Мұз сарайы 128 миллион теңгеге сатылды

09.09.2017
Қаралды: 723

Шымкенттегі «Мұз сарайы» 128 миллион теңгеге сатылды. Оның ендігі жаңа қожайыны – «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-і.

Қаладағы ең ірі спорт кешенінің 67 пайыз үлесі Шымкент әкімдігіне тиесілі болатын. Ал қалған 33 пайызы жекеменшік «САУТ-ОЙЛ» ЖШС-нің иелігінде еді. Бұл екі ЖШС да танымал кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа қа­райтынын айта кетейік.

Қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін кешенді қамтамасыз ету мемлекетке тиімсіз болған көрінеді. Cоңғы үш жыл шамасында нысан 40 миллион теңге зиян шеккен. Мекеме басшысы мұны: «Коммуналдық қызмет, қызметкерлер жалақысы, ағымдағы жөндеу, жер мен мүлік салығы сынды шығындар үшін үш ай сайын 3-5 миллион теңге төлейміз», – деп түсіндіреді.

Сөйтіп «Мұз сарайы» ЖШС-і электронды саудаға шығарылды. Оның бастапқы бағасы 996 миллион 900 мың теңге болған.

Хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, үлкен теннис залдары бар спорт кешенін ағылшын әдісі бойынша бастапқы белгіленген бағадан 8 есе төмен «түсіріп» алған Сейітжановтар отбасының, «Forbes-Қазақстан» рейтингісіне сенсек, 185 миллион долларға тең байлығы бар көрінеді. С.Сейітжановтың мұнай және құрылыс саласына қатысты компаниялары­ бар.

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!