Түркістандық депутат заңды белден басып отыр ма?

30.09.2017
Қаралды: 427

Таяуда редакциямызға Түркіс­таннан Ө. Әбсаттаров, А. Мұсаев, Қ.Нұрабаев, С.Опанов, Б.Досалиев, Т.Шералханов, Ө.Аташов есімді азаматтар  келді. 

Өздерін Түркіс­танның жанашыр азаматтарымыз деп таныстырған олар Шымкентке келудегі мақсатын түсіндіріп, бізге өз арыздарын тапсырды. Онда былай деп жазылған:

Құрылыс заңсыз салынып жатыр дейді

«Түркістанда облыстық мәслихат де­путаты, «Нұр отан» партиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комис­сия­сының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев есімді азамат інісі Нұрланның атынан ешбір құзырлы мекеменің рұқсатын сұрамай, Б.Саттар­­ха­нов мөлтекау­да­нынан мал базарын салып жатыр. Ал ҚР Үкіметінің 13.10.2012 жылғы №1439 қаулысымен бекітілген «Жануарларды өсіру және өткізуді жүзеге асыратын өндірістік объектілерге қойылатын ветери­нариялық талаптар (ветери­нар­лық-санитарлық) талаптары Ережесіне» сай, мал базары қала сыртынан салы­нуы тиіс. Біз бұл мәселені анықтап, көзімізді жеткізу үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары» бөлімінің басшысы Қ.Үсенбаевқа және «Вете­ринария бөлімі» мемлекеттік мекеме­сінің бас­шысы Б.Мұсаевқа «Түркістан қаласы бас жоспарына сай, мал базары мен мал бордақылау объектісін қала аумағына салуға бола ма?» – деп сұрау салдық. Қ.Үсенбаев бізге «Бас жоспарға сәйкес, мал базары және мал борда­қылау объектілері қаладан тыс арнайы тағайындалған нысандар төңірегінде орналасатынын хабар­лаймын», – деген жауап пен бас жосп­ар картасының кескінін қоса жолдапты. 2013 жылы бекітілген бас жоспарда мал базарын салуға рұқсат етілетін жерлер белгіленіп қойылған.

Ветеринария бөлімінің басшысы мұндай орындардың қалалық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарынан кемінде 50 метр, темір жол түйіндерінен 300 метр қашықта орна­ласуы тиіс екенін жазыпты.

Міне, құзырлы орындар осылай қала аумағында мал базарын салуға бол­майды десе де, Түркістанда «Нұр отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комис­сиясының төрағасының інісі мал базарын салып алды.

Біз бұл жөнінде Түркістан қаласының әкіміне, қаланың прокуратурасына, облыс әкімі мен облыстық прокуратураға да шағымдандық. Құзырлы орындар тиісті шара көреді деген үміттеміз».

Тұрғындар тезек иіскеп отыруы тиіс пе?

Әрі қарай мәселенің мән-жайын бізге Өтепберген Әбсаттаров ауызша айтып түсіндірді.

«Ең қы­зы­ғы, қыркүйек­тің 10-ы күні әлгі мал базарының ашылуы болды. Оған әкімдік қызметкерлері де шақы­рылыпты. Бірақ шақыру қа­ғазында әлгі мал ба­зары «Ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау және өңдеу орталығы» ауылша­руашылығы өндірістік коопера­тивінің мал бордақылау, сату және сою кешені (24 сағат жұмыс істейді)» деп жазылған. Ал қарапайым халыққа шақыру қағазының бір шетіне ручкамен мал базар деп жазып қойған.

Заңды белшесінен басу арқылы ашылған бұл мал базары, шынтуайтына келгенде, қала аумағындағы өндірістік зона жанында тұр. Жанында «Фараб» мақта-мата өңдеу зауыты бар. Сол маңайда қытайлар қымыран шығаратын үлкен зауыт салып жатыр. Яғни бұл жер мал базары да, бордақылау алаңы да түсетін жер емес.

Заң бойынша Жүсіпбаев Нұрлан Әбілдаұлына ауыл шаруашылығы мақсатында берілген (кадастрлық коды 19-307-039-032) жерге парник соғуға ғана болады. Бірақ олар жерді басқа мақсатта­ пайдаланбақшы. Олай ету үшін де құжат бойынша жайылмалы жердің нысаналы мақсаты өзгеруі керек. Ал ол кісі көрер көзге заңды белшесінен басып отыр. 

Естуімізше, мал базарының иелері осы жерде мың бас малды бор­дақы­лаймыз дейтін көрінеді. Сонда олар мың бас малдың қиын қайда төгеді? Ол маңайға ертең үйлер тұрғызылады. Сонда қарапайым халық сасыған тезек иісін иіскеп отыруы керек пе? Мұндай жауапсыздық пен заңды белшесінен басуға мәслихат депутатының інісіне кім рұқсат берді? Ал қала әкімі мұндай бассыздыққа қалай жол беріп отыр?»

Осылай деп ашынған түркістандық тұрғындар облыс әкімі Ж.Түймебаевқа хат жазыпты. Олар өңір басшысы әділетті шешім қабылдайды деп сенеді. Ал мәселе аяқасты қалатын болса, Елбасыға дейін шағымдануға әзір.

Басшылар қалай білмей қалған?

Біз бұл мәселе бойынша Түркістан қаласы «Ветеринария бөлімі» мем­лекеттік мекемесінің басшысы Болат Мұсаевқа хабарласқан болатынбыз.

«Ондайды естімеппін. Ветеринария саласында мал базары деген өндірістік бақылау объектісі деп аталады. Оған мал базары, ет базары, құс фабрикасы, мал бордақылау орындары, мал сою алаңда­ры, консерві цехы немесе балмұздақ өндіретін зауыттар да кіреді. Ветеринария­ саласындағы заң­дылықтарға сәйкес, өнді­рістік бақылау объектісіне ветеринарлар ешқандай кедергісіз барып тексере бере­ді. Ал енді мұндай объектілер қай жаққа орналасуы керек деген сұраққа келер болсақ, оның бәрінің өзінің айқындалған санитарлық қорғалған аймақтары бар.

Өндірістік бақылау объектісін са­латын адам бізге алдын-ала өтініш беріп, эпизоотиялық қорытынды алуы керек. Қаланың ішінде ешқандай құ­рылыс жүргізуге болмайтын, елу сан­тиметр қалыңдықта бетондап, жан-жағын темірмен қоршап тастаған төрт жер бар. Бұлар жұқпалы ауру ошақтары табылған жер. Бұл жерден ауру жұқтырған адам дертінен айық­пайды, себебі ол емі жоқ қатерлі кеселдер. Адамнан адамға тез жұғатын індет. Сондықтан ветеринария саласына қатысты өндірістік бақылау объектіле­рін салар кезде кез келген адам бізден  эпизоотиялық қорытынды алуы тиіс. Бірақ жақын арада бізден ешкім келіп мұндай қорытынды алған жоқ. Сон­дықтан мен бұдан хабар­сызбын», – деді Б.Мұсаев.

«Ауылшаруашылығы және жер қа­тынастары» бөлімінің басшысы Қ.Үсен­баев бұл аумақтың қаланың бас жос­па­рына кіретін, кірмейтінінен мүлдем хабары жоқ болып шықты. Ол кісі нақты жауапты ресми сауалға ғана қайтаратын секілді.

Қала әкімі Ә.Өсербаев бұған не дейді екен? Қала аумағында екі жылдан бері салынып жатқан құрылыс жайлы оның естіп-білмеуі мүмкін емес. Ал оның заңсыз екенін әкім біле ме? Білсе неге шара қолданбай келеді?

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!