Құрбан айтта 15 ірі қара мен 1 түйе сойыпты

20.09.2017
Қаралды: 304

Өткен аптада редакциямызға шымкенттік Раушан есімді әйел келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, түрік этномәдени орталығының басшысы Латипша Асанов пен інісі Мұстафа екеуіне газет арқылы алғыс білдіруге келіпті. Раушанның айтуынша, бұл кісілердің ұйымдастыруымен кешегі құрбан айт мейрамында 15 ірі қара мен 1 түйе сойылып, оның еті қарапайым халыққа таратылған екен.

«Айт күні «Самал-3» мөлтекауданындағы «Нұр-777» мейрамханасының жанында тұратын жеңгем үйіне шақырған, – дейді Раушан. – Мейрамхананың жанында үлкен «навес» бар. Сол жерге ұзыннан-ұзақ стол қойылыпты. Оның үстінде ет деген үйіліп жатыр. Өткен-кеткен адамдар кезекке тұрып, тізімге жазылып, пакеттеп ет әкетіп жатыр. Жеңгемнен мұның мән-жайын сұрап едім, ол кісі таңертеңнен бері етті тегін таратып жатқанын, біздің де барып алуымызға болатынын айтты. Содан кейін мен таныстарыма айтып, төрт-бес отбасы болып жазылып, бәріміз ет алдық. Бұл етті кімнің таратып жатқанын білгім келіп, сол жердегілерден сұрап едім, облыстық түрік этномәдени орталығының басшысы Латипша Асанов пен ол кісінің Германияда тұратын інісі Мұстафа екеуі ұйымдастырғанын айтты. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ол кісілерге алғысымызды газет арқылы айтқымыз келеді. Және қарапайым халықтың қамын ойлаған осындай қолынан іс келетін азаматтардың қатары көбейе берсін деп тілейміз». 

Раушанмен сөйлесіп болғасын біз Латипша Асановқа қоңырау шалып, сұхбат алмақ болғанбыз. Алайда ол кісі жасаған қайырымдылықты жария етуге болмайтынын айтып, сұхбат беруге келіспеді. 

Ендеше, біз де жақсылығын жарияламайтын және ол үшін ешкімнен мақтау күтпейтін осындай қайырымды азаматтар көп болсын дейміз.

М. ЖҰМАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!