Оғыз ДОҒАН: «Қазақтар ешкімнен қаймықпауы қажет»

19.09.2017
Қаралды: 867

Таяуда ғана «Эйр Астана» әуе компаниясы мен Оғыз Доған есімді түрік азаматтың арасында қазақ тіліне қатысты келіспеушілік туындағаны көптің есінде болар. 

Әуе компаниясының бортында отырған Оғыз Доған жолсерік қыздан өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған. Алайда Оғыз мырзаның бұл талабы орындалмай, оған тіпті тәртіпті орындамағаны үшін 6 мың 800 теңге көлемінде айыппұл салынған. Содан бері біраз уақыт өтті. Аталған оқиға шын мәнісінде қалай өрбіді? Соңы немен аяқталды? Мұны Оғыз Доғанның өзінен сұрадық.

– Оғыз мырза, жалпы, оқиға қалай өрбіп еді?

– Маған жолсерік қыз келіп, орысша сөйледі. Мен одан мәдениетті түрде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін сұрадым. Орыс тілін түсінбейтінімді айттым. Алайда ол қыз сосын ағылшынша сөйледі. Мен өзімнің журналист екенімді, арадағы келіспеушілікті таспаға жазып жатқанымды ескерттім. Сонда да олар қазақ тілінде қызмет көрсетпеді. Тіпті соңында айыппұл салынды. Мен оны төлеуге әзірмін, 6800 теңге ердің құны емес қой. Мені қынжылтатыны, сол ұшақта отырған талай қазақ азаматтардың біреуі «мына түріктің айтып отырғаны дұрыс қой» деп қолдау білдірген жоқ.

Ол – халықаралық әуе қызметі. Егер олар маған келіп, қазақ тілінде «Орындықты көтеріңіз, белдемшені тағыңыз» десе, мен оны бұлжытпай орындар едім. Маған қазақ тілінде айтсын деп талап қойдым. Бұл енді принциптің мәселесі.

– Оқиғаның соңы немен аяқталды, кімдікі дұрыс болып шықты?

– Әлі біткен жоқ. Мен таяуда ғана қазақтың зиялы азаматтарымен кездесіп, ақылдасып, «Эйр Астана» әуе компаниясына бірнеше тармақтан тұратын талаптарымызды, ұсыныстарымызды жолдағанбыз. Алайда оның бірі де орындалмады. Сол себепті мен алдағы аптада аталмыш компанияның үстінен сотқа шағым түсірдім.

– Өзіңіз жайлы айта өтсеңіз... Түркияның қай қаласынан боласыз?

– Мен 1973-жылы Стамбұл қаласында дүниеге келгенмін. Мамандығым – түрколог. Филология ғылымдарының докторымын. Докторлық диссертациямды «Қазақ тілінің фонетикасы» деген тақырыпта қорғағанмын. Түркологияның ішінде қазақ тілінің маманымын деп нық сеніммен айта аламын.

Мен кішкентай кезімнен Қазақстанға баруды аңсайтынмын. Себебі бізде бірінші сыныптан бастап мұғалімдер де, ата-аналарымыз да түріктердің атамекені – Орта Азия, оның ішінде Қазақстан екенін құлағымызға құйып отырады. Соның әсерінен шығар, Қазақстанға барсам, ата-бабамның кіндік қаны тамған жерді көрсем, сонда қызмет етсем ғой деп көп армандайтынмын. Сол арманның жетегінде жүріп, 1994-жылы университетті бітіріп, 5-6 ай мұғалім болып еңбек еттім. Қазақстанға бару үшін жалақымды тиынына дейін жинадым. 1995-жылы ұшақтан түскен кездегі әсерімді, көңіл-күйімді әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Қатты тебіреніп, Қазақстанның жерін сүйгенмін.

Келгесін Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Шымкентте, Кентау қаласында, Мақтаарал ауданында мұғалім болып еңбек еттім. Ал қазір Қырғызстанның астанасы – Бішкекте тұрамын. Түркиядан қазақ және түрік тілінде шығатын «Қазақ елі» деп аталатын журналдың тілшісі болып істеймін. Бұл журнал барлық түркітілдес халықтардың мәдени, әдеби жаңалықтарын елге жеткізу мақсатында шығарылады.

– Қазақ тіліне, оның қолдану аясына қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Қазақстан өзге елдерге қарағанда аса момын, жуас ел. Тәуелсіздігін алса да, тілге келгенде тартыншақтай береді. Осы жағынан алып қарағанда, қазаққа бір серпіліс керек боп тұр. Әсіресе тіл мәселесіне келгенде, тік тұрулары керек. Тіл жойылса, ел де біртіндеп жойылады.

Сондықтан әлгі «Эйр Астана» секілді жалпыға қызмет көрсететін компаниялардың қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап ету керек. Қазақстанға шеттен туристер көптеп келеді. Солар «Қазақстанда мемлекеттік тілдің құны бес тиын екен» деп күліп кетпеуі үшін бәрі жұмыла түсуі керек. Әр адам қазақ тілін қолдануды, оны құрметтеуді өзінен бастаса, дұрыс болар еді.

Негізінде, қазақ – көкбөрінің ұрпағы, ата-бабалары ешкімге бас имеген, жауын басына шығармаған батыр болған ғой. Сол себепті қазіргі қазақтар да ешкімнен қаймықпауы қажет. Өздігінен ешкімге соқтықпасын, сондай-ақ өздерін ешкімге басындырмауы керек. Қазақстандағы өзге ұлттың өкілдері де қазақ тілінің алдында бас июі үшін, алдымен, қазақтардың өзі тіліне жанашырлық танытсын.

– Бірнеше күннен бері латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме айтылуда. Сіз бұған байланысты не айтасыз?

– Латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы өз басым қолдаймын. Алайда кейбір азаматтардың жасап шығарған нұсқаларымен мүлдем келіспеймін. Негізі түркі халықтарының мәдени, әдеби, ары-беріден қоғамдық-саяси бірлігі үшін Түркияның латын алфавитінің негізінде жасалуы керек деп ойлаймын. Олай етпесек, түркітілдес халықтардың ауызбіршілігі жоқтығын, бөлінгенін білдіреді. Жалпы түркітілдес елдерде болып жатқан түрлі саяси, әлеуметтік қақтығыстарды тек бірігу арқылы ғана жеңе аламыз деп есептеймін.

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.