Соғымға сойылатын малдан да кесел келуі мүмкін

18.09.2017
Қаралды: 303

Күн салқындап келеді. Енді құнарлы асқа деген сұраныс арта бастайды. Сонымен қатар соғым маусымы басталады. Осы мал сою кезінде сақ болмаса, соңы өкінішке ұрындыратын қатерлі кесел жұқтыру қаупі көп.

Мәселе кенеден жұғатын конго-қырым геморрагиялық қызбасы жөнінде. Бұл тез таралатын вирус табиғи ортада кенеден бөлек әртүрлі жабайы жануарлардың (қояндар, ұсақ кеміргіштер, кірпілер) және үй жануарларының (ешкілер, қойлар, сиырлар, жылқылар және т.б.) ағзасында да болады. Яғни адам оны тек кенеден емес, жануарларды сою кезінде оның қанымен немесе басқа да сұйықтықтармен жанасу салдарынан да жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар оны күтіп-баптау және сою кезінде санитарлық тазалықты қадағалағаны дұрыс. Өйткені ауру мал қанының биологиялық сұйықтықтармен қорғалмаған теріге тиюінің өзі қауіпті. 
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы басқа да аурулар сияқты көпшілігіміз қарапайым санайтын белгілермен басталады: дене қызуы көтеріліп, бас, буын мен бел ауырады. Ал бірнеше күннен кейін мұрыннан, қызыл иектен, ине салған жерлерден қан кете бастайды. Сондықтан соғымға сойылатын малды арнайы рұқсат етілген орындарда жүзеге асыру керек. Ал шөп ору, бақша жемісін жинау кезінде денеге кене жоламау жағын қарастырған жөн. Ол үшін қалпақты комбинезон киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салуды ұмытпаңыз. Міндетті түрде жеңі бар көйлек кию керек. Киім ашық түсті болғаны өзіңізге жақсы. Сонда кішкентай кенелерді байқау қиындық туғызбайды. Ал дененің ашық жеріне кенеге қарсы құрал жағу керек. Бұл – сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді қорғайтын басты мәселе!
Малдың қысқы қора-жайын дәрілеуді ұмытпадыңыз ба? Ол да қауіп ошағы екені есіңізде болсын. Сондықтан ветеринарлық-шаруашылыққа хабарласып, мал қораларға және басқа жайларға кенеге қарсы өңдеу жүргізу керек. Қой қырқымы алдында да малдарға кенеге қарсы өңдеу жүргізу қажет. Малдағы кенелерді жоюға осы мақсатпен ветеринарияда рұқсат етілген акарицидтік құралдар қолданады.
Ал енді кене шаққан жағдайда не істеу керек, осыған тоқталайық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кенені алып тастаудың мынадай әдістемесін ұсынады: кенені қарапайым қысқышпен ұстаңыз. Кенені езіп алмас үшін қысқышты қатты қыспай, жұлқыламай, абайлап және ұқыпты түрде кері тартыңыз. Кене алынған жерді спирт немесе иодпен сүртесіз. Алынған кенені ыдысқа салып, оны қақпақпен тығыз жабыңыз. Кене шаққан адам міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Дәрігерлер сізді 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Дене қызуы көтерілген жағдайда емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Кене шағуға қатысты кез келген мәселелер бойынша аумақтық Қоғамдық денсаулық басқармасымен байланысуға болады.
Ж. ӘБІЛҒАЗИЕВА,
Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық қоғамдық
денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық 
қадағалау бөлімінің бас маманы.