Вакцина қабылдаудан қашпау керек

02.10.2017
Қаралды: 261

Тұмау – ең көп таралатын вирусты-инфекциялық ауру. Бірақ көпшілігіміз оған жеңіл қараймыз. 

Халық арасында бұл ауру әр жыл сайын күз бен қыс айларында көп тіркеледі. Әсіресе денсаулығы нашар, созылмалы ауруы барлар, құнарлы тамақтанбағандар, суыққа  шалдыққандар жиі ауырады.

Тұмау эпидемиялық аймақтарда өте жылдам жүреді. Өзінің әлеуметтік орны жағынан ол барлық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Әлемде жыл сайын тұмаумен 500 миллион­ адам ауырады. Оның таратушысы тек науқас жан болып табылады. Тұмауратқан адам айналасындағыларға бірінші сағаттан бастап тұмау таратады. Ал мұны ескермей, өздігінен емделгендер қауіпті болып саналады. Мұндай жағдайда тұмаудың вирусы сілекей тамшыларымен бірге сырт­қы ортаға шығады. Ауру жұққаннан бастап 1-3 сағат ішінде жетіледі. Тұмаумен ауырған адамның иммунитеті әлсіреуі мүмкін. Соның салдарынан қосымша инфекция қосылады, адам ағзасы тұмаумен дұрыс емделмегеннің әсерінен бактериялардың алдында имму­нитеті төмендейді.

Егер температура түспей, тоқтаусыз жөтеле берсеңіз, дене ылғалдылығы жасыл-сұр түске айналса, бұл тұмаудың ең асқынған түрі – пневмония.

Тұмаудың кең таралуын және оның асқы­нуының алдын-алу үшін ең алдымен алғаш­қы клиникалық көріністер байқалған кезде жедел түрде үйге дәрігер шақырту керек, адамдардың көп шоғырланған жерлерде жүруін шектеп, бөлмелерді жиі желдетіп тұру, ыл­­­ғалды-жуу жұмыстарын жиілету керек. Соны­мен қатар тұмаудың алдын-алу үшін жеке адамның өмір сүру салтының маңызы зор. Адамның араққа салынуы, темекі шегуі ағзаның жалпы және жергілікті иммунитетін төмендетеді.

Тағамға лимон, қырыққабат, сәбіз, пияз, сарымсақты жиі қолданған жөн. Адам өз ағзасын үнемі шынықтырып, спортпен айналысуы керек.

Ең негізгі тұмаудың алдын-алу бағы­тының бірі – тұмауға қарсы вакцина қабылдау.

Биылғы жылы 1-қазаннан бастап 15-қа­ра­шаға дейін тұмауға қарсы қауіпті топтағы адамдарға және де 4,5-8,5 айдағы жүкті әйелдердің келісімі бойынша егу жұ­мыс­тары жоспарланып отыр. Осыған орай, вакцинаны қабылдау­дың маңыздылығын ескертеміз. Өз денсаулықтарыңызға нем­құрайлы қарамаңыздар.

С. МАХАТОВА,

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!