Волонтерлерге зіркілдеп жүргендерді көріп қынжылдық

04.09.2017
Қаралды: 451

Астанадағы «ЭКСПО» көрмесі де бітуге таяу қалды. Мұндай жақсы нәрсе жыл сайын өтіп жатқан жоқ қой деп бала-шағамызды алып, біз де көрмені тамашалауға барғанбыз. 

Бүгінде оны біреу мақтап, біреу даттап жатыр ғой. Ал өзім іштей бәріне жақсы деген баға беріп қайттым. Мені тек кейбір адамдардың дөрекілігі мен мәдениетсіздігі қынжылтқан еді. Бұл жайлы үндемей қалуды жөн көрмедім.

«ЭКСПО» қалашығындағы амфитеатрдың жанында балаларға арналған саябақ бар екен. Павильондарды аралап шыққаннан кейін ата-аналар сол жерде балаларын қыдыртуына болады. Ол жерде балалардың асыр салып ойнауына барлық жағдай жасалған. «3Д ручка», «3Д көзілдірік», велосипед сияқты балаларға керекті ойыншықтармен қамтамасыз етіпті. 1 – 6 және 6 – 16 жас аралығындағы балаларға арналған арнайы алаңдары да бар екен. Қысқасы, балалардың демалуына жақсы жағдай жасалған.

Саябақта аниматорлар мен волонтерлер, яғни саябақтың өз қызметкерлері мен еріктілер қызмет көрсетеді екен. Еріктілердің тегін жұмыс істейтіні белгілі. Сұрастырғанымда олар екі ауысымға бөлініп, 8 сағаттан жұмыс істейтінін айтты. Бірінші ауысымдағылар таңертеңгі 08.30-дан сағат 16.00-ге дейін жүреді, ал екінші ауысымдағылардың жұмысы түнгі 11-де бітеді. Базар нарқы күн сайын қымбаттап жатқан бүгінгідей қымбатшылық уақытта жастардың қоғамға пайдамыз тисін деп өз еріктерімен тегін жұмыс істеп жатқанына біртүрлі ішің жылып қалады екен. Еріктілердің басым көпшілігі – өзіміздің қаракөздер. 

Ұлым мен келінім павильондарды аралауға кетті де, мен немерелеріммен осы балалар саябағында қалдым. Саябақты аралап жүріп бір жап-жас келіншектің өрімдей жас қызды жер-жебіріне жетіп ұрсып жатқанын көрдім. Сондағысы – «Таблетка» деп аталатын  ауыр әткеншекте баламды тербетпедің дейді. Волонтер қыздың: «Апай, бұл менің міндетіме кірмейді. Мен тек кезекті реттеп, тәртіпке қараушымын», – деп түсіндіргеніне қарайтын емес. Орысша-қазақшасын араластырып, ана қызды әбден тілдеді. Бір жаманы, сол келіншектің жанында тұрған өзге ата-аналар оған қой демеді.

Одан өтіп «ЭКСПО кидс» деген жазуы бар жерге барсақ, волонтерлер 2 – 4 жасар балаларды жетектеп, шатырдың астына қарай апара жатыр. Кездескен ата-аналардан: «Мына балалар сіздердікі емес пе?» – деп сұрайды. Шатырдың астында құқық қорғау қызметкері отырады екен. Ол баланың аты-жөнін тіркеп, ата-анасын тауып беруге көмектеседі. Әлгі азамат рациямен әлгі балалардың атын атап, ата-анасын межелі жерге келуге шақырды. Сол жерді айналып жүргенбіз, әлгі балалардың анасы-ау деймін, бір әйелдің шаңқылдап жатқан даусы естілді тағы. Не боп қалды деп жақындасақ, екі баласының қолынан ұстап алған әйел: «Ештеңе де жазбаймын!» – деп ашуланып жатыр екен. Құқық қорғау қызметкері әйел екен: «Балаларымды аман-есен қолыма алдым деп жазып бергеннен ештеңеңіз кетпейді ғой, біздің жұмысымызға керек», – деп түсіндіріп әлек. Ал ана әйел болса: «Немене, түймедейді түйедей қылып? Жазбаймын дегесін жазбаймын! Мен балаларымды жоғалтқан жоқпын, осы жерде жүргенін біліп отырмын», – деп бет бақтырар емес.

Тағы бір үп-үлкен еркектің өрімдей жас волонтерге: «Еркек емессің бе?! Неменеге шаршайсың? Қозға әткеншекті!» – деп дүрсілдеп тұрғанын көріп, ана жас балаға жаным ашып кетті.

Кейбір адамдардың мәдениетті орындарда өзін мәдениетсіз ұстауы, дөрекі мінез көрсетуі көңіліңді қынжылтады екен. Бүкіл әлем тамашалап жатқан көрмені көруге барыпты, балаларын сондай әдемі жерде қыдыртқысы келіпті, оған барлық жағдай жасалғанын көзі көріп тұр. Ендеше, өзіне сыпайы қызмет көрсетіп, сұрағына жауап беріп тұрған жастарға мінезін көрсетпей жайына жүрсе болмай ма осы адамдар деп қатты қынжылып қайттым. Осы біз мәдениетті болуды қашан үйренер екенбіз?

Айша АҚБЕРДІҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!