Астананың төрінде шешеден сыбап боқтаған...

10.09.2017
Қаралды: 4047

«Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөзді бүгінде елдің бәрі біледі. Жақсы да, жаман да шығып жатады бұл Шымкенттен. 

Газетіміздің өткен нөмірінде осындай тақырыппен Оңтүстік адамдарына деген өте жылы пікір жарияланды. Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысы күндеріне орай астаналық бір тұрғын ризашылық білдіріпті.

Ол пікірге рахмет, әрине! Алайда Астанадағы күндер барысында бәрі де керемет бола қалды деуге келмей тұр. Өйткені өте өрескел жағдайлар да орын алды. Тіпті масқара болған сәттер де жоқ емес.

Бұл туралы айтқандар сол оқиғаны еске алса, беттері ұяттан өртеніп кете жаздайтынын алға тартады. Мұндай сұмдықты еш күтпегенін айтады.

Ол масқара жағдай Астанадағы «Бәйтерек» кешенінің жанында өткен концерт кезінде орын алыпты. Оқиға былай болған. Ол жерде үлкен концерт беріліп жатады. Сахнада  –шымкенттіктер! Көрермен ішінде Астананың ылғи мен деген ығайлары мен сығайлары. Әкімдер, министр­лер, депутаттар, белгілі тұлғалар. Қысқасы, мыңдаған адам концерт көріп тұрады. Елдің бәрінің көңілі көтеріңкі, жүздері шат.

Кенет... Концерт жүргізуші кезекті номерді енді хабарлайын деп тұрған кезде микрофон өшеді де қалады. Бұл ешкім де күтпеген жағдай. Халық тым-тырыс. Сахна жақ жым-жырт. Құлаққа ұрғандай тыныштық... Се­кунд­тар зырылдап өтіп жатыр.

Бір кезде барып микрофон іске қосыла кетеді де зор дауыспен ай­қай салын­ған боқтық сөз естіледі. Біреудің «Шешеңнің а...... с......!» деген зор даусы жаң­ғырып шыққанда жұрт дүр ете қалады. Және ол адам қалай болса солай боқтамапты. Мейлінше нақышына келтіріп тұрып боқтапты. Үш сөзді де анық етіп, созып тұрып сыбапты.

Мынау масқарадан елдің бәрі естен тана жаздап, сілейіп тұрып қалады. Артынша сол жерде концерт тамашалап тұрған облыс әкіміне жұ­рт­тың бәрі жалт-жалт қарайды. Ал ол болса қысылғанынан қолындағы телефонын шұқылап кетеді. Яғни ел ерге қа­райды, ер жерге қарайдының кебі ғой. Ал оның қасында жүрген орынбасары екі беті қып-қызыл болып, сахнаға қарай шаба жөнеледі...

Міне, Астананың қақ төрінде осындай бір өрескел жағдай болыпты. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» дегеннің нақ өзі!

Осы масқарадан кейін-ақ концерт­тің де мәнісі кете бастапты. Себебі ұяты бар адамдардың көңілдерін түсіріп жіберіпті бұл көрініс.

...Біз бұл туралы әңгімені бірнеше адамнан естіп-білдік. Естіген кезде ұяттан өртенердей болдық. Шымкент­тіктер үшін қатты намыстандық та.

Әуелі мұны газетке жазбай-ақ қояйық дегенбіз. Мүмкін аузы боқтыққа толы адамдарға, сахна сыртындағы техникаға жауапты мамандарға, концертті өткізуді қадағалаушы лауазымды тұлғаларға тиісті шара көрілген шығар деп те ойлағанбыз.

Бірақ олай болмаған сияқты. Болса есітер едік қой. Қалай дегенмен де мұндай масқара жағдайға лайықты бағасы берілуі қажет деп білеміз.

Біз бұл мақаланы сол үшін жазып отырмыз. Екіншіден, мұндай оқиға жұртқа, басшы азаматтарға сабақ бол­ғанын қалаймыз. Осындай оқиға болып жатқанда үн-түнсіз қалып, түк болмағандай кейіп таныту дұрыс емес деп білеміз.

Жалпы, Оңтүстік өңірі үшін ерекше сын болып табылатын мұндай үлкен іс-шараға асқан жауапкерші­лікпен қарау керек емес пе? Ондай сапарға мемлекет қаржысы есебінен баратын адамдар мейлінше іріктеу-сұрыптаудан өткізілуі қажет қой. Кездейсоқ адамдар, іріген аузынан шіріген сөз шығатын есерсоқтар ол жаққа қалай барып қалды? Ондайларды кім алып барды? Апарған адамдар бұл үшін еш жауап бермей ме?

Ал микрофон ше, ол бекерден бекерге неге өшеді? Оған жауапты адам шошқа тағалап отыр ма? Әлде ішіп алып, ләйліп кетті ме?

Міне, біздің ең бірінші айтпағымыз да осылар еді. Егер біреу Шымкентті жамандаса, шетімізден өре түрегеле­міз. Бәріміз де патриотпыз! Бірақ сол Шымкентті жамандауға әдетте өзіміз себепкер боламыз ғой.

Шымкенттің адамы Астананың төрінде, қалың елдің алдында, халықтың қаймақтарының көзінше микрофонды барынша айқайлатып қойып, бар даусымен шешеден боқтап тұрса, бұдан өткен сорақылық бола ма? Өркениетті ел үшін бұдан үлкен «ЧП» бар ма?

Әдетте мұндай масқара жағдайдан кейін талай адам қызметімен қош айтысуы керек. Тіпті былапыт сөйлеу­шілер заң жолымен жауапкершілікке де тартылуы тиіс.

Ал бізде қалай? Тым-тырыс. Жым-жырт. Өлі тыныштық... Ал шеше боқта­ғыштар шекесінен қарап, сыл­­қ-сылқ күліп жүріп жатқан болуы әбден мүмкін...

Ж.ТӨЛЕҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!