Шымкентке келіп, қазақшасы нашарлап кетіпті

05.09.2017
Қаралды: 1211

«Замана» газетінің электронды почтасына Польша азаматы, белгілі лингвист-ғалым Генрик Янковскиден хат келді. 

Біраз жылдардан бері Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғалым таяуда біраз уақыт Шымкент қаласында болған екен, сонда көрген-білгені жайында жазыпты. Ғалымның бұл хатын оқырман назарына қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. Онда мынадай сөздер бар:

«Құрметті «Замана» ұжымы!

Қазақ тілінің күшті қорғаны деп саналатын қалаларыңызда екі айға жуық уақыт өткіздім. Осы арада тұрған жерім – №11-ші мөлтекаудан. Айнала Ресей сияқты. Көрші-қолаң далада әңгімелессе, бір орыстілді келсе болды, орысшаға көшіп кетеді. Даладағы балалар ертеден кешке дейін орысша сайрап ойнап жүреді.

Қазақша сөз тапшылық, жазбаша одан да жаман. Уәлиханов көшесіне шықсам,  киімдер,  «российский холодильниктер». Сыра ішейін деп бір мейрамханаға кірдім. Даяшы сыра не екенін білмейді, «пивоның» қасына «фисташки» ұсынады.

Шүкір, қазақы жерлер де бар, «Әлия» қымызханасы сынды. Қымыздары тамаша. Сол жаққа барайын десеңіз, орталықтан автобуспен келіп №36 мектептен өтіп,  «Уәлиханов» деген аялдамадан түсесіз. Алайда, мектеп мектеп емес,  «школа»,  Уәлиханов та  Уәлиханов емес,  «Урицкий». Аялдама да аялдама емес,  «остановка». 

Тек 11-18 мөлтекаудандар емес, тек Еңбекші ауданы емес, бүкіл Шымкент осындай. Барлық жерде «Green Bus Company»-дың «Conductor»-лары, өзгелер де, «школа», «больница», «Север», «Восток», «Озеро», «Колос» деп айқайлап жүр.

«Сен «Нұрсәтке» бар, ол нағыз бір қазақ ауданы», -- деп кеңес берді біреулер. Бардым. Алайда көзіммен не көрдім? « Стоянка для клиентов»,  «Сдам в аренду»,  «Дом продается»,  «Продается учас­ток», « Процедурный кабинет»,  «Место сбора при землетрясении». Міне, Қазақстан, міне, Шымкент!

Кезінде қазақшам жақсы еді, енді  Қазақстанда  біраз жүргеннен кейін нашарлап кетті. Кез келген жерде қазақ «если», «хотя бы», «чтобы», «или», «да» -мен сөйлем құрайды.

Жарайды, үйреніп қалдым, бірнеше күннен кейін кетем, ұмытам. Алайда бүгін көшеге шықтым, шыдамадым. Сіздерге хат жазайын деп ойладым.

Неге ақырында шыдамадым?  «Уәлихановта» жап-жаңа заманауи дүкен ашылған. «Фиркан».  Жарайды, бұларға да   үйреніп қалдым, жанында  «Мечта», «Надежда»  да бар.  «Біз ашылдық» деген орысшадан сөзбе-сөз аударылған ұрандарға да үйреніп қалдым. Бірақ та, тағы не көрем?  «Фрукты и овощи» деген жазудың үстінде не бар?  «Көкөністер мен жемістер». Енді, қалай,  «Азық-түлік» те  «Азықтар мен түліктер» бола ма? 

Ізгі тілекпен: Henryk Jankowskі».

Міне, поляк азаматы өз хатында осылай деп жазыпты. Сөз, сөйлемдер құрылысындағы, тыныс белгілеріндегі кейбір кемшіліктерін есептемегенде бұл кісінің ойын қазақша жеткізуі арамыздағы өз тілін менсінбейтін, өз ана тілінде қатесіз жаза алмайтын кейбір қандастарымыздікінен озық тұр деп ойлаймыз. Бұл тіпті жылдар бойы қазақша жазбақ түгілі қазақша тіл үйренуді қаперіне алмайтын өзге ұлт өкілдеріне де сабақ боларлықтай.

Г.Янковскидің бұл айтқандары рас, тілімізге дендеп еніп кеткен орыс сөздерінен арыла алмай келеміз. Оған әбден құлағымыз үйренгені сонша, тілін шұбарлап сөйлеп жүргендерге мұның қалай демейміз. Ал  сырт адамға ол бадырайып көрінеді екен. Янковски осыны айтады. Ендеше бұл кемшілігімізден ертерек арылғанымыз жөн-ау, ағайын!

...P.S. Ал енді «Заманаға» хат жолдап отыр­ған бұл азамат кім? Ғаламтор арқылы мұны да анықтадық. Профессор Генрик Янковскидің жасы қазір 65-те. Ол Польшада тұрады, Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің ғылыми қызметкері. Белгілі лингвист, шығыстанушы, түркітанушы ғалым, Польша Ғылым академиясының мүшесі, Польша Шығыстану қоғамының вице-президенті. Оннан аса шетел тілдерін меңгерген. Профессор аталған университеттің Азия­тану кафедрасының түркология факультетінде сабақ береді. Тіл ғылымына қатысты 100-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.

Г.Янковскидің жұбайы – қазақ қызы. Аты-жөні – Гүләйхан Ақтай. Ол кезінде Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде сабақ берген. Польшаға 2002-жылы арнайы шақыртумен барған. Олар 2011-жылы Польшаның Краков қаласында 20 мың сөзді құрайтын «Қазақ-поляк сөздігін» басып шығарған. Университетте қазақ тілі бөлімін ашқан. Бүгінде Г.Ақтай да – профессор, ол Познань университетінде сабақ береді.

Тағы бір айта кетерлігі – Познань университетіне жыл сайын бірнеше қазақстандық түлектер оқуға қабылданады, ал оқу ақысы бюджет есебінен екен.

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!