Жүрегі тыныш адам – бақытты адам

04.09.2017
Қаралды: 754

Соңғы жылдары еліміздің әр облысында, қаласында қыз-келіншектерге арналған, оң жақта отырғандарының өз бақытын табуына, 

ал тұрмыстағы әйелдердің шаңырағының ынтымақ-берекесін кіргізіп, сүйікті жар атануына септігін тигізетін семинар-тренингтер көптеп өткізілуде. Міне, сондай семинар-тренингтерді өткізіп жүрген, қазақтың әйелдерін жан-жақты дамытсам, олардың таным көкжиегін кеңейтсем деп жүрген жандардың бірі – психолог Құралай Қалиева.­ Таяуда бізге ол кісімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Құралай ханым, әңгімемізді өмір­баяныңыздан бастайықшы. Қай өңірде дүниеге келдіңіз?

– Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданынанмын. Сүмбе деген таудың ете­гінде орналасқан кішкентай ғана ауылда туып-өскенмін. Сол жердегі орта мек­тепті тәмамдағанмын. Кейін жоғары оқу орнын оқимыз деп қалаға келдік те, ауылға ат ізін салмай кеттік. Қазір Алматы қаласында тұрамын. «Кайдзен» деп аталатын академияны құрдық. Ол негізі­нен отбасылық қарым-қатынасты және әйелдің тұлғалық қасиетін дамытуға көмектесетін мекеме. Ажырасудың алдын-алу жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, консалтинг, тренинг, коучинг сияқты тірліктермен айналысамыз.

– Психология саласына ден қоюы­ңызға не түрткі болды?

– Негізі бала күнімнен адамның жан-дүниесін зерттегенді, олармен сұх­баттас болуды, олардың энергетикасын анықтауды қалайтынмын, кімнің қай нәрсеге қандай көз­қараспен қарайтынын, қалай сөй­лей­тінін білу мен үшін қызық болатын. Яғни қолымда психолог деген диплом болмай­ жатып-ақ осы саланың қыр-сырын әжеп­теуір меңгеріп алғанмын десем болады. Соңында­ осы салаға түбегейлі бет бұрамын деп шештім де, жоғары білім алдым.

– Кей адамдар психологқа сырын айтуға жасқанады. Жалпы, психологқа қай кезде, кімдердің бар­ғаны дұрыс?

– Қазір ақпараттық технологияның заманы ғой, ғаламтор арқылы бәрін біліп алуға болады. Яғни психолог деген кім, оның қандай көмегі бар деген ақпаратты біле алады. Дегенмен, өкінішке қарай, психологқа тек науқастар, есі ауысқан адамдар ғана барады деп білетін кісілер әлі де болса көп. Ал негі­зінде ондай кісілерді психологтар емес, психиатр-дәрігерлер емдейді.

Біз адамдардың күйзеліске түс­пеуіне, қиындыққа қасқайып қарсы тұруы­на, бақытты өмір сүруіне көмектесеміз. Тығырықтан шыға алмай, көкейіндегі сауалдарына жауап таба алмай қинал­ған кезде қол ұшын береміз.

– Ерлі-зайыптылардың сезімі суымауы үшін не істеуі керек? Қандай кеңес берер едіңіз?

– Әр отбасының бір-біріне ұқсамайтын жетістігі мен кемшілігі болады. Кей­біріне қарасаң тамсанасың, ал кейбірі қынжылтады. Яғни адамдардың таным-түсінігі, қабылдау деңгейі, көзқарасы көп жағдайда бірдей болып шықпайды.

Бақытты отбасының құпиясы неде? Әйел адам мейлінше нәзік­тікті сақтап, дамытуы керек, әйелдік энер­гиясын көтеруі тиіс. Ал ер кісілер табиғатынан мықты, ойлау қабілеті жоғары болып жаратылған. Сондықтан олар әйелден көмек күтпейді, алдына түсіп шапқанын қаламайды. Тек қана әйелінің қолдауын қажетсінеді. Жігер бергенін, сенім білдір­генін қалайды. Сондықтан да әйелдер өзінің нә­зіктігін сақтай отырып, күйеуіне дем бергені дұрыс. Сонда ғана отбасында үйлесімділік пайда болады. Сонда ғана ер адам отбасының барлық жауапкершілігін өз мойнына алады.

Түптеп келгенде бәрі әйелге байланысты, бақытты болуы өз қолында. Әйелі бақытты отбасында өзге мүшелердің бақытсыз болуы мүмкін емес. Сондықтан, әйелдер, бәрін өзіңіз­ден бастаңыз, өзіңізді жақсы жаққа қарай дамытыңыз. Ойыңызды таза ұстаңыз. Ой тазалығы жүрек­тің тыныштығына сеп бо­лады. Ал жүрегі тыныш адамның әлбетте, бақытты болары анық.

