Қолынан түк келмейтін полицияны таратып жіберу керек қой

11.09.2017
Қаралды: 2065

«Күніңді полицияға түсірмесін» деген сөзді мен аз естіген жоқпын. Бірақ басымызға салмағасын мұның мәнін терең түсіне бермейді екенбіз. Бұған таяуда көзім жетті.

Өткен дүйсенбі күні түс ауа жұмыс телефоныма Шымкент қалалық Еңбекші полиция бөлімінен қоңырау шалынды. «Сіздің кәмелетке толмаған жие­ніңіз (аты-жөнін атап) бар ма?» – дейді. Өзін полиция лейтенантымын деп таныстырған жігіт тез арада полиция бөліміне келуімді өтінді. Бардым.

Түсінгенім, Шымкенттің 18-ші мөлтекауданында жүрген мектепті биыл бітірген жиеннен бір бейтаныс жігіт: «Ағама хабарласып алайыншы», – деп бір ай бұрын ғана алынған құны 50 мың теңге тұра­тын ұялы телефонын сұрап алады. Сөйтіп сөйлескен сыңай танытып, тұра қашқан. Ойынхананың іші-сыртында бейнебақылау камерасы болғандықтан жиенім дереу оны қостырып көреді. Телефонды ұрлай қашқан жігіттің бет-бейнесіне дейін анық түскен екен. Әрі ойынханадағы жігіт те оның сол жерге ойнауға жиі келетінін айтқан. Жиен дереу 102-ге қоңырау шалады. Обалы не керек, тез жеткен топ «Арыз жазасың», – деп жиенді жетелей жөнеледі. Ал бөлімге жеткенде оның кәмелетке толмағанын естіп: «Анаңды, не әкеңді ертіп кел», – депті. Ау, ол ауылға барып келгенше бір күн кетеді емес пе? Қоңырау арқылы шақыра қояйын десе, нөмірлерін жатқа білмейді. Содан жиенім мені шақыртқан екен.

Біз төртінші қабаттағы «дознавательдің» алдына­ кезекке тұрып, арызды жазып бол­ғанша екі сағаттан­ аса уақыт өтіп кетті. (Бұл арада ұрының ұзап кеткені анық). Тіркеу нөмірін сұрасам: «Мен бүгін түнімен жұмыс істеймін. Арызыңызды түнгі үште тіркеймін. Тіркеу нөмірін таңертең сағат тоғызда келіп алып кетіңіз. Қалғанын тергеушіден сұрайсыз», – деді. Біз бұлай уақыт созып жүргенде ойынханадағы жастар бейнежазбаны өшіріп тастауы, не өшіп кетуі мүмкін екенін айтып, тезірек барып қайтайық деген ұсыныс айттым. Тыңдайтын құлақ болмады.

Полиция бөлімінен шығып, тез арада ойынханаға барып, жедел түрде жеке «зерттеу» жұмыстарын­ жүргізуге тура келді. Бейнежазбаны көшіріп ал­дық. Сұрастыра келсек, сондағы бір бойжеткен әлгі жігітті танитын болып шықты. Тағы бір жігіт шырамытты. Ары қарай қаузай келе оның аты-жөнін, оқитын жерін, ағасының, әке-шешесінің аты-жөні мен мекен-жайын анықтадық. Тіпті ағасы екеуінің сурет­терін де таптық. Оған тағы екі-үш сағаттай уақыт кетті. Анықтаған мәселелер бойынша қайтадан полицейлерге қоңырау шалып едік, олар келуін келгенмен бейнежазбаны қарап, қағаздарына әлденені түртті де кетіп қалды. Соны алғашқы келгенде неге бір­ден қарап шықпағаны, көшіріп алмағаны, ұрыны ізін суытпай ұстау үшін неге айналаны шолып шықпағаны түсініксіз. Көздері бақырайып, бар шындықты­ жайып салуға әзір тұрған қыздар­ға да сұрақ қойылмады. Ал олар ертең бұл жерге келмесе не болмақ? Тіпті «Танымаймыз, білмейміз. Ештеңе көрме­дік», – десе ше? Сондықтан құқық қорғаушыларға қай­тадан қоңырау соғып: «Ізін суытпай, үйіне барайық», – дедім. Бүгін, тап қазір тауып алады деп ойламаған жігіт таңға дейін «айғақты» жоқ еткенше жетіп барғанды дұрыс көргенмін. Сонда оның бұлтара алмасы анық. Бірақ бұл менің ғана ойым екен. «Бізге ондай тапсырма болған жоқ. Түн болды. Таңғы жетіде  бөлімшеге келіңіз», – деді олар.

Таңертең телефонда: «Біз сол жігітті алып келуге­ бара жатырмыз», – деп жауап берген құқық қорғаушылардың сөзі өтірік екенін бөлімшеге барғанда білдім. (Бұл арада әлгі ойынханадағы таныстары ар­қылы іске полиция араласқанын естіген жігіт ондағы суреттерін түгел өшіріп, аккаунтын жауып үлге­ріпті. Бірақ біз оның көшірмесін алып үлгер­генбіз). Тіпті сол жердегі погондының бірінен: «Пысық екенсіз, полицияға жұмысқа тұрмайсыз ба?» – деген сөз естідім.

Енді ашуға мініп, анықтаушының алдына кіріп, арызымның тіркелу нөмірін алып, алдыма бір «участ­ковыйды» «салып алуыма» тура келді. Біз анықтаған мәселелерге көз жеткізу үшін ол тағы бір сағаттай уақыт жоғалтты. Бұл арада жұмыс істейтін және оқитын адам үйінде отырмайтыны белгілі.

Күдіктінің анасының жұмыс орнын айтып, соған баруға ұсыныс жасадық. Ол жерде де баласының суретін көрсетіп жүріп күдіктінің анасын өзіміз іздеп таптық. Аға лейтенант шенді учаскелік полицеймен жолықтырдық. Үлкен сауда орталығынан сыртқа шыққан соң олар бізді шетте қалдырып, біраз уақыт оңаша сөйлесті. Cәлден кейін баласын кешелі бері көрмегенін айтқан әйел оның өз телефоны үйде қалғандықтан, байланыса алмаймын деді. Біздің ұрланған телефондағы нөмірді сұрап, соған түскен қоңырауларды тексергісі келді. Ал ол нөмір ұрланғалы бері байланыстан тыс болатын.

Бұл іс әлі анықталу үстінде. Бірақ, полицияны қайдам, біздің қолымызда бұлтартпас дәлелдер бар. (Сондықтан тапа-тал түсте телефон ұрлаған адамның алысқа ұзамасы анық). Біз оны айналасы 2-3 сағатта анықтап, жинақтап үлгергенбіз. Полиция оны, учаскелік уәкіл айтқандай, әлі анықтап жатыр. Яғни жедел уәкіл емес, өзіміз жедел қимылдадық.

Сонда дейміз-ау, бізге осындай полицияның қажеті бар ма? Ондай полицияны таратып жіберу керек шығар? Сіздер не дейсіздер?

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!