Асыл тастар арқылы дауа дарытатын адам

13.09.2017
Қаралды: 1241

Бұл кісі емші де, көріпкел де емес. Ол бар болғаны асыл тастармен «сөйлесетін» адам. Гүлнәр Ордабекова (суретте) өзін солай атайды. Тастардың күш-қуаты арқылы ауруды аластап, отбасының берекесін қалпына келтіруге көмектесіп жүрген ол кісіні біз сөзге тартқан едік.

 
– Гүлнәр Сайыпханқызы, әдетте емші-балгерлер құран кітап, қамшы, тәспі секілді құралдармен қаруланады. Ал сіздің бөлмеңізде моншақ сияқты түрлі тізілген және бос жатқан тастар көп. Әшекей сататын дүкен сияқты әсер етеді екен. 
– Жай ғана моншақ сияқты көрінгенімен бұл тастардың әрқайсысының өзінің тылсым қасиеті бар. Солар арқылы мен ауруды адам бойынан аластап, кесір мен қырсыққа тап болғандардың жолын ашамын. Не себепті қиындыққа тап болғанын анықтап, ісі алға басуына, берекесі артуына көмектесемін. 
– Қалай? Толығырақ түсіндіріңізші.
– Алдыма келген адам маған ештеңе айтпаса да болады. Көзіне қарап, сосын алақанын бір сипап өткеннен-ақ оны не мазалайтынын біліп тұрамын. Алақанына үш түрлі тас саламын. Соны ұстап отыруы керек. Сәлден кейін әр тасты бөлек алып, олармен сөйлесемін. Тастар маған бұл адамның мінезін, өміріндегі қиындықтың себебін түгел білдіреді.
Жазда бір студент қыз келді. Сөз байласқан жігіті сертінен тайып, өзгеріп жүр екен. Алдандым деп жылаған қызға жолым ашылсын десең үнемі жаныңда ұста деп үш тас беріп жібердім. Үш күннен кейін сол тастармен сөйлесіп, оның бағы жанып, бақыты ашылуы үшін не істеуі керектігін түсіндім. Араларына түскен адам тылсым әрекетпен сезімдерін суытуға күш салған екен. Оған қорған болсын, әрі махаббаттары беки түссін деп, ұсақ гранат тастардан жасалған моншақты беріп жібердім. Екі айдан кейін ол қыз сүйіншісін айтып, «тәтті шайға» шақырды.
Сол сияқты аралары суынған ерлі-зайыптыларға да жолын ашып, отбасының бақытын арттыруға көмектесетін тастар беремін. Саудам жүрсін, бизнесім алға бассын, денсаулығым түзелсін деп келетіндер бар. Қарызға батып қиналғандар көп. Әрқайсысына жағдайына қарай керекті тастан тәспі, білезік, моншақ тізіп беремін. Бұл жерде тастардың санына да, олардың тылсым сырына да мән беру маңызды.
– Тастардың сырын қалай үйрендіңіз? Оларды қайдан алдырасыз? 
– Түп нағашым кезінде құмалақшы болған екен. Ол бірақ құмалақтарын «асыл тас» деп атаған. Ауруды да, болашақты да сол тастары арқылы анықтаған. Ал біз атеистік дәуірде өмір сүрдік, мұндайға сенбедік. Кейін 13 жасымда қатты ауырдым. Жүрегім қысылып, құлап қала беретінмін. Әкем естіген-білген дәрігерлердің бәрінің алдынан өтті. Мәскеуге апарғаны да есімде. Ешкім ештеңе айта алмады. Ал мен жүрегім қысылып, алқынып, ауа жетпей қиналғанда қолыма тас, моншақ ұстасам жеңілдеп қалатынмын. Онда да бертінге дейін мойындамай келдік қой. Түрлі салада қызмет еттім. 