– Ене келінді өз қызындай, келін енені өз анасындай көруі үшін не істеу керек?

– Ене келінге қамқор болып, қолдап, білмегенін үйретіп отыруы керек. Қолыңызға түскен келіннің біреудің әлпештеп өсірген қызы екенін, шаңырағыңызға балаңызды бақытты етемін, осы әулеттің ұрпағын көбейтемін деп келіп отырғанын ұмытпауыңыз керек. Бауырыңызға басып, сіңісіп кетуіне жәрдем етіңіз. Келініңіздің тек жақсы тірлігін, жылы сөзін ойлап жүріңіз. Сонда бойыңызда келі­ніңіз­ге деген жақсы энергия қалыптасады. Ал мұны келін­нің сез­­­­беуі мүмкін емес. Сіз­­дің қолдауыңызды, қамқорлығыңызды се­зінген келін­нің жаман іске баруы мүмкін емес. Яғни балаңыздың бақытты болуы, бақытты ша­ңырақтың иесі атануы сіздің қолыңызда дегім келеді. Мұнымен келіннің алдына түсіп жалпақтап кетіңіз де­меймін. Керек жерінде мейіріміңізді төгіп, керек жерінде ақылыңызды айтып отырғаныңыз жөн. Бірақ тырнақтың астынан кір іздеп, әр істі жіпке тізе берген дұрыс емес.

– Қазір ел-елді аралап тренинг өт­кізе­тіндер көбейіп кет­ті. Сол кісілердің қайсысының кәсіби, тә­жі­ри­белі маман екенін қа­лай ажыратуға болады?

– Иә, ол рас. Қазір ондай семинар-тренингтер көптеп өткізілуде. Ол үшін қуануымыз керек. Себебі бұл халқы­мыздың психологтарға деген көзқарасы оң қа­лыптасып, өздерін дамытуға деген құлшынысының артып жатқанының белгісі. Ал ондай шараларды ұйымдастырып жатқан психологтардың еңбегі жоқ деп айта алмаймын. Ол кісі­лер­дің білімі мен білігін тек өт­кізіп жатқан жиын­да­ры­на, дәрістеріне қа­ты­су арқылы ғана ажы­ратуға болады. Сондықтан бі­лім алуға құмартыңыздар, өтіп жатқан семинар-тренигтерге қатысыңыздар дегім келеді.

– Қа­зір­гі заманның балаларын қалай тәрбиелеген дұрыс?

– Ұл тәрбиесінде әкенің ор­ны ерек, ал қызға ананың тәрбиесі керек. Әке ұлын нағыз ер-азамат етіп, шынықтырып, шымыр етіп өсіруі тиіс. Ал қызға әрдайым қамқорлық танытуы керек. Ал ана ұлдың тәр­биесіне қаталдық танытпай, кері­сін­ше, одан қамқорлық күтетінін сез­­дірсе деймін. Яғни қиналып тұрса кө­­мек сұ­рап, жәрдемдесуін қалап тұрса, «қарындастарыңа қамқор бол» деп үнемі құлағына құ­йып жүрсе, онда ол ба­ла өскенде өз әйеліне де қамқорлық таныта алады. Баладан қамқорлық талап етуді ол 3 жасқа толғаннан-ақ бас­тай беріңіз. Яғни базардан қайтарда ауыр болмаса да бір затты көтеруін өтініңіз. Басқа да нәрселерді жылы сөзбен жеткізе отырып істете беру керек.

– Сіздіңше, әйелді әдемі ететін не нәр­се?

– Әдемілік – тән сұ­лулығы мен жан сұлулығының үйлесімділігі. Өмір кешіп жат­қан үйі­ңіздің терезесінің әйнегі сіз делік. Отбасыңызға сол терезенің әйнегі арқылы сырттан күннің нұ­ры, шуағы кіреді. Ал сіз сол әйнектің бергі бетін ғана жуып, яғни әдемі киініп, тән қалауының бәрін жасап, керемет ханым болып жүрсеңіз, ал арғы бетін кір басып, лас болып тұрса, яғни ішкі жаныңызбен жұмыс істе­месеңіз, он­да бәрі бекер деген сөз. Сондықтан сырт келбетпен қоса ішкі жан-дү­ниеңізді де таза ұстаған жөн. Үнемі күліп жү­ріңіздер! Күліп жүретін жанның ағзасында бақыт гормоны кө­бейеді. Яғни одан адам жасарып, ажарлана түседі. Ал үнемі мұңа­йып, айналасынан кемшілік із­деп жүретін жанның ағ­засында қайғы гормоны – кортизол түзіледі. Ал ол сырт келбетіңізге әсер етеді де, ешқандай косметика, қымбат кремдермен оны жасыра алмауыңыз мүмкін.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан - А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!