Бір баласы ішінде, бір баласы сыртында, тентіреп жүр жас келін

19.09.2017
Қаралды: 355

Газетіміздің былтырғы нөмірлерінің бірінде «Аналар үйін» паналап жүрген әйелдердің тыныс-тіршілігі жөнінде мақала жарияланған еді. 

Осыған байланысты күні бүгінге дейін «Аналар үйіне» қалай баруға болатынын сұрап хабарласатын оқырмандарымыз көп. Сондай оқырмандарымыздың бірі өткен аптада түн ішінде телефон шалды.

Өзі Жетісайда тұрады екен. Ол кісі бізден «Аналар үйіне» қалай орналасуға болатыны жайлы сұрады. Айтуынша, Шымкентке ұзатқан қызын күйеуі түн ішінде телефонын тартып алып, өзін ұрып үйінен қуып жіберіпті. «Дәл қазір қызым түн ішінде бір баласы ішінде, бір баласы сыртында барар жер таппай Шымкенттің вокзалында сандалып жүр, – дейді әлгі әйел. – Біреудің телефонын сұрап алып: «Қайда барамын?» – деп жылайды. Мен өзім ауруханада жатыр едім. Қызыма ешқандай жәрдем бере алмай, қатты қиналып тұрмын. Тым құрығанда ауруханадан шығып, есімді жинағанша қызым сол жерді паналай тұра ма дегенім ғой. Қолында кішкентай сәбиі бар, оның үстіне аяғы ауыр қызым қай жерге барады енді? Бізге бір жолын айтыңыздаршы».

Ертесіне тағы да қоңырау шалып, қызының бір хабарын ала алмай қиналып отырғанын айтты. «Сегіз айлық баланы көтеріп, ішінде алты айлық шаранасы тағы бар қызым қай жерлерде қаңғырып жүр екен, – деп мұңайды. – Тым құрығанда телефоны болса да бір хабарын біліп отырар едім. Оны да тартып алыпты. Құдағиым да, күйеубала да телефондарын өшіріп тастаған, олармен де сөйлесе алмай отырмын». 

Осылай деп шырқыраған әйелге біз Шымкенттегі екінші «Аналар үйінің» координаторы Қалдар Тонтекованың телефон нөмірін бердік. 

Жалпы, «Аналар үйіне» кімдер баруына болады және қайда бару керек деген сұраққа келер болсақ, мұнда некесіз аяғы ауырлап, босанып қалған жас қыздар мен күйеуінен таяқ жеп, далада қалған келіншектер барып паналай алады. Яғни 13 пен 30 жастың арасындағы қыз-келіншектер. Баласы бір жарым жаста болуы керек. Алайда басқа барар жері жоқ қиын жағдайда тұрған әйелдерді әңгімелесу арқылы қабылдауы мүмкін. Мұнда әйелдерге психологиялық, құқықтық көмектер көрсетіледі. Тағдыр айдап «Аналар үйіне» барған әйел баласы бір жасқа толғанша тұра алады. Ал жетімдер үйінен шыққан болса, бір жарым жыл тұруына рұқсат етілген. 

«Аналар үйін» қалай табуға болады десеңіздер, ғаламторда «Ана үйі» деген сайт бар. Онда барлық қалалардағы «Аналар үйінде» жұмыс істейтін координаторлардың аты-жөндері мен телефон нөмірі көрсетілген. Ал ғаламторға кіруге мүмкіндігіңіз болмаса, 8-800-080-77-71 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Бұл телефон күндіз-түні үзіліссіз жұмыс істейді. Осы телефон арқылы барлық сұрақтарыңызға жауап таба аласыздар.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!