«Электричка» мәселесі елді ереуілге алып келуі де мүмкін

25.06.2016
Қаралды: 1453

Соңғы кездері Шымкент пен Сарыағаштың арасына қатынайтын «электричкаға» қатысты мәселе көбейіп тұр. 

Біреулер оның өз-өзін ақтамай жүргенін айтса, екіншілері пайда келтірмегендіктен бұл бағыттағы «электричканың» қысқартылып кету қаупі бар екенін алға тартады. Бірақ мәселе жұрт ойлағандай емес секілді. Бұл жөнінде бізге Сарыағаш ауданының Жылға ауылынан хабарласқан Райымбек Ералиев былай дейді:

«Төрт-бес жылдан бері «электричка» қатынап, тұрғындарға жақсы болып еді. Сарыағаш пен Жылғаның арасы – 35-шақырым. Осыған таксилер 500-600 теңге алады, «электричканың» билеті 90-ақ теңге. Ал Шымкентке дейін таксилер 1500 теңге алса, оның билеті – 442 теңге. Таңертең қалаға кетсек, кешке жұмысымызды бітіріп үйге қайтып келетінбіз. 

Өкінішке орай, соңғы кездері бұлай болмай жүр. Бір емес, талай рет Сарыағашта сол «электричкаға» міне алмай қалдық. Жұмыс істейтін бір ғана кассаның алды ұзын-сонар кезек болады. Одан билет алу мүмкін емес. Тіпті болмаса кассаның санын көбейтсін. Кезекшілер билетсіз ішке кіргізбейді. Менің өзім бірнеше рет қалып қойдым. Ал «электричка» бос кетеді. Сонда бұл кімге пайдалы?

«Электричка» Арыс қаласы арқылы Шымкентке жеткенше оннан аса елді мекенге тоқтайды. Соның барлығында мінген жолаушыларға іштегі жолсеріктер билет сатады. Сол жолсеріктер билетті Сарыағаштан мінгендерге сатса болмай ма?

Бұл жерде олардың ойлағаны қазынаға ақша түсіру емес секілді. Бізге басқа қоғамдық көлік қатынамайтындықтан «электричкадан» қалып қойғандар амалсыз таксиге барады. Ал олар ойларына келген бағаны айтады. Бұл жерде такси жүргізушілері билетсіз адам мінгізбеуді кезекшілерге тапсырып қойып, оларға күн сайын өздерінің үлестерін беріп отырады деген де сөз бар. Егер расында солай болса, бұл сыбайластық емес пе? 

Бос кетіп бара жатқан «электричкаға» билет ала алмағандықтан халықтың ашуы келуде. Нақты айтсам, 19-мамыр, 2 және 5-маусым күндері біреулер: «Біз билет алып болғанша «электричка» жүрмейді», – деп жолды жаппақшы болған. Бір кассадан билет алып үлгеру мүмкін емес. Іші бос «электричканың» кетіп бара жатқанын көргендер амалы таусылғандықтан осындай әрекеттерге де баруда. Бәрібір оларды полиция қызметкерлері күштеп жолдан шығарып, жолды ашуда. Әрине, жолды жапқан дұрыс емес. Бірақ халықты да түсіну керек қой. Қашанға дейін бұлай себепсіз қинай береді?

Әкімнің есеп беру кездесуінде мен өтіп жатқан пойыздарды бес мың тұрғыны бар Жылға ауылына бір минут болса да кідіртуді сұрадым. Әкімдер уәде береді. Бірақ осы кезге дейін халық алдындағы сөзін орындаған бір әкімді көрмедім. Егер жол жабудың кесірінен біреулер пойыздың астында қалып, қаза тапса не болмақ?»

Қысқасы, Шымкент пен Сарыағаштың арасына қатынайтын «элктричка» туралы осындай пікірлер бар. Егер осы айтылғандар шындығында рас болса, онда бұған жауапты адамдар қайда қарап отыр?

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