Үмітімізден гөрі үрейіміз басым

06.09.2017
Қаралды: 476

Біз бай мен кедейдің аражігі қатты ашылған нағыз капиталистік дәуірде өмір кешудеміз. Біреулер зәулім сарайларда есік алдында қызметші жұмсап жүрсе, енді біреулер бір күндік асын әзер тауып қалт-құлт күн кешуде. 

Жақында ғана жүрекжарды сырымен бөліскен бір әйелдің әңгімесі мені осындай ойға жетеледі.

Жасы 30-дарға келіп қалған келін­шектің төрт баласы бар екен. Оның үшеуі мектепке барады. Оларды мектепке да­йындау үшін әлгі келіншек жаз бойы егіндік алқабында жұмыс істеген. Сондағы алатын бір күндік еңбекақысы – 1500 теңге. «Ой, тоба-ай, азық-түліктің бәрі қымбат. Ала жаздай бір күн демалмастан жұмыс істеп жүріп 40 мың теңгенің басын әрең құрадым ғой», – деді ол самбырлап. Өзі жас болса да адам жатырқамайтын, әңгімешіл жан екен. «Күйеуің жоқ па?» – деп сұрап едім: «Бар ғой», – деп бастап, әрі қарай әңгімесін былайша жалғады.

«Күйеуім үш жыл бұрын жол апатына түсіп, бір қолы жансызданып қалды, – дейді ол. – Әйтеуір жанының аман қалғанына қуандық. Бірақ арыстай еркек­тің жұмысқа жарамсыз болып қалғаны қиын екен. Күнкөрістен қысыла бас­тадық. 18 жаста тұрмысқа шыққан едім, бұ­рын-соңды еш жерде жұмыс істемеген­мін. Арнайы мамандығым жоқ болғандықтан бір жерге барып жұмыс сұраудың өзі қиын. Бір жылдай қатты қиналдық. Тым құрығанда күйеуіме мүгедектік жәрдемақы да тағайындалмады. Аудандық медициналық әлеуметтік сақтандыру бөлі­міндегілер: «Қолы түгіл аяғы жоқтарды да мүгедектікке шығарып жатқан жоқпыз», – деп қайтарып жіберді.

Алғашқы кезде бізге ата-енем, өзімнің туыстарым қарасып тұрды. Бірақ олар өне бойы бөліп бере алмайды ғой, өзде­рінің де бала-шағасы бар. Ауылдағы жал­ғыз дәмханаға барсам, мен секілді әйелдер толып жүр. Ыдыс жуудың өзіне кезекпен келеді екен. Адам жетеді деп мені қабылдамады. Базардағы асханаларда да орын жоқ. Ақырында іздеп жү­ріп картоп, пияз сұрыптайтын жерді тауып алдым. Бірақ оларда да жұмыс күнде табыла бермейді. Аптасына екі-үш рет болып қалса, соның өзіне қуанамыз.

Осылай киімді былай қойғанда ішер асқа жарымай жүрген күндерімнің бірінде енем келіпті үйге. Бір асым еті мен бір қалта ұны, балаларға деген азғантай кәмпиті бар екен. Кешке дейін картоп, пияз сорттап қолым күс-күс болып келсем, ол кісі әкелген етін асып, қамыр илеп қойған екен. Дереу қамырды жайып,­ қазанға салып, бәріміз дастарханға жиналдық.

Ас-суымызды ішіп болғасын әркім өз тірлігімен әуре боп кетті де, енем екеуміз оңаша қалдық. Сол кезде енем: «Жаным-ау, қатты әбір­жіп қалыпсыңдар ғой, – деді басын шайқап. – Қайтейін, бізде де бөліп бере қоятын артық дүние болмай тұр ғой. Атаң екеуміз буаз қашар мен бес-алты саулықты сендерге берейін деп отырмыз. Мына бала жұмысқа жарамай қалдым деп өзін-өзі тастап жібер­месін, соны бағып көбейтіп, алдансын дегеніміз ғой».

