«Гаишниктің» иттігі

14.09.2017
Қаралды: 471

Бір жігіт «Шымкент-Жетісай» бағытында кетіп бара жатып жол ережесін бұзған көрінеді. Қармаққа ілінгенді қалт жібермейтін көкелері қолын ысқылап жетіп келеді. 

Келіссөздер жүріп, әдеттегідей мәшине ішіндегі әжік-гүжік әңгімелер басталып кетеді. Не керек, бұл жолғы келіссөздер екі жаққа да тиімді жолмен шешімін тапқандай болады. Яғни «гаишник» пен шопыр бала «айыппұл төлеп, үкіметті жарылқамай-ақ қояйық» деген ортақ мәмілеге келіп, шопырдың қалтасынан 12 мың теңге жол сақшысының қалтасына ешқандай рәсімдеусіз аударылады.

Сонымен «құда да, құдағи да тыныш» дегендей, екі тарап та бір-біріне ризашылық сезімдерін білдіріп, қайта-қайта қол алысып, қимай қоштасады. Қомақты қаржысы қолды болған шопыр бала «бәле-жала осымен кетсін, бастан құлақ садаға» деп білген мақалдарымен өзін-өзі жұбата отырып, үйіне кештетіп жетіп те алады. Сөйтсе, мәселе мұнымен біте қоймаған екен. Екі күннен кейін оның атына 22 мың теңгеден аса айыппұл төлеу керектігін ескерткен хабарлама келіп тұр дейді... 

Абайламасаңыздар, Оңтүстік «гаишниктерінің» «екі жеп, биге шығатын» осындай да иттік әрекеттері бар екен.

Тұрсынбек ТҰРАПБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!