Терең құдық қазудан қорықпайтын қария

04.09.2017
Қаралды: 772

Бұл мақаламыздың тақырыбын осылай деп қойдық. Өйткені өзімізше батырлығымыз бар сонау бозбала шақта кластасымыз­ға жәрдемдесу үшін тереңдігі 12 – 15 метрдей болатын құдыққа түсемін деп қатты қорыққанымыз бар.

 Құдық іші төмендеген сайын тарыла түсіп, ауа жетпестей болып өкпеміз қысылған, ал құдық түбіне жеткенде жоғары қараймыз деп тіпті де шошынған едік. Сонда да намысқа тырысып, құдықтан бірер шелек лай шығарғанбыз. Құдық ішінде көп тұруға жүрегіміз дауаламаған болатын. Сондықтан жасы 70-ке жетсе де құдық қазудан қорықпайтын бұл кісінің ісін біз шын мәнінде де ерлікке теңейміз.

Әңгіме Шымкенттің «Азат» шағынауданында тұратын Әбдікерім Оразбаев (суретте) жайында. Біз Әбекең туралы «За­манада» осыдан 4 жыл бұрын, 2013-жылдың наурыз айында жазғанбыз. Содан кейін ол кісі туралы жергілікті және республикалық телеарналар көрсетті, бірнеше сайттар да жазды. Ал жақында Әбекең «Қазақстан» республикалық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасына арнайы шақыртылып, қатысты. Ол кісі бағдарлама қатысушылары мен телекөрермендерге қызықты әңгімелер айтып берді. Осы жиында сүйсінген жұрт­шылық оны батырға теңеді, киноға түсі­руге уәде еткендер болды.

Ал біздің осы Әбекеңмен таныстығымыз 2013-жылдың көктемінде басталған еді. Сол күні Шымкенттің «Кіші Самал» шағынауданына бір жұмыспен барғанымызда ол кісіні құдық қазып жатқан жерінде кезіктіріп, әңгімеге тартқанбыз. Сосын Әбекеңнің әңгімесін «Құдық қазатын адамның айтқандары» деген тақырыппен жариялаған едік. Ол газетіміз­дің «Ерекше адамдар» деген айдармен шығатын бетінде жарық көрді. Қазіргі тілмен айтсақ, осыдан кейін ол кісінің «жұлдызды өмірі» басталды. Мұны Әбе­кеңнің өзі де растайды, бізге алғысын білдіріп жүреді.

Ал осы Әбдікерім Оразбаевтың өмірінде  бүгінде не жаңалықтар болып жатыр? Біз ол кісімен хабарласып, осы жөнінде сұрадық.

«Осыдан екі жыл бұрын үй құрылысын бастағанымды білесіздер, – дейді ол кісі. – Сол үйді салып бітірдім, кірге­німізге бір айдай болды. Құдай қаласа, алдағы Құрбан айтта ағайын-туысты жиып, құрбандық шалып, құдайы ас бер­мекпін. Мал ұстайтын таныстарымнан 25 мың теңгеге семіз тұсақ алып қойдым. Осы тірлікті атқарып болғасын Жамбыл облысының Жаңатас қаласы жақтан тапсырыс берген адамның құдығын қазуға аттанамын. Пернебай деген азамат сол аумақтағы адырда отырады екен, мал өсіру, егін егу кәсібімен айналысады. Соған құдық қазып беремін. Негізі оны қазуды бастап қойғанмын. 18 метрдей қаздым, топырағы намдана бастады. Бұл – енді біраз әрекеттенсем су шығады деген сөз.

Ұзақ жылдар бойы құдық қазудан түйгенім, топырақ намдана бастаса, алға­шында ауа газдана бастайды, сосын көп ұзамай су шығады. Бір қызығы, осындай кездері құдықтың түбінде отырсам да киіміме немесе қол құралдарыма жылқы­ны төңіректейтін ірі қара шыбын болады­ ғой, сондай шыбын келіп қонады. Жарты­ сағаттай уақыт ішінде екі-үш мәрте төңі­рек­тейді де, сосын жоғалады. Қайдан, не үшін келіп, қайда кететінін білмеймін».

18 метр тереңдікті елестетіп көріңізші. Диаметрі автокөлік дөңгелегімен пара-пар ғана келетін құдыққа түсіп, осынша те­реңдікке сіз қаншалықты шыдар едіңіз? Үрей басып, тынысаңыз тарылмай ма? Ал Әбекең 18 метрге дейін құдық қазыпты, су шығуы үшін тағы да қаза түспек.

