Екі тойханасы, екі дүкені, моншасы бар атай

04.09.2017
Қаралды: 754

Істің көзін тауып, кәсіпкерлікпен айналы­сып,­ өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып­ жүрген азаматтар ел ішінде жетерлік. Шымкенттің іргесіндегі Шұбарсу ауылының тұрғыны Махмұтбек Мұхаммедов те 

(суретте) сондай іскер азаматтардың бірі. Бүгінге дейін Шұбарсуда екі тойхана, көпшілікке арналған үлкен монша, азық-түлік және құрылыс материалдарына арналған дүкен салдырып, оның жұмысын тоқтатпай жүргізіп отырған қария алдағы уақытта үлкен спорт кешенін салуды жоспарлап жүр екен. Таяуда бізге Махмұтбек Әлішерұлына жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

Ол кісіге қойған алғашқы сұрағымыз кәсіпті қалай, неден бастағаны туралы болды.­

«Мен 2004 жылы жасым 60-қа қараған шағымда Өзбекстаннан көшіп келдім, – деп бастады әңгімесін Махмұтбек Мұхаммедов. – Бес ұлым, екі қызым бар. Өзім шопырмын. Ол жақта жүргенде «КамАЗ» айдайтынмын. Өзбекстаннан Ресейге тауар апарып сатып күнелтетінбіз. Балаларымды да кішкентай кезінен бастап жаныма ертіп жүріп, саудаға үйреттім. Мұнда көшіп келгеннен кейін азық-түлік дүкенін аштық. Үш ұлым өзімнің жолымды қуып, шопыр болды. Бір ұлым Семейден құрылыс материалдарына керекті ағаш таси бастады. Осылайша саудамыз жүре келе құрылыс материалдарын сататын дүкен ашып алдық.

Жалпы, мен қолымда артық ақша ұстамайтын адаммын. Сәл ақша жинасам, оны дереу бірнәрсе салуға жұмсаймын. Ұлдарыммен ақылдаса келе ауылдан көпшілікке арналған монша салуды ұйғардық. Оның лентасын 2014 жылы Ордабасы ауданының әкімі қиды. Жалпы, жергілікті басшылардың қолынан іс келетін азаматтарға жылы сөзін айтып, ісін қолдап отырғаны да жақсы ғой. Жұмысыңды құлшына істейсің.

Монша іске қосылғаннан кейін Ерболат деген ұлым фитобочканың емдік қасиеті туралы біліп, Ресейдің Новосибирск қаласынан екі фитобочка алдырдық. Бүгінде ауыл тұрғындарының игілігіне жарап тұр. Білген адамға фитобочканың емдік қасиеті керемет қой. Фитобочкадағы бу жүректі сықпайды, түрлі ауруларға ем.

Моншаның жұмысын жолға қойғаннан кейін жанынан тойхана салдық. Осылайша ел қатарлы кәсібімізді дөңгелетіп, оның пайдасын ел де, өзіміз де көріп жатқан жайымыз бар».

Махмұтбек Әлішерұлы – 2006 жылдың желтоқсан айында Меккеге барып, бес парызының бірін орындап қайтқан қажы. Қайырымдылық жасауды қасиетті парызы санайтын ол кісі бірнеше жылдан бері ораза айында он бес үйді азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді екен. Сонымен қатар жыл сайын болатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысады. Ол кісі биыл төрт баланы киіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен.

«Ауылда бала-шағасы көп, тұрмысы нашар отбасылар аз емес қой, – дейді Махмұтбек қажы. – Тұрақты жұмысы жоқ талай отбасы қыс айларында отыннан да, азық-түліктен де тарығып, қиналып қалады. Сондайда әкімдіктегілер қоңырау шалып: «Мәке, біз отынымен қамтамасыз етейік, сіз азық-түлігіне жәрдем беріп жіберсеңізші», – деп өтініш жасайды. Қолымнан келгенінше ұны мен майын, шекерін, тағы басқа да қажетті азық-түлігін әперіп, жәрдем беремін».

Махмұтбек қажы жақында Грузияға барып келіпті. Айтуынша, Грузия­да өндірістік орындары жоқ, халқының жағдайы біздегіге қарағанда төмендеу екен.

«Грузияға туристер көп барады екен, – дейді Махмұтбек қажы. – Биылдың өзінде алты миллион турист барыпты. Біз Мұстафа Шоқай мен Жамбыл Жабаевтың барған жерлерінде болдық».

Орайы келгенде алыс-жақын шетелдерге саяхаттап тұратынын айтқан Махмұтбек қажы кейбір елдерден біздің көш ілгері екенімізді айтып қуанды. Сөйтіп кәсіп ашып, өз ісімен айналысатындарға қолдау білдіріп отырғаны үшін басшыларға алғыс айтатынын жеткізді.

Дүниесі жетіп тұрса да қарапайым қалпынан танбай, дүкенде саудасын істеп, қоңыржай тіршілік кешіп жатқан қарияның бұл тірлігі жұртқа үлгі боларлықтай екен.

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!