Үйінде отырып-ақ кәсіппен айналысуда

06.09.2017
Қаралды: 461

Таяуда интернет желісінен бір жарна­маны көріп қалдық. Сосын онда көрсе­тілген телефон нөмірі арқылы хабарластық. 

Жарнама иесі – Гүлнұр Мәдішева есімді 29 жастағы келіншек Шығыс Қазақстан обылысының Жарма ауданына қа­расты Шуақ ауылының тұрғыны екен. Қолөнермен айналысқанына көп уақыт болмаса да көптеген тапсырыс берушілер тауып үлгеріпті.

«Мұндай өнермен айналысқаныма 7 айдай уақыт болды, – дейді Гүлнұр. – Интернет желісі арқылы үйренген едім. Мен негізі мұғалім болып жұмыс істеймін. Интернеттен ақпарат іздеп отырып бір видеоролик көріп қалдым. Моншақтарды  қалай тоқу керектігін көрсетіп қойыпты, содан үйрендім. Мастер-кластармен танысып, көп ұзамай моншақ тоқуды өзім де бастап кеттім.

Мен осы уақытқа дейін 100-ге жуық тапсырыс қабылдадым. Әр жасаған бұйымыма қанша материал жұмсалса, бағаны соған байланысты қоямын. Қолға тағатын білезіктердің бағасы 800 теңгеден басталады. Тойға, бесіктойға тапсырыс қабылдай беремін. Жаңадан туылған нәрестелерге моншаққа әкесінің аты мен өзінің атын жазып беремін, әсіресе осындай бұйымға сұраныс көп. Үйлену тойында келіншектің басына тағатын «ободоктар» жасаймын. Киімдердің жеңі мен жағасын әсемдеп беремін».

Гүлнұр өз ісінде қызықты жағдайлардың да болып тұратынын айтады.

«Бір аңғарғаным, тапсырыс берген адам қандай болса, істелінетін бұйым да дәл солай болып шығады, – дейді ол күліп. – Ол қырсық мінезді болса, онда моншақтар тізілмей, қайта-қайта үзіліп, шашылып, біраз әбігерге түсіреді. Дәл сол бұйым менің ойымдағыдай мінсіз болып шықпайды, қисық-қисық болып тізіледі. Ал мінезі жақсы адамдардың тапсырысы керісінше, уақытты да алмайды, жүйкені де шаршатпайды. Кереметтей болып тоқылады».

Гүлнұр мектепте қазақ тілі мен әдебие­ті­нен сабақ береді екен. Қазір декреттік демалыста болғандықтан осы бұйымдарды тоқумен хобби ретінде айналысып жүргенін айтады.  Болашақта осы кәсіпті тереңірек меңгергісі келеді екен.

 Біз бұл жас келіншектің жұмысына сәттілік тіледік. Өйткені ол жастарға үлгі болатын тірлік істеп отыр. Адам баласы әрекет жасаса көп нәрсеге қол жеткізеді екен. Соған көзіміз жетті.

Ө. РАУАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!