еңбек­теріне сәттілік тілейміз.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!