Қара бастың қамын күйттемей, халықтың да жайын ойлаңдар

18.09.2017
Қаралды: 518

Мен 1942-жылы 28-наурызда өмірге келіппін. Туған жерім – Өзбекстанның Орта Шыршық ауданындағы қазіргі Сунақ ауылы. Онда сунақ ағайындар қазір де тұрып жатыр.

Елге беріле еңбек еткен едік

Біздің балалық, жастық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдарына, 1960-жылдарға дейін созылған қиыншылық кезеңге тура келді. Бүтін киім кимей өстік, азық тапшылығын, нан тапшылығын – бәрін де бастан өткердік.

Бабаларымыздың «Бір аштықтың артында бір тоқшылығы бар» дегеніндей, сол 1960-жылдары ел ішінің жағдайы түзеле бастады. Біз, 16 бала 1959-жылы қазақ мектебінің 10-сыныбын жақсы оқып бітірдік. Соның ішінде 12-сі жоғары оқу орындарына түстік. Мен Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірдім. Оқуымызды бітіргесін түрлі жауапты қызметтер атқардық. 

Өкінішке орай, сол құрбы-құрдастардың жартысынан көбі қазір бұл өмірде жоқ, бақилық болған. Қалғанымыз жылда бір мәрте бас қосып тұрамыз.

Балалық шағымыз қиындыққа толы болғанымен кейінгі өміріміз жақсы өтті. Бізде жұмыссыз қалу деген тіпті де болған емес. Коммунистік партия мүшесі болғандықтан партияның өзі мамандығымыз бойынша жұмысқа жолдама беріп отыратын. Өз басым ешқашан да мені мына жұмысқа ал деп айтқан емеспін. Қызылорда облысында түрлі жауапты қызметтер атқардым, басшылар пара сұрамай-ақ, мына жұмысқа сені лайық көріп отырмыз деп өздері ұсыныс айтып, ақылдасатын. Ауыл шаруашылығында 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, сол саладан зейнеткерлікке шықтым.

Олар адал жолмен байып жатыр ма?

Ал енді қазіргі жағдайды сараптап көрелік. Бүгінде университет бітірген жоғары білімді көптеген мамандар жұмыссыз жүр. Жұмысқа кіру үшін пара алатыны жасырын емес. 

Мұның қиындығы өте көп. Біріншіден, ақы беріп жұмысқа кіруді жас маманның қалтасы көтермейді. Екіншіден, сол ақшаны берген күннің өзінде ешқандай кепілдік жоқ, бастық есебін тауып орнына басқа біреуді алып, тағы да сол пара сұрауды ойлаумен болады. Сондықтан да қазір жас мамандардың көбі «құлбазардан» жұмыс іздеп жүр.

Осыдан кейін балаңа қалай бала тудыр деп айта аласың? Ол баланың келешегі қалай болады? Кейде енді туылған балалар келешектегі байларға құл бола ма деп ойлап ұйқым қашады.

Ал сол байлар қайдан пайда болды, қалай тез байып, «джип» мініп жүр? Егер таза кәсіпкер болып, жұмысы алға басып, байыса, сөз жоқ, оны қолдау керек. Кей мемлекеттік қызметкерлер айлық жалақысымен байып жатыр ма? Әй, қайдам?.. Қалай байығаны түсінікті ғой. Өзім де кезінде мемлекеттік қызметкер болдым, айлықтан айлыққа зорға жететінбіз.

Кеше ғана газеттен оқыдым, Өзбекстанның жаңа Президенті үлкен жиында: «Біздегі ең үлкен ұрылар – мемлекеттік қызметкерлер» деп ашық айтыпты. Облыс әкімдерінен бастап, прокурорлар, соттар, полиция басшылары, тағы басқаларды осылай атаған ол бес-алты облыс әкімдерін, аудан әкімдерін, прокурорлар мен соттарды шетінен қызметінен босатып жатқаны өте құптарлық жағдай. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін осындай шұғыл шаралар керек-ақ.

1,5 миллион доллар пара алған адам неге жазаланбады?

