Қазақша түсінбейтін қазақы төбет

31.08.2017
Қаралды: 530

Ауылға бардым. Ауылда көктем – бір керім,

Алдымнан шықты арманшыл бала күндерім.

Қалада жүріп, қаталап қаппын қырды аңсап,
Сағынып қаппын сабалақ иттің үргенін.
 
         Қарашаңырақ. Әкемнен қалған көзіндей.
         Қараша үйді жырлаймын әлі көз ілмей.
         Қарасирақ ұл аулада итпен ойнап жүр,
         Қаршадай күннен ит жанды болған өзімдей.

Қазақы тұқым, құлақ, құйрығы кесілген,
Қусам да кетпес тоңмойын төбет есімнен.
Беймаздау бала ат қылып мініп алса да
Былқ етпей жатыр. Сақтасын Құдай кесірден!

         Сұқтана қарап сұрына мынау «батырдың»,
         «Кә-кә!» деп итті өзіме таман шақырдым.
         Бұрмады мойнын «Кім едің өзің?» дегендей,
         Ұқпайды-ау сөзін бөтенсіп қалған пақырдың.

Болмысы маңғаз, шабаланбайды, үрмейді.
«Кел, кел!» деп көрдім, бір табан бері жүрмейді.
Інімнің кенже баласы кенет деп салды:
– Ата, бұл төбет қазақша мүлде білмейді.

         – Қалайша? – дедім. – Итте де сонда тіл бар ма?
         Бұл жарықтыққа құлақ берген ғой тыңдарға.
         Қазақы төбет – Бөрібасардың тұқымы,
         Иесі айтса жетпей ме шолақ мұндарға?

Тіліне қарап таңдай ма иттің қайбірін,
Көкірегімде күйреді төбет жайлы ұғым.
– Макстың иті. Есімі  – Пират. Үш жаста,
Аманат қылып қалдырып кеткен ай бұрын.

         – «Макс» дегенің – шетелге кеткен Мақсат па?
         Бұл «Пират» болса, жарыған екен жақсы атқа.
         Қазақы итке қазақша ат құрып қалған ба,
         Не деген бәле, атаңды, балам, қақсатпа!

– Қараңыз, ата, қазақша сөзге қыңбайды,
Орысша сөз бен ағылшыншаны тыңдайды.
«Пират, встать!» – деп бұйырып еді, төбетің
Орнынан тұрып, байқатты «ізет», ыңғайды.

Інімнің ұлы: «Ко мне!» деп, «Апорт!», «Сидеть!» деп,

Айтқанын итке істетіп жатыр түйдектеп.

Қазақтың тілін өзі білмейтін «Максқа»

Қалай айтарсың итіңе тілді үйрет деп?

Қасиетсіз болса қайтесің итті байлап құр,
Қолыңнан келсе итіңе, қазақ, қой бақтыр.
Қазақша бір сөз ұқпайтын мынау нән төбет
Ағылшыншаға жүйрік екен-ау, «сайрап тұр».

         «Стенд ап!», «Кам он!» Бұйрықтың бәрін қағып ап,
         Сэм ағай келсе төбетің бірден танымақ.
         – Ағылшын тілін үйрену оңай итке, – деп,
         Пиратты қоршап, бала біткен мәз жамырап.

Қазақы төбет қазақша ұқпай қорлады-ау,
Шетелге кеткен не ойлайды екен сорлы анау?
Қазақтың тілі өркениеттің жолында,
Интернет түгілі, итке де керек болмады-ау!

          Жаратқан Тәңір, үміттің көшін қиратпа,
         Тіл үшін бізді сүйрелей көрме Сиратқа.
         Қаланы қойып, алыста жатқан ауылда
         Бөрібасарлар айналып жатыр Пиратқа.

Темірғали КӨПБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!