Олардың қарны тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ

12.09.2017
Қаралды: 319

Биыл шағын ғана Тастыбұлақ (бұрынғы – Қызыләскер) ауылының тұрғыны ауыл шаруашылығы саласының білгірі Қуаныш Ергебеков ағамыз жетпіс жастың шыңына көтеріліп отыр. Саналы ғұмырын туған жерінің көркеюіне арнаған ол кісі, Құдайға шүкір, әлі де болса  еңбектен қол үзіп отырған жоқ.

Қарапайым колхозшылар отбасында дүниеге келген ол қаршадайынан еңбекке ерте араласып, өз қатарларының алды болып өскен. Түлкібас поселкесіндегі жетіжылдық мектептен соң аудан орталығындағы автокөлік жүргізушілер даярлайтын курсты бітіріп, «Азаттық» колхозында механизатор болып істеді. «ДТ-20», «Беларусь» тракторларын, автокөлік, комбайн жүргізді. Адал еңбегінің арқасында 1983, 1987-жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қатысып, өңіріне көрменің қола медальдарын тағып қайтты.
Кеңес Одағы ыдырап, колхоздар тарай бастаған соң «Қызыләскер» ауылы да өз алдына ұжым болып, «Азаттықтан» бөлініп шығады. Содан жаңа ұжым өз алдына тіршілік жасап, 27 гектар жерге алма бауын баптап, 10 мыңдай терек егеді. Үш гектар жерге алмұрт көшеттерін қондырады. Міне, осы салаға бес жылын арнап, бригадир қызметін қолға алған Қуаныш ағамыз өз туған жерінің нағыз патриоты атанады. Кейін Құдай қосқан қосағы Сейсеп жеңгеймен ақылдаса отырып, 4 ұл, 1 қызымен бірге өз алдына «Бақыт» шаруа қожалығын ашқан.
Өздеріне бекітіліп берген жеріне алғашқы жылдары пісте, жүгері, қызанақ өсіріп, 40 соттық жерге алхоры қондырған олардың еңбектері жанып, алғашқы жылдың өзінде мол өнім алуға қол жеткізеді. Бір жарым гектар жерге егілген алма, алмұрт жеміс ағаштары бірден бой көтере бастайды. Әлгі баудың шет-шетіне 10 мыңдай терек қондырылып, бау-бақшаның жан-жағы мұқият қоршалады.
Өткен жылы осы бір жарым гектарға егілген алма-алмұрттан 4-5 тонна өнім алынды. Биыл алма демалғанымен алмұрт қалың салып, Ергебековтер отбасының табыс қоржынын қомақты етіп отыр. 
Жақында біз Қуаныш ағамыздың шаруашылығында болып, бау-бақшасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Біз барғанда Қуаныш ағамыз бау ішінде жүрсе, ол үйдегі жеңгеміз, ұзақ жылдар осы ауылдағы бастауыш мектепте директор болып қызмет атқарған Сейсеп Өтепованың да қолы бос болмай шықты. Апайымыз 150-дей күркетауық балапандарын бағып-қағуды өз міндетіне алыпты. Балапандар үш-төрт ай болғандарына қарамастан ірі көрінеді. Күнде жем жеп жүргендіктен адамнан үрку дегенді білмейді. 
«Бұл үндіктерге сақтықпен қарамаса болмайды екен, – дейді Сейсеп апай әңгіме арасында. – Алдыңғы күні 15 шақтысын шибөрі тамақтап кетіпті. Сондықтан да қырағылықты күшейтіп жатырмыз. Бес-алты айдан кейін бұлар әжептеуір болып қалады. Қазір бұларды 2000 – 2500 теңгеге сатып жатырмыз»
Бұдан кейін біз жинамалы сатының  үстіне шығып, көлемі үлкен алмұрттарды жеңіл қапшыққа мұқият салып жатқан Қуаныш ағамызды әңгімеге тарттық.
«Біз ешкімге де тапсырыс бермейміз. Алма, алмұрт керек адам өздері келеді де, тура осы баудан қалағанынша теріп алады. Бағасы онша қымбат емес. Килосы 120 теңгеден деп отырмыз.
Алма да сатамыз. Дегенмен оның бір жылда қалың салып, екінші жылы демалатыны онша ұнамайды. Ал мына көріп тұрған алмұрттарың ондай емес. «Талғар» сорты деп аталатын бұл алмұрт жылда салады.
Осы бауды өсіріп келе жатқаныма біраз жылдар болды. Ұятқа қалдыр¬ған жері жоқ. Тек бір жылы ғана «қышқыл жауынның» әсерінен ауырып, оған керекті дәрілер қолданғандықтан қайта қалпына келді», – дейді отағасы.
Бұл кісілер баудан бөлек, жүгері, лобия және басқа да көкөніс түрлерін өсіріп жатыр екен. Субсидия алып, жылқы, қой, сиыр бастарын көбейткен, асыл тұқымды бұқаларды бордақылап етке өткізген күндері де болған екен.
«Бұл жұмыстардың бәрін бір өзім атқара алмаймын, – дейді Қуаныш аға. – Сондықтан Құдайдың берген 4 ұлым мен 4 келініме, бір қызыма және жиырма шақты немерелеріме сенемін. Осыншама күшпен жұмысқа жұмыла кіріссек не қалады? Қолда бір «Беларусь» тракторым бар. Жақында соқасы, тіркемесі, орағы бар кішкене мини-трактор сатып алдық. Ол тіпті рахат болды. Бауға емін-еркін кіре береді».
...Жасы 70-ке келсе де жүрісі ширақ, қарттықты әлі мойындай қоймаған  Қуаныш ағамыз бізді осылайша адал еңбегімен ырза етіп, өзінің жасыл бауынан үлкен күре жолға дейін шығарып салды. Қоштасар сәтте біз де ол кісіні мерейтойымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, тынымсыз еңбегіне сәттілік тіледік.
 
Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!