Ағаштар адамның аялағанын ұғына ма?

05.09.2017
Қаралды: 413

Естеріңізде болса, «Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде үйінде банан, киви өсіретін Сейткәрім Сейдіғазимов есімді азамат туралы жазып едік. Таяуда біз сол кісіден өрік ағашы туралы қызықты бір әңгіме естідік.

«Әпкем тұрмыс құрғаннан кейін бірде оның үйіне қыдырып барған едім, – дейді ол кісі. – Сол кезде жездем екеуі бауға жеміс ағаштарын отырғызып жатқан екен. Есік алдындағы құдықтың жанына өрік ағашының көшетін егіпті. «Бұл ағаштың  біз үшін орны бөлек», – деп қояды.

Сол көшеттен кейін мәуелі ағаш өсіп шықты. Жемістері ірі-ірі, тәтті болатын. Әпкемнің ауылына барған сайын сол ағашқа көп қараймын, әпкем мен жездемнің оны егіп жатқандағы сөздері есіме түседі.

Арада біраз жылдар өткен соң әпкем дүние салды. Құдайдың құдіреті, сол күні өрік ағашының жартысы өз-өзінен солып, кейін қурап қалды. Сосын қалған жартысын қыр­қып тастайық деп едік, жездем рұқсат бермей қойды. «Менің ендігі жұбанышым осы», – деді көзіне тығылған жас­ты саусағымен сілкіп тастап.

Ол өрік ағашы одан кейін де жеміс беріп тұрды. Бақша шетінде, көшеге қараған бетте тұрған соң өткен-кеткеннің бәрі өрігін үзіп жейтін, жерге түскенін теріп алатын. Ол өте берекелі еді, барлығына молынан жететін.

Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жездем қайтыс болды. Тура сол күні өрік ағашы түбінен сынып құлады. Бұған жұрттың бәрі таңқалысты, көпке дейін аңыздай етіп айтып жүрді.

 Мен осыған қарап жеміс ағашына қалай қызмет етсең саған да солай қызмет етеді-ау деген ой түйдім. Ағаштар да, гүлдер де тура адам сияқты, егер мәпелеп, аялап өсірсең, өнімін молынан береді. Ал қалай болса солай қарайтын болсаң ол тіпті жеміс бермеуі де мүмкін».

Сейткәрім аға осылай дейді. Бізді ол кісінің сөздері қатты ойландырды. Сонда ағаштарда да сезім бар болғаны ма?

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!