Бұл бокста таусылмайтын қызық көп

06.09.2017
Қаралды: 1239

Спорт әлеміндегі жұртшылықтың назарын аударатын сайыстың көбі бокста болып жататыны белгілі. Кешегі аптада да жанкүйерлер осындай бірнеше жекпе-жектің куәсі болды.

Фируза – қазақстандық

тұңғыш Әлем чемпионы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова «WBA»  (Халықаралық әйелдер боксы қауымдастығы) және «WBU»  (Әлемдік бокс одағы) тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрме­сіндегі амфитеатрда ұйымдастырылған жекпе-жекте болгариялық Милена Колеваны ұтты. 10 раундқа созылған қызу бәсекеде Фируза 100:90 есебімен жеңді. Сөйтіп оның есімі Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы әйел – Әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.

Фирузаның жасы кешегі 29-тамызда 23-ке толды. Кәсіпқой бокста осымен 8 жекпе-жек өткізді, оның 7-уінде жеңіске жетті, 1-еуінде ғана ұтылды. Ал Ми­ленаның жасы 29-да, ол 10 мәрте жекпе-жек өткізіп, оның 9-ын жеңіспен, 1-уін теңбе-тең аяқтаған болатын. Бұл жолы, яғни 11-ші жекпе-жегінде жеңі­лістің дәмін татты.

...Фируза Шарипованың ұлты – өзбек, ол Тараз қаласында өмірге келген, осында мектеп, колледж бітірген, кейін университетке оқуға түскен. Оның ағасы, екі інісі мен сіңлісі бар.

Фируза спортпен бала кезінен айналысады. Алғашында су және велосипед спорттарымен айналысқан. Бокспен 10 жасынан бері шұғылданады. 2012-жылы 64 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған­. Осы жылы өткізілген Азия біріншілігінде қола медаль иеленген. 2013-жылы 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы болды. 2014-жылы да осы салмақ бойынша бақ сынап, күміс медальға қол жеткізді. 2016-жылы қола медаль иеленді.

Ол 2016-жылдың мамыр айынан бері кәсіпқой боксте жүр. Арада өткен 1 жыл 2 айдан соң жеңіл салмақта екі тұ­жырым бойынша («WBA» және «WBU») Әлем чемпионы атанып отыр.

Фируза 2015-жылы тұрмыс құрған. Күйеуі – бұрын боксшы болған Денис Рыбак деген орыс жігіті. Ол да – тараздық, Фирузамен бір мектепте, бір колледжде, бір университетте бірге оқыған. Бокс секциясына бірге қатысқан. Денис – бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы, кезінде еліміздің құрама командасы қатарында бірнеше халықаралық жарыстарға қатысқан.

Биылғы 8-наурыз қарсаңында әлем­дегі ең сұлу боксшы әйелдердің «бестігі» жарияланып, онда Фируза №1-ші болып аталған еді. (Бұл рейтингте түбі колумбиялық Норвегия азаматы, 35 жастағы Сесилия Брекхус, Қарағанды облысының Абай қаласында туып-өскен, бүгінде Ресейде тұратын 41 жастағы боксшы Наталья Рагозина, 39 жастағы АҚШ боксшысы, әйгілі Мохаммед Әлидің қызы Лейла Әли және 35 жастағы тағы бір АҚШ боксшысы Холли Холм  бар).

Жұрт Фирузаны спортшы мен модель кәсіптерін қатар алып жүрсе де жарасады деген пікірде. Оны таяуда әйгілі Мохаммед Әлидің жаттықтырушысы болған Бадди МакГирт өзіне шәкірт болып дәріс алуға шақырған болатын. Фирузаны киноға түсуге шақырып жатқандар да бар. АҚШ-тың әйгілі «Тақтар ойыны» фантастикалық сериалына рольге шақырғандар болды.

Дегенмен әзірге Фирузаның алға қойған өз мақсаттары бар. Ол өзі пір тұтатын Мохаммед Әли, Рой Кіші-Джонс сияқты Әлем, Олимпиада чемпионы дәре­желеріне жеткісі келеді. Олимпиадаға қатысуды армандайды. (Әйелдер боксы 2009-жылы Халықаралық Олимпиада Комитетінің шешімімен олимпиадалық ойындар қатарына енгізілген).

Ең бай боксшының табысы

1 миллиард доллардан асты

Кешегі аптада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Ғасыр жекпе-жегі» атанған кездесу ұйымдастырылды. Қарсыластарынан ешқашан жеңіліп көрмеген АҚШ боксшысы, бокстың 5 тұжырымы бойын­ша Әлем чемпионы Флойд Мейвезер аралас жекпе-жек шебері, ирландиялық Конор Макгрегормен (ол бокстан бөлек, каратэмен, кик-боксингпен, таэквондомен, капоэйрамен де айналысады) жұдырықтасты. Кездесудің 10 раундында Мейвезер Макгрегорды техникалық нокаутпен жеңді.

Осы жекпе-жек нәтижесінде Мейвезер 100 миллион доллар гонорар алды. Макгрегор 30 миллион доллар алатын болды. Ал Мейвезерге билеттер және сувенирлік бұйымдар саудасынан түсетін үлес пен телетрансляция үшін төленетін ақыны қосқанда тағы да 200 миллион доллардай ақша тиесілі болады екен.

Сонымен Флойд Мейвезердің бокс жекпе-жектерінен тапқан табысы 1 миллиард доллардан асып отыр. Мұндай қаржыны әлем спортшылары арасында осыған дейін тек баскетболшы Майкл Джордан мен гольфшы Тайгер Вудс қана тапқан екен.

Қысқасы, Флойд Мейвезер әлемдегі ең бай боксшы дәрежесіне жетті. 2016-жылы жарияланған «ондық» тізімін бастағанда оның табысы 400 миллион долларды шамалаған еді. Содан бергі бір жыл ішінде ол өзін өкшелеп келе жатқан­ мықты боксшыларды тіпті шаң қаптырып кетті десек те болады. Мысалы, сол рейтингте одан кейін аталған Джордж Форманның табысы 250 миллион доллар деп көрсетілген болатын. Мэнни Пакьяо мен Оскар Де Ла Хойянікі 200 миллион доллардан болса, Леннокс Льюис пен Шугер Рей Леонардтікі тиісінше 130 миллион және 120 миллион доллардан деп көрсетілген еді.

...Міне, әлемдік бокс тарихында осындай да жаңалықтар болып жатыр.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!