Ең әуелі өзіңізді өзгертіңізші!

29.08.2017
Қаралды: 482

Таяуда Шымкенттің Тәуке хан даң­ғылы мен Т.Орынбаев көшесінің қиылысындағы көпқабатты үй ауласынан бір келеңсіз жайды көріп, қатты қынжылдым. 

Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана қойылған орындықтар мен «беседкалардың» тақтайшаларын біреулер жұлып алып тастапты. Отыратын жер жоқ.

Не деген жаны ашымастық, ойсыздық десеңізші! Тұрғындар үшін жасал­ған, жарасып тұрған орындықтарды жоқ ету кімге керек болды? Арамызда осындай сана-сезімі таяз, мәдениеттен жұрдай адамдардың бар екені өкінішті. Қоршаған ортаны ластап, бар нәрсені бүлдіріп кету біздің қоғамымыздың әдетіне айналғандай. Осыны ойлап көңілім құлазыды.

...Осыдан 600 жылдай бұрын Англияда өмір сүрген бір дін адамы мынадай өсиет қалдырған екен: «Жас кезімде шексіз қиялымның жетегіне еріп, әлемді өзгертуге тырыстым. Бірақ есейе келе әлемнің өзгермейтініне көзім жетті. Сондықтан шешімімді өзгертіп, тек қана өз елімді өзгертуге ұмтылдым. Бірақ одан да түк шықпады. Кәріліктің дәмін татқан шағымда соңғы үмітіммен өз отбасымды, жақын туыстарымды өзгертуге бел будым. Бірақ олардың менімен санасқысы келмеді.

Енді өмірімнің соңғы кезеңінде күтпеген жерден мынаны түсіндім: егер мен ең алдымен өзімді өзгерткенде, сол кезде өзім үлгі болып, отбасымды өзгертер едім. Олардың қолдауымен мен бәлкім өз елімнің жағдайын жақсартатын ба едім, кім біледі... Мүмкін тіпті әлемді де өзгертер ме едім?..»

Осы сөздер оның құлпытасына қашалып жазылыпты. Ендеше әрқай­сымыз алдымен өзімізді тәрбиелеп, адамгершіліктің, имандылықтың, мәдениеттіліктің үлгісі бола білгеніміз дұрыс, ағайын! Әдепті болайық, мәдениетті болайық, кейінгілерге өнеге көрсетейік. Әйтпесе мен жоғарыда айтып өткендей келеңсіздіктер көбейіп, жаман әдетке айналып, қоғамға зиянын тигізе береді. Ондайға баршамыз болып тосқауыл қойғанымыз дұрыс. Осыны үлкен-кіші барша адамдарға айта жүріңіздерші!

М. ТӨЛЕНДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!