Шәмші ауылы Ленинград секілді қоршауда қалатын түрі бар

30.09.2017
Қаралды: 503

Қазақта бұрыннан келе жатқан жер дауы мен жесір дауы біткен емес, бітпесе де керек. Жер кодексіне өзгерістер еніп, Елбасы жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге уақытша мораторий жариялады. 

Жерге қатысты заңдылықтың бұзылмауы қатаң тапсырылды. Соған қарамастан жер дауы әлі де басылар емес.

Осыдан екі айдай бұрын редакцияға Отырар ауданынан хабарласқан бір оқырман ауданда Президент тапсырмасының орындалмай отырғанын, жердің әлі күнге шетелдіктерге жалға беріліп жатқанын айтқан болатын. Біз бұл мәселе бойынша аудандық әкімдікке, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықовқа арнайы хат та жолдағанбыз. Бірақ сауал-хатымызға мардымды жауап ала алмай отырмыз. Өйткені бөлім басшысы бірде Астанаға, келесі жолы облыс орталығына, үшінші жолы тағы басқа жаққа кеткен болып шығады. Соңғысында сырқаттанып қалуы себепті сұхбаттасудың сәті түспеді. Шынында да осылай ма, әлде бұл жауап бермес үшін жалтарған амал ма екен, ол жағы өзіне аян. Әйтеуір жауап соңы сұйылып кеткені рас.

Есесіне жергілікті тұрғындардың айтары көп екен. Қарақоңыр ауылдық округін­дегі Шәмші ауылының тұрғыны Өсербай Төленов (суретте) былай дейді:

– Көктемде ауыл әкімді­гінде жер мәселесіне қатысты жиналыс болды. Екі кештің арасында жиналыс болады деген соң 10-15 адам ғана жиналып бардық. Ауыл адамдарының көпшілігі мұны ес­тімей де қалды. Жиынға ау­дан әкімінің орынбасары Әбдіғани Жүнісов та келген екен. Біз басшылардан «Мы­на төңіректегі жерді кім ал­ды?» – деп сұрадық. Бірақ әкімнің орынбасары бізге нақ­ты жауап бермеді. Тек: «Сендер ештеңе істей алмайсыңдар. Бұл жерлер 2005 жылы жекеге берілген. Иелері енді оны жалға беріп отыр. «Ана жақтың иесі – Пәленше, мына жақтың қожайыны – Түгенше», – деп, біз танымайтын біреулердің атын атады.

Біздің түсінгеніміз, жергі­лікті халық алақандай телім сұраса: «Жер жоқ!» – деп жауап қайтаратын шенеу­ніктер сырттан келгендерге мың гектарлап бергенге ұқ­сайды. Жердің жаңа иелері ол жаққа жүгері егеміз депті. Шамамен 800 гектар жерге егіп жатыр-ау деймін. Айналасын қазып, тікенек сыммен қоршап тастаған.  Мына тұсымыз – өзен. Екінші жағымызда Темір ауылындағы бір қойма басшысының 700 гектар жері бар. Ол да жерін жалға берсе, біз көп ұзамай жау қоршауындағы Ленинград секілді сыртпен байланыссыз қалғалы отырмыз. Мұның заңды не заңсыз екенін білу үшін бас жоспарды көргіміз келген. Оны бізден жасырады. Көрсет­пейді. Халықпен санасып жатқан еш­кім жоқ. Сырттан келген компанияларға халықтың жайылымдық жер­ле­рін қалай егіс­тікке айналдырып беріп жатқанын тү­сін­­бейміз. Олар біз­дің жа­йылымдық жерлерді тал­қандап жатыр. Менің шырылдайтыным – осындағы 48-50 үйдің ортақ пайдалануына қарым-қатынас жасайтын жол ғана қалғалы тұр.

Бұрын бұл жер Темір қой зауыты деп аталатын, қазір Шәмші ауылы болып өзгерді. Кеңес дәуірінде мұнда асыл тұқымды төрт түлік мал өсі­рілген. Қаракөл елтірісін өн­діру үшін бағылатын 80-ге жуық отар қой болған. Бү­гінде соның барлығы таусылды. Ал ауыл шаруашылығымен айналысып үйренген халық дағдарып, екі қолға бір күрек таппай жүр. Ауылда жұмыс жоқ. Тұрғындар 5-6 қойды күнкөріс көзіне айналдырып отырғанда, енді келіп жайылым жерімізді алса, біз не істемекпіз? Сонда біз сұрауы жоқ қара шыбын бол­ғанымыз ба? Халықтың жайы­лымдық жері 100, 200 гектарлап сатылып, жалға беріліп жатыр. Біз осыған наразымыз.

Қуаныш Айтаханов Се­натқа депутат болардың алдында біздің ауданды бас­қар­ғанын білесіздер. Сол кісі ауылға арнайы келіп, жиналыс жасағанда тиісті бөлім басшыларына: «Ауылдың төңірегіндегі 5 шақырым жер ауыліргелік болып табылады, шаруашылық ашамын дегендер оның арғы жағынан ашсын», – деген болатын. Қ.Айтахановтың өзі кеткен соң, сөзі де далада қалды. Соны әкімнің орынбасары Ә.Жүні­совке айтсам: «Ол заң күшіне енген жоқ», – дейді.

Шеттен келгендер шетінен іскер, қамбаны дәнге лық толтырып жатса да мейлі ғой. Өкінішке қарай, олай емес. Кеңес заманында қаншама ғалымдар бұл жерді ұзақ уақыт зерттеп, егін егуге жарамсыз деп тауып, шөлейтке жатқызып, тек жайылым ре­тінде қолдануға болады деген. Оған дәлел – өткен жылы 400 гектар жерден 2 «КамАЗ» ғана жүгері дәнін алды. Майы, суы, басқа да қаншама шығындарын есептесек, олардың алған өнімі шығынның бір бөлігін де жаба алмайтыны анық. Мұн­дай шығынға саналы түрде ешкімнің жол бермесі белгілі. «Демек бұл үкіметтен субсидия алу үшін әдейі жасалып отыр» деген күдікті ой келеді. Неге десеңіз, биылғы алар өнімдері де мардымсыз болатынын көзіміз көріп жүр.

Тағы бір айтар мәселе – ауылымыздың төңірегі жусанды жер еді. Ал жусан қызыл кітапқа енген. Сорақысы сол, жусандарды тамырымен қопарып тастады. Сонда табиғат қорғаушылар қайда қарап отыр? Біздің бұл жанайқайымыз облыс басшыларының, үкімет мүшелерінің, ел ағаларының құлағына жетсе екен дейміз.

Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, Отырар ауданында жерге қатысты дау өршігелі тұр. Бұған кімдердің қатысы болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға қа­тысты нақты жауапты беретін адам табыла ма?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!