«Байалдың» да, «қылтимаң» да оңып тұрған сөз емес

19.09.2017
Қаралды: 416

Мені өз ұлтымның бұрыннан келе жатқан сөздері ұмытылып, оның орнына қате аудармалар қаптап кеткені қынжылтады. 

Осындай сауатсыздықтың нәтижесінде балаларымыз өз тілін жетік білмей жүр. Кезінде біз орысша білмегеніміз үшін небір теңеу сөздерді естідік. Енді қазақша білмегеніміз үшін тағы ұялып жүрмейікші. Ол үшін кейбір сөздерді аударма жасағанда халықтың талқысына салып, қай сөзді қолданған жөн екенін анықтаған дұрыс деп ойлаймын.

Мысалы, «малина» бізде тауда да, сайда да өсетін бүлдіргеннің бір түрі. Бала кезімізде оның қызыл, қара түрін теріп жейтінбіз. Балғын бөбектерді тәтті қылығына қарай сол бүлдіргенге теңеп, бүлдіршін дейтінбіз. Өйткені бүлдірген жегенде алақан мен ауыз айналасы қып-қызыл болып боялып, «бүлініп» шыға келеді. Ал енді осы бүлдіргенді бүгінгілердің таңқурай деп аударғаны маған түсініксіз. Мағынасына үңілсеңіз, таң және қурай деген сөз шығады. Оның тәп-тәтті жеміске қандай қатысы бар, түсінбеймін.

Қызанақ деген сөз де маған «қылтамақ» деген сияқты қолайсыз естіледі. Жаман ауруды еске салады.  Біздің әжелеріміз оны «пәмілдәрі» деп атайтын. Әжем ғана емес, мен білетін алыс-жақындағы жұрттың бәрі солай атаушы еді. Негізі оның отаны – Испания. Яғни біз тезірек құтылғымыз келіп жүрген орыстың сөзі емес. Оны аударғысы келсе, орыстар лайық сөз таппай қалған жоқ. Біздің одан үрке қашып, естілуі мен айтылуы қолайсыз әрі бұрын-соңды қазақта болмаған сөз тауып алуымызға жол болсын? 

Басқасын қойшы, баклажанды айтайықшы. Оны баялды депті. Бұл орыстардың сөзі емес. Оны барлық ел солай атайды. Тек біз ғана «бай алды» деген сөзге ұқсас жағымсыз аударма тауып алдық. Сәтсіз аударма! Қазақта бұрын-соңды болмаған сөз. Қазір ауыл-елде банка жауып жатқан келіндер: «Анау не еді, әлгі, бай алды ма, алмады ма, соны әкелдік», – деп қалжыңдап жатады. Бұған күлудің керегі жоқ. Өйткені ол «баялдыны» біздің қабылдай алмағанымызды білдіреді. Осы сөзді ойлап тапқан адам өзінің, сөздің қалай мазақ болып жатқанын естісе ғой, шіркін!

«Балкон» сөзін де қылтима деп аударып қойыпты. Қазақта бұрын-соңды балкон деген сөз тұрмақ, оның өзі де болған емес. Сондықтан бұл сөзді сол қалпында қалдыра салу керек еді. Өйткені ол санамызға сіңіп, үлкен-кішіге түгел үйреншікті болып қалған сөз. Ал егер орыстардан сөз алғысы келмесе, сөздік қоры көп қазағымда бұдан артық лайық сөз болмай қалды дегенге сене алмаймын. Қалай десек те, қылтима деген мәні мен мағынасы жағынан да дұрыс аудармаға жатпайды.

Мен тау жағалай тұрған ауылда өстім. Бізге жақын жерде бал арасын өсіретін ағай болушы еді. Оны бүкіл ауыл «Бал арашы ағай» дейтін. Түбірі де, мәні де түсінікті сөз құлаққа тез қонып, санаға жеңіл сіңеді. Мысалы, жылқы бағатын кісіні – жылқышы, қой бақса – қойшы, егін еккен жанды – егінші дейміз. Түбір сөзден алыстамаған соң тез түсінесің, қабылдау да жеңіл. Ал оны қазір омарташы деп атайды. Келісу қиын.

Айта берсем, соңғы кездері кітап оқудан, балаларға сабақ оқуға көмектесуден қорқатын болдым. Өйткені қисыны, мәні, тіпті түбірі белгісіз, біздің қазаққа мүлде жат сөздер кездескенде баланы білімге баулудың орнына, санасын тегімізде болмаған сөздермен улап, тарихымыздан алшақтатып жатқандай сезінемін өзімді. 

Ақжарқын МЕЙІРҚЫЗЫ.

Шымкент қаласы.

Ақжарқын Мейірқызының байланыс нөмірі – 8-775-190-32-90.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!