Жабылмаған банкалар қалай атылатын?

04.09.2017
Қаралды: 584

Жаз да бітуге таяу қалды. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, бұл әйелдердің тосап қайнатып, салат әзірлеп, қызанақ пен қиярды маринадтап, тоқтамай банка жауып, аласұрып жатқан кезі ғой. 

Бірер күн бұрын Қырғы базарға барсам, жеміс-жидектің саудасы қызып тұр екен. Ақыры келіп қалғасын құр кетпейін деп компот пен тосап жауып алу үшін құлпынай, таңқурай, алқоры алдым.

Үйге барған соң банка жабудың қамына қызу кірісіп кеттім. Кейін бәрін бітіп, уһ деп демімді алып отырғанда осыдан біраз жыл бұрын болған оқиға есіме түсіп, ішек-сілем қатып, тоқтай алмай күлмесім бар ма?

...Сол жылы құрбым ауылдан қалаға көшіп келген. Балалары кішкентай, балабақшаға әлі орналастырмаған. Күйеуі ертеден қара кешке дейін жұмыста болады. Күн ұзаққа бала бағып шаршайтын құрбым сенбі-жексенбіде балаларын күйеуіне тастап, біздің үйде банка жабатынымызды айтып сұранып келеді. Қайдағы банка жабу? Үйге келген соң менің күйеуіме де бір сылтауды айтып, екеуміз үйден шығып, кафеге отырамыз, саунаға, сұлулық салондарына барамыз. Әйтеуір қыдырудың, көңіл көтерудің есебін табамыз. Содан құрбым күйеуіне біздің үйге әр келгенінде он-он екі банка жаптық деп айтып барады екен. Бірақ бірде-бір банка жаппағанбыз. Өз өтірігін жабу үшін ол маған: «Сен үйге әр келгенде «алты-жеті банка атылды» деп айтшы», – деп өтінді. Мен де әр барғанда пәлен банка атылды деп есептемей айта беріппін. Күйеуі құрбымнан жеті-сегіз жас үлкен болғасын ол кісіні  аға тұтамын, ол мені қарындасым дейтін. Содан бір күні үйлеріне тағы да барып банканың атылғанын айтып отырсам, ағам: «Қарындасым-ау, «подружкаңның» айтуымен есептегенімде, жапқан банкаларың қырық-елуден аспаған сияқты еді. Сенің атылған банкаларыңды есептесем жүзден асып кетті ғой», – деп күледі. Біз де қосыла күлдік. Сөйтсек, ол кісі де біздің басымыз қосылса, қаланы аралап қыдыратынымызды біледі екен ғой.

Тағы бірде мынадай қызық болды. Екі кештің арасында құрбым келіп тұр. «Сені жілік ет алыпты, бірақ өзі осып-тұздай алмайды екен, мені көмектес деп шақырды дедім», – дейді. Сол жолы күйеуім үйде жоқ болатын, екеуміз тәттілеп шай ішіп, әңгімені жіберіп отырсақ, құрбымның күйеуі келіп тұр. Ауылдағы інісі үйленіпті, бұл хабаршылыққа кетіп барады екен. Жолай әйелін ала кетейін деп үйге соққан ғой. Маған: «Қарындасым, қайтарда соғамыз, соғымыңнан жақсылап асып қой», – дейді. Құрбымды шымшылап: «Енді не істеймін? Ертең шынымен келіп тұрса, қандай ет асамын?» – десем, ол қысылар емес: «Құдай-ай, сол да қиын болып па? «Балконға жайып қойсам ұрлап кетіпті» дей салсай», – дейді.

Өмірдің өзі анекдот деген рас қой. Жас кезде шулаған бала мен күйеулеріміздің кіржиген қабағынан бір сәт демалу үшін осындай аздаған қулықтар жасап қоюшы едік.

М. ӘЛІП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!