Қазақтың жерін қазақтан қызғану – ақымақтық!

19.09.2017
Қаралды: 358

«Оралмандар» деген әңгіме айтылса, «қашқындар», «сатқындар» деп шығатындар және солай түсінетін адамдар да бар. Өзбекстаннан келген қазақты келекелеп, «өзбек», Қытайдан келгенін «қытай» деп айтатын бауырларыма айтар едім: Алдымен тарихты оқы. Қандай жағдайда қандастардың шет елде жүргенін біліп ал. Кейін өз тұжырымыңды айтарсың.

Кеңестік заманның сұрқия саясатының арқасында Ресейге өткен жерлер: 1. Оренбург (Қазақстанның 1919 – 1922-жылдардағы алғашқы астанасы Орынбор қаласы). 2. Астрахань (Астрахан). 3. Саратов (Сарытау). 4. Самара. 5. Тюмень (Төмен). 6. Омск (Омбы). 7. Томск. 
Төли бидің жатқан жері Ташкент бір кездері қазақтың Қызылордадан кейінгі астанасы болған. (1922 жылы 4-сәуірден бастап 22-тамызға дейін). 
Өзбекстанда қалған қалалар мен аудандар: 1. Ташкент (Шыршық, Бостандық, Чыназ, Қыбрай, Ангрен, Ғазалкент, т.с.с.) 2. Сырдария (Гүлістан, Бахт, Алмазар, Жаңа ауыл, т.с.с.) 3. Жыззақ (Достық, Фарыш, Бостан, Галларал т.т.с.) 4. Наваи 1982-жылы облыс дәрежесін алды. Оған дейін Бұхара облысы болған. (Канимех, Нұрата, Зарафшан, Үшқұдық, Тамды). Наваи облысының Нұрата кентінде Кіші жүздің биі Әйтеке би жатыр. 5. Қарақалпақстанда (Хожелі, Тахияташ, Тахтакөпір, Қоңырат т.с.с.)
Қытай еліне Сталиннің сыйға тартқан қазақ жерін ойласаң, жүрегің қалай ауырмайды? Алтай өңірінің бәрін тұтастай кесіп беріп, сол жақтағы қандастарымызды шетелдікке айналдыра салды. Осылай етіп Қазақстан жерінің көптеген аумақтарын бөліп беріп жіберді.
Ол жерлерде тұрып жатқан қазақтар өз ата-баба қонысында, өзінің туған жерінде, ата-бабасының сүйегі көмілген жерде отыр. Сондықтан оларды «қашқын», «сатқын» деуге қақың жоқ. Қазақтың үш биінен тек Қазыбек би ғана Қазақстанда, Төле би Ташкентте, Әйтеке би  Наваи облысының Нұрата ауданында жерленген. Сонда сол екі би қашып жүріп, сатқын болып өлді ме?!
Репрессия мен аштықтың кезінде көп қазақтың жер ауып көшкені – бұл амалсыздықтан. Ана баласының етін жеген, бауыр бауырды өлтіріп, әкеге бала қарай алмаған заманда ұрпағын аман сақтау үшін ауа көшуге тура келген. Шекара бойында Совет өкіметі қаншамасын жосадай қырып жібергенін білмесең, ізден, оқы. Ешкім туған жерін өз еркімен тастап кетпейді. Жол бойында қаншама басқыншылыққа тап болып, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркия, Иран, Үндістан, тағы басқа елдерге дейін босып кеткен.
Елде қалған қазақтар мықты, олар сатқын демес бұрын ойланғаның жөн. Репрессия кезінде қазақ қазақты сатқан. Ашаршылық кезінде кейбіреулер өз баласын, өз бауырын жеген. Біз сол қазақтардың ұрпағымыз. 
1962-жылға дейін Қазақстанда қазақтардың үлесі өте аз болған. Кеңес үкіметіне жұмысшы қолы керек болып шекарасын уақытша ашып, Қытайдан неше мыңдаған қазақтар елге өткен. Шекараны дереу жауып тастаған. Сонда арғы жақта өте алмаған қазақтарды қытайлар әскермен қайтарған. Елге өте алмай «елім-айлап» жылаған халықтың көз жасы көл болған екен.
Өз ата қонысын тастап неге Қазақстанға келгісі келді? Өйткені оларда елім, ұлтым деген сезім бар.
Қазақстанда қанша келімсектер жүр? Жеріңді солардан қызғанбай, өз қандасыңнан қызғану – сорлылық, бейшаралық. Қазақтан қазақтың жерін қызғануың – ақымақтық. Кім-көрінген сыйған жерге, кім-көрінген қарындасыңды жар етіп алып жатқанда үн шығаруға жарамай, ақылыңның жеткен жері қандастарымызды кемсіту болса, ол – құлдық санадан ажырамағаныңның белгісі. 
Сол қазақтардың да ата-бабасы осы жер үшін ғасырлар бойы ат үстінде соғысты. Сондықтан қандастарымыздың біз сияқты Қазақстанды өз Отаным, Атамекенім деуге толық қақысы бар. Олардың ата-бабасының аққан қаны мен тамған тері үшін. Мұстафа Өзтүрік, Қанат Ислам, Майра Мұхамедқызы, тағы басқалар шеттен келген қандастарымыз емес пе? 
Қазақ осы әлемдік жаһандану заманында ұлт болып қалу үшін күресуде. Қазақылық бойларында сақталған, кеңестік құлдық санада болмаған, дәстүріміз бен тіліміз сақталған қандастарымыздың елге келуі біз үшін үлкен көмек. Қазір мүмкін олардан айырмашылық білінер, бірақ ұрпақ ауысқасын олардың ұрпақтары осы өздерінің туған жеріне қызмет ететін болады. Қазақстандағы өз тілін білмейтін, салт-дәстүрін менсінбейтін, түрлі діни ағымдарға кірген бауырларымызға қарағанда, бойында иманы бар, дәстүрлі дініміздегі қандастарымыздың елімізге тигізер пайдасы мол. Қазақ қайда болса да – қазақ! 
«Сен шеттен келгенсің», «сен ана рудансың», «сен ана өңірденсің»» «сен...» деушілерге батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Мен – бір қазақ емеспін, мен – тұтас қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес», – деген сөзін айтқымыз келеді.
Бөлінгеннен ұтқан жеріміз болды ма? Сырт күштердің әр уақытта  қазақты қазаққа айдап салғанынан тек қазақтар ғана зардап шеккен. Ендігісіне жол бермеу керек. Сабыр Адайдың сөзімен айтсақ: «Әр қазақ – менің жалғызым». Осы ұстаным – қазіргі қазақты тығырықтан шығарар жол.
(Мақала «Бөрілі Байрақ» тобына тиесілі).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!