Облыс әкімінің орынбасары қарияларды алдап кеткен бе?

11.09.2017
Қаралды: 1325

Редакциямызға Шымкент қаласының тұрғыны Күндебек Төребеков қария (суретте) келді. Ол кісі Шымкенттің орталық саябағындағы «Ақ тұлпар» шахмат клубының мәселесімен жүр екен.

«Жүздеген шахмат әуесқойлары атынан облыс әкімі мен қала әкімінің атына хат жазған едік, – дейді ол кісі. – «Ақ тұлпар» орналасқан ғимарат әбден тозған, ол таяуда ғана қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына өткізілген еді. Клубтың қазіргі жағдайы мәз емес. Едені тозған, орталық газ және жылу жүйесіне қосылмаған, ішіндегі үстел, орындықтар, шахмат тақталары, басқа да құрал-жабдықтары тозып, көбі пайдалануға жарамсыз болып қалған. Жазда іші ысып кетеді, себебі желдеткіш жоқ. Уақытша орнатылған токпен жылытылатын пеш істен шығып қала беретіндіктен қыста клуб іші көбіне суық болады. Мұнда жарық та нашар.
Міне, осы жайларды ретке келтіру үшін басшыларға клубқа, ондағы заттарға ие болып, жұмысын ұйымдастырып, тазалығын сақтайтын екі штаттық бірлік берілсе екен деген өтініш білдіргенбіз. Ғимарат күрделі жөндеуден өткізілсе, клубтың құрал-жабдықтары жөнделсе немесе жаңаларымен алмастырылса екен дейміз.
Осындай өтінішпен облыс әкімінің қабылдауына да кіретін болғанбыз. Биылғы 18-наурыз күні оның да сәті түсіп, қуанған едік, бірақ бізді әкімнің өзі емес, орынбасары Ербол Садыр қабылдады. Ол кісі біздің өтінішімізді тыңдады да: «Хаттарыңызды тастап кетіңіздер. Мен онымен толық танысамын. Жақын арада клубтарыңызды барып көремін», – деп еді, содан бері 5 ай өтті, ол клубымызға келген жоқ».
Күндебек қария осылай дейді. Ол кісі аталған клуб ғимаратын жөндеуден өткізуге 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін естігендерін айтады, «Клубымыз жөндеуден өтсе, басшыларға аса риза болар едік», – дейді. Бірақ әзірге жоғарыдан жылы хабар жетпей көңілдері күпті болып жүр екен. 
«Біздің қазіргі жағдайымыз осылай болып тұр. Клуб ғимараты тозған үстіне тоза түсуде. Сондықтан үнімізді басшыларға жеткізер деп газеттеріңізге арнайы хат әкеліп отырмын. Бұл жөнінде жариялауларыңды клуб басшылығы атынан сұранамын», – дейді Күндебек қария.
Қария өз хатына жауапты «Замана» газеті арқылы және өз мекен-жайы бойынша (Шымкент қаласы, 4-ші шағынаудан, №8 үй, 5-ші пәтер) алуды қалайды. 
Біз басшы азаматтар қарияларымызды сандалта бермей, олардың өтінішіне құлақ асар деген ойдамыз.
Күндебек Төребековтің байланыс телефоны – 44-93-08.
Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!