Осыдан екі жыл бұрын мұсылман дінін қабылдаған Александр деген жігітпен кездейсоқ таныстым. Ол Малайзия, Тайланд, Үндістан, Қытайдан асыл тастар алдырып, тәспі істеп, бүкіл әлемге таратады екен. Кейін басқа бизнеске ауысыпты. Мені көрді де: «Тастардың бағы ашылды. Олар сізді күтіп тұр. Дұрыс сөйлесіп, жақсылыққа жаратыңыз», – деп көп етіп тастап кетті. Әлемде жылына бір рет асыл тастар жәрмеңкесі өтеді. Былтыр ол Тайландта, биыл тамыз айында Үндістанда өтті. Ол жақтан да қиналған жанның жолын ашатын бирюза, арақты қойдыратын фионит, ауыртпашылықты алатын, махаббатты маздататын қызыл гранат, қарғысты қайтаратын аметист, ақша шақыратын жасыл нефрит сияқты тастар әкеліп берді.
– Бұл тастар шынымен көмектесе ме?
– Шүбә келтірсеңіз, сынап көруіңізге болады. Рас, басында қай тастың қалай қызмет ететінін түсінбей қиналдым. Ал бас тартсам бала кездегідей қатты қысылып ауырамын. Сосын оларды қолыма алып, алақаныма салып, үнсіз сөйлесе бастадым. Сауда жасайтын бір апайға тілек айтып, білезік сыйлап едім, ол жолы жүре бастағанын айтты. Осылай мен де тәжірибе арттырдым. Қазір бір басына бірнеше проблема үйілген адамға үш күнге үш тас беріп жіберемін. Тастар иесінің бойындағы ауырлықты өзіне тартады, әрі санадағы ақпаратты бойына сіңіреді. Ал мен ол тастармен сөйлесіп, не болғанын, оның себебі мен шешілу жолын айтып беремін. Өткенде бір жігітке оның шетелден тауар алдыру үшін бір танысына қомақты ақша беруге бел буғанын айттым. Қалай білдіңіз деп таңқалды. Бұлай істесе алданатынын да ескерттім. Сенбеді. Бір айдан кейін алдандым деп келіп тұр.
Жақында күйеуінің жеңіл жүрісінен шаршап, ажырасуды ойлаған бір әйел келген. Тастар маған ол отбасыда қарғыс барын айтты. Ауыртпашылықты, тіл-көзді алатын, аура тазалайтын тастардан білезік бердім. Біртіндеп жағдайлары түзелді. Бұларды жай тас деп қарауға болмайды, оны тұмар деп қабылдау керек. 
– Қарғыс туралы айтып қалдыңыз...
– Біз біреуге қатты ашуланғанда, ренжігенде ұрсып, тілдеп қоямыз. Сөздің де киесі бар емес пе? Содан реніш арқалаған адамның жолы жабыла бастайды. Ғылыми тілде оны аура кірлейді дейді. Мұндайда мен аметистің тылсым қасиетін иесіне бағыттаймын. Сол тасты үнемі жанында ұстап жүруі керек. Иә, тастар бірден көмектеспейді. Олар адам бойындағы жайсыздықты өз бойына сіңіре бастайды. Ал тылсым күшін иесіне жұмсайды. 
Бірақ иесінің бойындағы жайсыздықты өзіне тартқан сайын оның күші әлсірей бастайды. Сондықтан аптасына бір рет оны 15-20 минутқа жерге көміп, сосын ағын не бұлақ суына жуып алу керек. Артынша 1 түнге мұздатқышқа салып қояды. 
– Сіздегі асыл тастар тағы қандай жағдайларда көмектесе алады?
– Жүйкені жайландыратын мынау қызғылт тастың күшін ашушаңдықты, бас ауруын, аяқ-қолдың селкілдеуін басуға бағыттаймын. Көбіне тіршілік тауқыметінен тозып, жүйкесі жұқарған әйелдердің күш-қуатын қалпына келтіруге қолданып жүрмін. Санасын сергек етіп, жүйкесін, төзімін шыңдайды. Қан айналымын жақсартады. Қызғылт кварцты ауруды өзіне тартып алуға бағыттаймын. Сосын отбасы берекесі мен денсаулығына қорған болатын тұмар – тас беремін. Тастың қасиетіне қарай ол 3500-21000 теңге шамасында болады. Олар шынында да қасиетті, асыл тастар. Мен тек солар арқылы көмектесуші ғанамын. 
– Қызықты мәліметтеріңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.
Гүлнәр Сайыпханқызының байланыс телефондары – 8-778-131-24-36, 8-771-318-55-36.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!