Жақында өзіміздің «Қорғас» бекетіндегі бір кәріс 1,5 миллион доллар парамен қолға түсті, оның орынбасары да ұсталды. Сол кәріс кінәсін толық мойындады, бірақ қамалмай, соттың шешімімен босатылды. 1500 теңге пара алған қазақты соттайды, ал 1,5 миллион доллар пара алған кәрісті жауапкершіліктен босатады. Осы да әділдік пе? Журналистердің бұл қалай деген сұрағына Бас Прокурор соттың сондай шешім шығаруға құқы бар деп жауап берді. 

Сонда қалай, прокуратура қайда қарап отыр? Соттың қолында сондай билік болса, прокуратура оған заңды түрде ықпал ете алмаса, онда оны  халықтың ақшасына ортақ қылмай, таратып жіберу керек қой. 

Кеше ғана тағы бір заң шықты: Парақорлар мен алаяқтардың мүлкін тәркілеу үшін олардың қылмысын дәлелдеу керек екен, дәлелдемей тұрып тәркілеуге болмайды-мыс. Бұл заңды жоғарыдағылар өздеріне ыңғайлап жатқаны көрініп тұр.

Бір айлық жалақымен ешкім де байып кете алмайды. Ал алаяқтар мен парақорлар арамнан жиып байи алады. Оны қарапайым халық жақсы біледі. Сонда жаңағы заң кімді қорғайды? Парақор дүние-мүлкін өз атына рәсімдейтін ақымақ емес. Мүлкін жаздыртса, ағайын-туыс, құда-жекжат, қайын жұртына жазады, оны әрине, ешкім ала алмайды. Оның арам жолмен табылғанын дәлелдеу аса қиын. Сондықтан мен нақты дәйекпен ұсталған парақорлар мен алаяқтарға қосып әке-шешесі мен туған-туыстарының да мүлкін тексеру керек деп айтар едім. Сонда ғана шындықтың беті ашылады.

Өзбекстан Президентінің ықпалымен қазір Каримовтың қызы Гүлнара ұсталып, қамауда отыр, үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. 1 миллиард доллар ақшасы бары анықталыпты. Ол соны маңдай терімен тапты деп айта аламыз ба? Жоқ, олай айта алмаймыз.

Қоғамға кесірі тиетіндердің барлығын атып тастау керек

Бүгінде қоғамымызды жайлап бара жатқан жемқорлық-парақорлықтан басқа теріс діни ағымның жетегінде кетушілер, лаңкестер, маньяктар, жезөкшелер, туған баласын далаға тастайтын «көкек-аналар» сияқты проблемалар да көбейіп отыр. Мен мұндайларды Қазақстанның халық жауы деп айтар едім. Қазіргі кезде еліміз үшін бұлардан асатын жау жоқ, сондықтан олар үшін ату жазасын ендіру өте қажет. Өйткені бұларды жай сөзбен үгіттеп жолға салу қиын, сондықтан бірден көзін құрту керек. Елдегі тәртіпті өте қатал заң ғана жолға қояды. Солқылдақ заңнан пайда жоқ.

Жақында газеттен Нұрлан Ерімбетовтің парақорлар мен алаяқтарды ұсталған жерінде атып тастау керек дегенін оқыдым. Өз басым оның осы сөздеріне толық қосыламын. Атылатындарға маньяктар мен жезөкшелерді де қосса  дұрыс болар еді. 

Адам өлтіргендерді де ату керек. Өмірлік түрмеде отыру жазасына кесу дегеннің не керегі бар? Бұл барып тұрған ақымақтық қой. Оларды халықтың адал еңбекпен тапқан қаржысымен асыраудың қажеті жоқ. Қазақстанның халық жаулары ретінде олардан тек өлтіріп қана құтылуға болады.

Депутаттарымызға айтарым мынау: Өз қара бастарыңды ойлай бермей, халық үшін ең қажетті заңдар қабылдауға бет бұрыңдар. 

А. ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,

зейнеткер.

Автордың байланыс телефоны – 8-702-485-01-83.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!