«Бес-алты малын сатсаң, азар түбі екі айға жететін азық-түлік болар, оның несін айтып отыр?» – деп қоямын іштей. Сөйтсем, енем негізгі әңгімесіне көше алмай, осындай кіріспеден бастап отыр екен. Сәлден кейін ол кісі: «Азғантай болса да үйге тұрақты табыс түсіп тұрмаса қиын ғой, – деді. – Төрт балалы әйелге үкіметтің 8 – 9 мың теңге болса да беретін жәрдемақысы бар екен. Сен қайтіп асыраймын деме, тағы да туып ал. Қайта ол бала сені асырайтын болады. Жөргекпұлы, жасына дейінгі төле­нетін ақысы, төрт балаңа беретіні бар, үнемдеп жаратсаң, сол ақшаның өзіне бірдеңе ғып күн көресіңдер. Оған дейін еншілеріңе берген малдың саны да көбейіп, күнкөрістеріңе жарап кетер. Менің ақылымды тыңдасаң осылай істе».

Шынымды айтсам, енемнің ақылын қабылдай алмадым. «Үш баланың өзін әзер асырап отырғанда азғантай ақшасына бола төртіншісін ту де­гені қай сасқаны?» – болды басыма келген бірінші ой. Кейін ойлана келе енемнің ақылын күйеуіме айтып едім, ол ашуланып кетті. «Жындысың ба, үшеуін баға алмай отырып төртіншісін қайтпек­сің?! – деп ұрыс­ты. – Жұмысқа шыға алмай менің отырысым мынау. Бала туып сен де үйде отырсаң, күніміз не болады? Бізді қойшы, мына балаларға обал емес пе? Бәрін аштан қатырамыз ба?»

Күйеуім бала тууыма үзіл­ді-кесілді қарсы болған соң бұл әңгімені қайтып қозғамадық. Енем анда-санда: «Бір­деңе» бар ма?» – десе, бетім дуылдап кететін. Ол кісіге күйеуім қарсы деп қайтіп айтайын?

Негізі «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады» деген рас қой. Бірде жұмыстан үйге келгенде жү­регім айнып мазамды алды. Мен оны күні бойы картоп пен пияздың шіріген иісін иіс­кеген­нен деп ойлап, мән бер­медім. Кейін аяғымның ауыр екені мәлім болды. Іштей енді қайтіп күн көреміз деген қор­қы­нышта болсақ та баланы туып алуды жөн көрдім.

Шынында да енемнің айт­қаны рас келіп, төртінші баламыз бізді бір жыл бойы асырады. Әйтеуір айына бір берілетін жәрдемақыға бір қап ұн, бес литр пісте май, шекер мен картоп, пияз аламыз. Балаларыма абысын­дарымның, әпкелерімнің балаларынан қалған киімді кигіземіз. Күйеуім үйде отыр­ғалы өзіміз де жұрттың берген киімін киетін болдық.

Адам бәріне үйренеді екен ғой. Осылай күн кешіп келе жатқанымызға қазір бес жыл болып қалды. Әйтеуір бұ­рынғыдай емес, қазір сиыр сауа­мыз, күйеуім де егіндік алқа­бына шығып, бір қолымен болса да жұмыс істейтін болып жүр. Ішіп-жеміміз дұ­рысталып қалды. Дегенмен үйіміз әлі бітпей тұр. Ата-енем бізді бөлек шығарғанда төбесін жауып, екі бөлмесін ғана бітіріп берген. Әлі сол күйде отырмыз.

Жақында қайынағамның 18 жастағы қызын алып қа­шып кетіпті. Күйеуім қуып барып келген. Үйге келгесін: «Менің қызым – 12-де. Енді алты жылдан кейін оны да біреу алып қашып кетсе, біз оған дайынбыз ба? Отырысымыз мынау», – деп қапаланды. Ол жайлы мен де ойланамын. Бірақ қолымнан не келеді? Бала-шағаның болашағы жайлы ойламақ тұрмақ, өз күнімізді зорға көріп жүр емеспіз бе?»

Бейтаныс әйелдің мына әңгімесіне бей-жай қарай алмадым. Бүгінде жұмысы бар адамдардың өзінің шеке майы шылқып жүргені шамалы ғой. Азғантай айлығының жартысын кредитіне төлеп, қал­ғанын­ ас-суына әзер жеткі­зеді. Ағайынның той-жиыны деген тағы бар. Айналып келгенде бәріміз бүгінімізбен ғана өмір сүріп жатырмыз. Ал бала­лары­мыздың ертеңі не бо­лар екен?

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!