Нұрғалым Әбдіров – Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры

04.09.2017
Қаралды: 235

Еліміздің прокуратура саласында бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Елбасының келісімімен, Бас Прокурор Жақып Асановтың бұйрығымен 28-тамыз күні бірден 7 облыстың прокурорлары ауысты.

 Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметіне осыған дейін Ақтөбе облысының прокуратурасын басқарып келген  Нұрғалым Әбдіров  тағайындалды.

Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров 1967-жылы Қарағанды облысында өмірге келген. Қа­рағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы Совет ауданы прокуратурасының тергеу бөлімінде бастаған. Қарағанды облыстық прокуратурасының тергеу басқармасында бөлім прокуроры, Теміртау қаласы прокурорының орынба­сары, Қарағанды қалалық прокуратурасының бөлім бастығы, осы облыстағы Шет ауданының прокуроры болған. Қарағанды облыстық прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, Ақтөбе облысының прокуроры қыз­меттерін атқарған.­

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасын 2012-жылдың қыркүйек айынан бері басқарып келген Ибраһим Иманов Жамбыл облысының прокуроры болып тағайындалды.

Жамбыл облысының прокуратурасын басқарып келген Ернат Сыбанқұловқа Атырау облысының прокуроры қызметі жүктелді.

Ақтөбе облысына прокурор болып 2012-жылдан бері Қостанай облысының прокуратурасын басқарып келген Марат Қайыпжанов тағайындалды.

Ал Қостанай облысының прокуратурасын 2013-жылдан бері Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары болып келген Тимур Сүлейменов басқаратын болды.

Қарағанды облысының прокуратурасын 2016-жылдан бері Бас Прокуратураның департамент бастығы қызметін атқарып келген Марат Сексембаев басқаратын болды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуроры қызметіне осыған дейін Бас Прокуратураның департамент бастығы болып келген Құсайын Игембаев тағайындалды.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!