Саумал ұсынып, денсаулық сыйлап отыр

06.09.2017
Қаралды: 579

Бүгінде көпшілік адамдар мал шаруашылығымен айналысуға ден қойған. Соның ішінде мінсең – көлік, сойсаң – ет, ішсең – қымыз болатын жылқы малының орны бөлек. 

Оның сүті де, қымызы да ағзаға аса пайдалы. Оңтүстік Қа­зақстан облысы, Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылының тұрғыны Айсұлу Омарова да (суретте) бірнеше жылдан бері бие байлап, саумал, қымыз сатумен айналысады. Біз таяуда Айсұлудың үйіне арнайы барып, әңгімелесіп қайтқан едік.

«Биелерді таңертеңгі алтыдан бас­тап сауып, кешкі жетіде тоқтатамыз, – дейді Айсұлу Құрбанқызы. – Саумал ішетіндер таңертеңгі алтыдан келе бастайды. Кейбіреулері қораға барып, шелекті жерге қойғызбай, сол жерден құйып ішсе, енді біреулер үйіне әкетіп ішкенді жөн көреді. Әр екі сағатта жеті-сегіз адам келеді. Бір литрі – 500 теңге. Бұрыннан ішіп келе жатқан тұрақты клиенттеріміз бар. Оның ішінде саумалдың арқасында ауруынан айыққанын айтып, алғысын жеткізетіндер де көп. Бірер жыл бұрын асқазанында жара барын айтып бір апа келген. «Ауруханаға жата-жата жалықтым, ендігі бар үмітім осы саумал болып тұр», – деп мұңын шаққан кейуана саумалды екі айдай ішті. Кейін дәрігерге көрінсе, асқазанындағы жара кеткенін айтып, қандай ем қабылда­ғанын сұрапты. Осыны айтқан апа бізге алғысын жаудырып, ақ батасын беріп кетті. Қазір де ара-тұра келіп, оншақты күннен ішіп тұрады».

Емге дәрі, сауға қуат болатын қымызды қалай баптау керек? Біз Айсұлудан осы жөнінде де  сұрадық.

«Білген адамға қымыз баптау да бір өнер ғой, – деді Айсұлу. –  Бабында тұрған қымыз бал татиды, оны ішкен сайын ішкің келеді. Биені әр екі сағат сайын сауғанда саумалды бөлек-бөлек ыдыста суытамыз. Егер сауған сүтті үстін-үстін бір ыдысқа құя берсеңіз, ол іріп кетеді. Ал бөлек-бөлек ыдыста суытып, күбіге содан кейін құйып, піссеңіз, онда өз бабында тұрады. Қымызды неғұрлым көп піссеңіз, соғұрлым дәмі тіл үйіретін бал қымыз болады. Ішкенде қаймақ секілді жұмсақ кетеді. Шала пісілген қымыз ішті айдайды. Қалада тұрса да бие байлап,  саумал, қымыз сататын таныстарымыз бар. Қымызды өздері баптайтын болса да біздікінің дәмдірек екенін айтып, үйге келгенде  8 –10 литр қымыз әкетеді. Мүмкін бұл биенің жеген жем-шөбіне де байланысты шығар. Біздің үйіміз өзіңіз көріп тұрғандай, ауылдың шетінде, сәл ары жүрсеңіз өзен ағып жатыр. Биелер емін-еркін жайылады, оған қоса жаңа орылған жас жоңышқа мен бидай береміз».

Шыны керек, кейбір қымызды ішейін десең, тезектің иісі мүңкіп тұратыны бар ғой. Осының сырын сұрағанымызда Айсұлу: «Негізі жылқы малы тазалықты сүйеді, – деп жауап берді. – Біз жылқы тұратын қораның еденін тегістеп, «стяжка» құйып тастағанбыз. Күніге таңертең биелерді  жайылымға айдап жібергеннен кейі, ұлдарым қораны тазартып, еденін жуып тастайды. Желінін де жақсылап жуып, сүртіп, содан кейін сауамыз. Содан шығар, менің саумалыма мұндай шағым болған емес».

Айта кету керек, биыл Айсұлудың бір биесі егіз құлын тауыпты. Үшінші тумасы екен, ырым бойынша, еркек құлынын отағасы немересіне атапты. Егіз табу жылқы малында сирек кездесетін құбылыс екен. Бес-он мың жылқыда бір кездесетін болса керек.

Бас-аяғы елу шақты жылқы ұстап отырғанын айтқан Айсұлу кеш құлындаған биелерді қыста да сауатынын жеткізді. Яғни үйлерінен саумал мен қымыз қысы-жазы үзілмейді. 

Жылпы, бие сүтінің емдік қа­сиеттеріне тоқталар болсақ, оның құрт ауруларының алдын алатын, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал ететін қасиеті бар. Сондай-ақ жыныс гормондарына әсер ететін ферменттерінің арқасында әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғай алады. Ал саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе, тіпті пайдалы екен. Салданудың да алдын алады. Жа­ңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі бала­ға да пайдасы орасан. Ашыған қымыз шөлді басып, қан тамырын қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатуының алдын алады. Бүйрек пен бауырды қанықтырып, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақ­сауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың бір­ден-бір емі. Қымыз адамның физикалық жағдайын  күшейтумен қатар, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға ықпал етеді екен.

Міне, осындай пайдалы сусынды көбейтіп, жұрттың игілігіне жаратып отырған бұл отбасыны жерлестері­міздің саламатты өмір салтын ұстануына зор үлес қосып отырған адамдар деп айтуға әбден болады. Біз олар­ға осы ісінде сәттілік тілейміз.

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!