Осы орайда Ә.Оразбаевтың басынан өткен мына бір оқиға туралы да айта кетейік.

«Жаңылмасам, 2014-жылы болуы керек, – дейді Әбекең сол күнді еске алып. – Шымкенттің «Тараз» шағынауданы жақтағы «Самұрық» деген тойхананы біле­сіздер ғой, соған жақын аумақтағы бір үйде құдық қаздым. Су тереңнен шықты. 42 метрге дейін қаздым. Топырақ  намдана бастағаннан енді су шығатынын­ сезіп іштей қуанған едім. Кенет топан су кел­гендегідей гүрілдеген дауыс шықты да, аяғымның астынан су көріне бастады. Жоғарыға тартатын «лебедка» қой­ғанбыз, оған тарт деп белгі беріп үлгердім әйтеуір, көзі ашылған су кәдімгі фонтанға ұқсап атқылай жөнелді. «Тартыңдар!» – деп айқайлап жібердім. Жоғарыдағы жігіттер кранды дереу іске қосып үлгерді. Жоғары қарай шығамын дегенше атқылай көтерілген су маған жетіп ала жаздады. Тек 22-ші метрге жеткенде ғана тоқтады. Егер көмекшілерім сәл кешіккенде менің жағдайым тіпті де қиын болар еді.

Құдық қазып жүріп талай мәрте қор­қынышты, қауіпті жайларды бастан өткердік қой, бірақ дәл осы жолғыдай қатты қорқып көрмеген едім».

Әбекең осылай дейді. Ол кісі негізі әңгімеге онша жоқ, бірақ сөзбен жетелеп, қызықтырған сұрақты қойып отырсаңыз, ол кісінің кәсібі туралы кішігірім кітап жазып тастауыңыз да мүмкін. Өзіміз осындай әсерде болдық.

Әркім әрқалай қартаяды ғой. Біреулер 80-нен секіріп өткендей ширақ болса, ен­ді біреулер 60-ты алқымдағанда-ақ сыр беріп жатады. Қарттықтың дауасы жоқ дейді үлкендер. Ал Әбекең сол қарттықтың дауасын адал еңбекпен тауыпты. Жасы таяуда ғана 70-ке толыпты. (Төлқұ­жатындағы дерек бойынша ол кісі 1947-жылы 27-тамызда өмірге келген екен).

Кез келген адамның өз кәсібін жетік меңгеретіні сияқты Әбекең де құдық қазып, су шығарудың құпиясын әбден меңгерген жан. Судың қай жерден шығатынын екі электрод немесе алюминий сым арқылы анықтайды екен. Яғни қолына осы құрылғысын ұстап су ізделетін аумақты ұзыны мен көлденеңінен жүріп өтеді, нақты нүктені олардың бір-бірін тартып, айқасқан тұсынан табады.

«Талай адамның құдық қаздыру үшін арнайы көлік жалдағанын көрдім. Бірақ ол су көзін үнемі дұрыс таба бермейді. Сосын тапсырыс берушілер мені шақырады. Оларға бірден: «Су шығатын жерді дәл тауып беремін. Ақысы – 30 мың теңге. Егер де мен көрсеткен жерден су шықпаса, көк тиын да бермей-ақ қойыңыздар», – деймін. Көрсеткен жерімнен осы уақытқа дейін су шықпай қалған кезі болған емес», – дейді Ә.Оразбаев.

Тағы бір айта кетеріміз, Әбекең 70 жаста болса, ол кісінің жары Хансұлу өткен тамыз айында 50-ге толды. Яғни ол күйеуінен 20 жас кіші. Бұл отбасының бір қыз, бір ұлы бар. Олар кешегі күні 10-шы және 8-ші сыныптың табалдырығын аттады.

...Міне, бүгінде 70 жасқа толып отырған Әбдікерім Оразбаев – осындай ерек­ше­ адам. Ол кісі өзінің физикалық мүм­кін­дігіне сенімді, құдық қазуды жақын арада тоқтата салатын адамға ұқсамайды.

Мұсылманшылықта құдық қазу өте ардақты іс саналады. Ендеше Құдай Әбекеңе қуат берсін дейміз.

Р. ҚЫДЫР.

Әбдікерім Оразбаевтың байланыс телефондары – 8-702-596-77-96, 8-771-696-38-96.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!