Маған «127 жыл өмір сүр» деген тілек айтты

19.09.2017
Қаралды: 566

Биылғы жыл біздің отбасымыз үшін қуанышы мол жыл болды. Осының ішінде әсіресе зайыбым Сапурамен шаңырақ көтергенімізге 50 жыл толған «Алтын тойымызды» ерекше атап өткім келеді. 

Өзімнің 75-ке, Сапураның 70 жасқа толуымызды біз осы тоймен қоса мерекеледік. «Алтын тойға» ағайын-туыс, құда-жекжаттар, дос-жарандар қатысты, ол әсерлі де қызықты болып өтті.75 жасқа толу да – жақсылық. Ал менің өмірімнің бұл жылдары қалай өтті? Осы орайда бұрыла бір көз жүгіртіп, өткен өмірімді сараладым.

Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келді. Уақытымыздың көбі бала сияқты ойнаумен емес, үйдің, түздің жұмыстарын істеумен өтті. Сондай қиын жағдайда жүріп те жақсы оқуға, үлгілі азамат болып өсуге талпындық. Көбіміз кейін институт бітіріп, түрлі қызметтер атқардық, абыроймен еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтық.

Денсаулығы нашарлау әкемді 1943-жылы жұмысшылар батальонына алған екен. Әкем Сталинград жақта түрлі жұмыстар атқарып, денсаулығы тіпті нашарлап кеткесін келесі жылы армиядан босатылған. Ол кезде жақсы ем-дом жасау да аз, содан әкем көп ұзамай 1946-жылы қайтыс болған. Анам жесір қалғанда 5 айлық балаға жүкті екен. Мен 4 жаста болатынмын. Алдымда 14 жастағы әпкем мен 6 жастағы ағам болды.

Анам колхозда жұмыс істеп, бізді аш-жалаңаш қалдырмай өсірді. «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, өтірік айтпаңдар, адал болыңдар, таза жүріңдер», – деп айтып отыратын. Оның сөзі біз үшін жазып қойған заңдай еді. Бәріміз де адал болып, таза жүруге тырыстық, ешқашан жаман атымыз шыққан жоқ. Қай жұмыста болсақ та қолымыздан келгенше адал еңбек еттік, алғыс алып жүрдік.

Енді, міне, 75 жасқа да жетіп, ақсақал атандық. Ұлдарыма, қыздарыма рахмет, бізге салмақ салмай, тойдың бар шығынын өздері көтерді. Немере-шөберелерім де тойға қатысты.

Алаштың асыл перзенті, дүние жүзі мойындаған, кітаптары әлем халықтарының 70 тіліне аударылған, 30-дан аса шет елдердің Құрметті профессоры атанған ақын Мұхтар Шахановтың келіп қатысуы тойымыздың мерейін асырып жіберді. Мұхтар құрдасым маған 127 жыл өмір сүр деген тілегін жеткізді. Өз кезегімде мен де Мұхаңа: «Осындай жасты сізге де тілеймін», – деп жүректен шыққан лебізімді білдірдім.

Тойымызға Өзбекстан қазақтары мәдени орталығы төрағасының орынбасары Шералы Садықов, аталған қоғамның белсенді мүшесі, кластасым Марат Арынов келіп қатысты. Олар мені Өзбекстан Республикасының 25 жылдығына және ондағы қазақ қоғамының 25 жылдығына арнап шығарылған төсбелгімен марапаттады.

Қазақстандағы өзбек мәдени орталығының атынан осы қоғамның белсенді мүшелері Абдурахым Пратов пен Рахымтай Бегалиев сөз алып,  Шералы Садықовтың өңіріне Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап шығарылған төсбелгіні тақты. Сондай-ақ бұл тойға Б.Момышұлы атындағы ішкі істер офицерлерін даярлайтын мектеп бастығының орынбасары, подполковник Айболат Маймақов ініміздің келіп қатысып, ізгі тілегін білдіруі көңілімізді бір марқайтты.

Жалпы, тойға қатысқан барлық азаматтарға сөз беріліп, олар өз жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты. Құдалар, сыныптас достар, Сапураның кластастары – бәрі де өз тілектерін жеткізді.

Мен тойымызға қатысқан барша азаматтарға мықты денсаулық тілеймін, Сіздер де «Алтын тойға» жете беріңіздер деген шын ықыласыммен шыққан тілегімді арнаймын.

Әрине, жастардың да құлағына – алтын сырға. Бүгінде үйленгеніне жыл өтпей, әрі кетсе екі-үш жыл ішінде ажырасып, қайтадан үйленіп жатқандар көп. Бұл бір сәнге айналып бара жатқандай. Осы келеңсіз жағдай мені қатты ойландырады. 

Осы орайда жастарға шаңырақ құрған соң оның беріктігін сақтаңдар дегім келеді. «Алтын тойға» жету деген – керемет қуаныш. Оған жету өз қолдарыңызда, бәрі де өздеріңізге байланысты. Мен Сіздердің баршаларыңызға осындай бақыт пен қуаныш тілеймін.

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!