Сұраныс бар жерде – ұсыныс бар

30.08.2017
Қаралды: 318

Бүгінде нәпақасын той төңірегінен тауып жүрген адамдар аз емес. Қаражатыңызға қарай тойыңызды бастан-аяқ ұйымдастырып, 

қызықты сәттер ұмытылмас үшін видеоға, суретке түсіріп беретіндер де баршылық. Той мен қуаныш­қа қызмет ететіндердің бірі Медет Тұрмахановпен (суретте) орайы келгенде әңгімелескен едік.

Айтуынша, Медеттің бұл салада жұмыс істеп жатқанына он бір жылдан асыпты. Қызметін бір емес, бірнеше рет пайдаланған тұрақты клиенттері де бар екен. Ол өзін видеограф, режиссермін дейді. Яғни тойды видеоға түсіріп, монтаждап, клиентке дайын дискіні ұсынады.

«Қазір той істейтіндер тойының ерекше, есте қаларлықтай болып өтуіне көбірек көңіл бөлетін болған, – дейді Медет Тұрмаханов. – Біз тойды ғана емес, «Лав стори» де түсіреміз. Былайша айтқанда, жастардың танысқан күнінен бастап, үйленгенге дейінгі ерекше есте қаларлық сәттерінен қысқаметражды фильм дайындаймыз. Ол да жастық шақтың керемет бір естелігі болып қалады.

Сүндет той, үйлену тойы, мерейтойлардан бөлек, нәрестені перзантханадан салтанатпен шығарып алатындарға да қызмет көрсетеміз. Видео қызықты болып түсуі үшін оған арнайы сцеанарий жазып, ұсынамыз. Себебі онсыз да мың сан жұмыспен басы қатып жүрген адамның тойдың сценариін ойлауға мұршасы болмайды. Бір сценарийді барлық клиентке ұсына алмайсың, әр адамның талғамы әртүрлі. Сондықтан олардың талғамы мен талап-тілегін де ескереміз.

Видео сапалы түсуі үшін ең алдымен техника соған сай болуы керек. Біз ол жағын да қамтамасыз етіп қойғанбыз, сурет те, видео да түсіре беретін соңғы үлгідегі «Марк-ІІІ»  деген аппараттарымыз, вертолет квадрокоптер сияқты жабдықтарымыздың бәрі түгел. Видеоны кәсіби деңгейде монтаждайтын монтажшыларымыз да бар».

Жақсылық пен қуаныштың жаршысы болып жүрген Медет өзін ғана емес, тағы төрт адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Тойдан бөлек, олар өз қызметін жарнамалаушы мекемелерге видеороликтер де түсіріп береді екен. Қызмет ақысы жайлы сұрағанымызда, ол қатып қалған баға жоғын айтты. Баға әдетте тапсырыс берушінің шама-шарқына қарай келісіледі екен.

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!