«Халал Қасcап» кооперативі ашылды

12.09.2017
Қаралды: 362

Жылда Құрбан айт мерекесі күндері Шымкенттің Дулати көшесіндегі он шақты үйдің маңайы ығы-жығы көлік пен адамға толатын еді. Себебі бұл үйлер қой сатумен айналысатын. 

Жұрт құрбандық малын тірідей де, сойғызып та әкетіп жататын. Ал биыл қала сыртынан арнайы мал сойылатын орын ашылып, мал іздегендер енді сол жаққа баратын болды. Біз кешегі аптада осы орталыққа арнайы барып, оның жұмысымен танысып қайттық.
«Мен осы кооперативтің төрағасы болып жұмыс істеймін, – деді біз сөзге тартқан Сайфулла Култораев есімді азамат. – Біз бұрын Дулати көшесінде тұратынбыз. Мал сойып сатумен айналысатын отбасылардың барлығы да жеке кәсіпкер едік, мемлекетке тиісті салығын төлеп тұратынбыз. Осыдан біраз бұрын қала әкімі бізге мал сойып сатумен айналысатын нүктелерді қала сыртындағы бір ыңғайлылау жерге көшіру ойы барын білдіріп, ұсыныс айтқан болатын. Содан соң арнайы таңдалған осы жерді көрсетті. Жер комитетімен, архитектура басқармасымен ақылдаса келе ғимаратты осы жерге салатын болып шешіпті. Кейін жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, рұқсат берілді. Құрылыс жұмыстары басталған. Кешегі Құрбан айт мерекесі қарсаңында бұл жер толықтай пайдалануға берілді».
Бұл кооператив ғимараты қаладан «Бозарыққа» шығатын айналма жолдан өткесін жолдың оң жағында, 300 метрдей жерде орналасыпты. Аумағы 1 гектардай жер толықтай қоршалып, қақпа, өткізу бекеті орнатылған. Ішіндегі 1-ден 10-ға дейін нөмірленген қоралардың әрқайсысында қой толып тұр. Астаулар малға ыңғайлы етіп орнатылған. 
«Еден асты 1 метрдей тереңдетілген, құмалақ, қи сонда жинала береді. Кейін құбырға жалғанған қуатты насоспен сыртқа сорып шығаруға болады», – дейді кооператив басшысы.
Мұнда заманауи мал соятын орынға қажеттінің барлығы дерлік жасалыпты. Кооператив басшысы алдағы уақытта мұнда 45 адамға дейін жұмыспен қамтуды ойластырып отырғандарын айтады. «Қажет болып жатса тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге де дайынбыз», – дейді ол.
Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!