«Өрлеу» жобасы кімдерге көмек береді?

14.09.2017
Қаралды: 450

Елімізде табысы төмен, қаражатқа мұқтаж отбасыларға шартты ақшалай көмек беретін «Өрлеу» жобасының жұмыс істей бастағанына да үш жылдың көлемі болып қалды. Алайда бұл жобаның мақсатын толықтай түсінбегендер әлі де көп. Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

– Сәтжан Мұхтарұлы, алдымен «Өрлеу» жобасы жайлы түсіндіріп беріңізші...
– Жалпы, бұл «Өрлеу» жобасының негізгі мақсаты – аз қамтамасыз етілген отбасыларды кедейлік шегінен шығару. Алғаш рет пилоттық жоба ретінде 2014-жылы  Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан бастау алған.  2015-жылдың 1-шілдесінен бастап еліміздің барлық өңірлерінен жобаға қатысатын пилоттық аудандар белгіленді. Сол кезде біздің облыстан Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандары енгізіліп, 139 отбасыға 23 миллион теңгеге шартты ақшалай көмек көрсетілген еді. Сол кезде шартты ақшаны алған отбасылардағы еңбекке жарамды 169 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. 
Ал 2016-жылы жобаға барлық аудандар мен қалалар қатысты. Сөйтіп біздің облыстағы 1630 отбасыға 445 миллион теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалып, отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің 95,2 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. 
Енді биылғы жылдың 1-тамызына дейінгі есепті айтар болсақ, 14 мың 457 отбасындағы 83 мың 306 адамға 4,2 миллиард теңге тағайындалды. Оның ішінде 17 мың 406 еңбекке жарамды адамдардың 15 мың 764-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, соның ішінде 13 мың 228-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.  
– Сонда бұл жобаға кімдер қатыса алады? Шартты ақша кімдерге тағайындалады?  
– «Өрлеу» жобасына аз қамтамасыз етілген отбасылар қатысады. Аз қамтамасыз етілген отбасылар қалай анықталатынын түсіндіріп өтейін. Жалпы, «Күнкөріс деңгейі» деген ұғым бар. Ол бүгінде 22 мың 690 теңгені құрайды. Айлық табыс отбасындағы әрбір мүшеге шаққанда күнкөріс деңгейінің 60 пайызына жетпесе, ол аз қамтамасыз етілген отбасыға жатады.
Мысалы, бір отбасында 5 адам бар делік. Олардың бір айлық табысы – 30 мың теңге. Отыз мың теңгені бес адамға шашқанда 6 мың теңгеден түседі. Ал күнкөріс деңгейі 22 мың 690 теңгенің 60 пайызы, яғни 13 мың 760 теңге болады. Сонда әр отбасы мүшесіне шаққандағы 6 мың теңге мен күнкөріс деңгейінің 60 пайызы 13 мың 760 теңге екеуінің аралығындағы қаржы отбасының әрбір мүшесіне төленеді. Әрқайсысына бөлінетін 7760 теңгені 5 адамға көбейткенде бір айға 38 мың 800 теңгеден түседі. Мұны ай сайын немесе тоқсанына бір алуына болады. Егер тоқсанында бір алам десе, 116 мың 400 теңге шығады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл – шартты ақшалай көмек. Ол аз қамтамасыз етілген отбасының еңбекке қабілетті мүшесін міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы беріледі. Былайша айтқанда, масылдықты жою деген сөз. Қазіргі беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмек пен 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысында еңбекке қа¬білетті азаматқа жұмыс ұсынылады, ол істемеймін деп бас тартса да атаулы әлеуметтік көмекті ала береді. Ал «Өрлеу» жобасында жұмыс ұсынады, одан бас тартқан жағдайда «Өрлеу» жобасына қатысу құқығынан айырылады. 
– Жұрттың арасында мынадай сөз жүр: Келер жылы атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылады дейді...
– «Өрлеу» жобасы биылғы жылдың соңына дейін жоба ретінде кетеді де, 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап қазіргі беріліп жатқан 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы, төрт баладан асқан отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек – осы үшеуі біріктіріліп, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына көшеді. Ол жерде бүгінгідей бөлек-бөлек төленбейді, бір-ақ төлем жасалынады. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл ақша отбасының еңбекке жарамды мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысқанда ғана беріледі. Яғни отбасына ақшалай көмек беріледі және жұмыспен қамтиды. Осылайша бір жылға дейін отбасыға табыс екі жағынан түсіп, кедейлік шегінен шығып, өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға жетеді деген үміт бар.
«Өрлеу» жобасының тағы бір артықшылығы, адам бүгінгідей әр тоқсан сайын құжат жинап әуре болмайды. Құжатты өткізгеннен кейін учаскелік комиссия отбасының жағдайымен танысып, жобаға қатысуға болады деп оң қорытынды берсе, әрі қарай жұмыспен қамту орталығы мен жобаға қатысушы отбасы арасында келісім-шарт түзіледі. Онда отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамтуға келісім беруі тиіс. Сөйтіп алты ай бойы төлем төлеуді бастайды. Егер осы алты ай бойы әлеуметтік келісім-шарт бұзылмаса, төлем әрі қарай тағы алты айға созылады. Яғни бір жинаған құжатыңызбен бір жыл бойы ақша төленіп отырады.
– Келісім-шарт бұзылған жағдайда алған ақшаны кері қайтаруы тиіс пе? 
– Жоқ. Кері қайтарылмайды. Сосын біреулер бұл ақша қанша процентпен беріліп жатыр деп сұрайды. Бұл жерде ешқандай процент жоқ. Тек әлеуметтік келісім-шартта көрсетілген шарттарды орындасаңыз жеткілікті. Онда адам орындай алмайтындай қиын шарттар жоқ. Ай сайын есеп берсе және ұсынылған жұмысқа барса болды.
«Өрлеу» жобасының басты мақсаты – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Егер тұрақты жұмыс табылмаған жағдайда уақытша жұмыс тауып береді, ол болмағанда арнайы мамандыққа оқытып, жұмысқа орналастырады. Бұлар болмаған жағдайда жұмыссыз азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне болады. Тоқсанында бір алатын қомақты ақшаға ауылда тұратындар сиыр, тауық алса, қалалықтар тігін машинасын немесе шаштаразға қажетті заттар алып, табыс тауып, өз істерін бастап кетсе болады. Осылайша жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шағын бизнес бастаған азаматтар кейін басқа да жобаларға қатысуына болады. 
– «Өрлеу» жобасына қатысушы азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе де болады ғой?
– Әрине. Жұмыспен қамту шаралары болмай қалған жағдайда ғана осындай ұсыныс беруі мүмкін. Бірақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге ешкім міндеттемейді. 
Сұхбаттасқан – Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!