Бұзаубас сатылуда, бұзаубас...

29.08.2017
Қаралды: 882

Араның уы, жыланның сорпасы, сүліктің сілекейі бүгінде дәстүрлі емес медицинадағы тиімді ем түрі саналып жүр. 

Олардың көмегімен көптеген ауруларға шипа дарытып, науқастың жағдайын жақсартып жүрген жандар да бар.  Кәдімгі қоңызды қатерлі ісікті қайтарады деп саудалайтындарды да кездес­тірдік. Енді бұзаубасты кептіріп, ұнтақтап, ағза тазалайтын дәрі деп ұсынатындар жайлы жарнама көбейді. Біз осындай жарнама иесінің бірімен сөйлесіп көрген едік. Майра есімді атыраулық келіншек біздің қойған сұрақтарымызға бүкпесіз  жауап берді.

– Бұзаубастан дәрі жасап сатамын депсіз. Ол қандай дәрі?

– Мың да бір ауруға дауа болатын дәрі. Өте керемет! Ағзаны тазалайды, жасартады. Жүрек ауырса да, бүйректе тұз, өтте тас болса, бауырыңыз сыздаса, асқазанда жара болса, өкпедегі құрт пен кох таяқшаларынан да түк қалдырмайды. Тіпті рак болса да жазып жібереді. Менен көп адамдар алып ішеді. Бәрі риза. Бұзаубасты Қытайдан әкелемін. Сосын ұнтақтап, өзім дайындап беремін.

– Сонда тірі бұзаубас­тарды әкелесіз бе?

– Жоқ, ол жақта бұзау­бастың ерек­ше түрін жазда – топырақ нәр­леніп, өсімдік тамырымен қорек­теніп, толысқан кезде ұстап, кеп­тіреді. Мен адамның қай жері ауыратынын сұ­рап аламын да, денсаулық жағдайына байланысты қанша уа­қыт ішу керек екенін анықтап, керек мөлшерде ұнтақтап, қорапшаға салып бе­ремін. Қорықпаңыз, оған ештеңе қоспаймын. Таза табиғи дәрі.

– Бағасы қанша?

– Бір қорапшасы 10 мың теңге болады. Шай қасықпен күніне екі рет ішсеңіз бір айға жетеді. Ал егер асқынған ауру болса күніне үш немесе төрт рет ішу керек.

– Сонда асқынған ауруды да жазып жібере ме?

– Сенбей тұрсыз ба? Менің мұны сатқаныма он жылдан асты. Өтімде, бүй­регімде тас бар деп, операция жасатудан қорыққан талай адам алып ішті. Бәрі де қазір түк болмағандай сап-сау жүріп жатыр. Тастары еріп түсіп қалған. 

– Дәрігер кеңесінсіз тас­ты ері­ту қауіпті деп жатады. Орнынан жылжып кетсе «приступ» бе­руі мүмкін ғой.­

– Бұзаубас «приступсыз» ерітеді. Жай ғана өзі еріп түсіп қалады. Талай адам тас­тан солай құтылды ғой. Үш ай ішті, бітті. Бүкіл ағзаны тазартып, толығымен сауығып кетемін десеңіз, рак, цирроз сияқты асқынған ауру кезінде де үш ай ішеді. Оған отыз-ақ мың теңге кетеді. Алыста тұрамын деп уайымдамаңыз, таныс «проводниктер» бар, әдемілеп қорапқа салып, пойыздан беріп жіберемін, кү­тіп аласыз. Тек ақшасын карточкама алдын-ала төлеуіңіз керек. Кеше ғана жаңа тауар келді, аласыз ба? Сұрап жатқандар көп, «свежий» кезін­де үлгергеніңіз жақсы.

– Ракты да емдеп жазады деп қайта-қайта айтып жатырсыз. Өзі­ңіз­де осы ау­ру бойынша ішіп, жазылған адам болды ма?

– Көп қой ондайлар. Ой, қазір ракпен ауыратындар, цирроз, туберкулез де көп. Бәрі ішіп жатыр. Негізі адам бір жері ауырса ештеңе етпейді деп жүре береді. Ол ауру екіншісіне әсер етеді. Сөйтіп асқазан – өтті, өт – бауырды, бауыр – бүйректі ауыртып, жалғаса береді. Бұзау­бастан дәрі сатамын деп ағзаның бәрін біліп алдық қой. Кімге қанша уа­қыт ішу керек екенін түсініп қоямын. Ал мұны профилактика үшін де ішіп жүрген жақсы. Зияны жоқ. Ал пайдасын айтсаңызшы!

– Рактан, туберкулезден жазылған бір-екі адаммен сөйлестіре аласыз ба?

– Қайсыбірін есте сақтай беремін? Өзім үйдемін, кішкентайым бар. Тек ауырып, дәрі керек деп шырылдағандарға көмек болсын деп тез-тез дайындап беремін.

Осылай деген Майра дә­ріні алмайтынымызды тү­сінді ме, «Өзіңіз ішіп көр­діңіз бе?» деген сұрағы­мызға жауап бермей, қоштасуға асықты.

...Бұзаубас шынымен барлық ауруға ем бола ма? Бұл сұрақтың жауабын біз түрлі дерек көздерінен із­дестіріп көрдік. Кәсіби халық емшісі, Шығыс медицинасын меңгерген Әсет­күл қажы Сариева былай деп жазыпты: «Бұзаубас – улы жәндік. Бірақ бүкіл денесі дәрі. Жаз бен күзде оны ұстап алып, қайнап тұрған суға салып өлтіріп, кептіреді. Оны ұнтақтап, күніне үш рет қайнаған сумен ішсе, бауыр қатаюына, жеңіл дәрежеде ішке у жиналғанда, несеп азаю ау­руына ем. Қара андыз бен бір бұзаубасты ұнтақтап, қай­наған сумен ішсе, ішкі ағзалардың қызметін рет­тейді. Ал екі дана бұзаубас, жасыл бұршақ өркенінен жарым кило, ақ бұршақтан екі мысқалды қосып, жаншып, шырынын ішсе, буын қыз­мет­терін жақсартып, қол-аяққа қуат береді. Бүйрек қабынып, ісінсе, несеп жолында тас байланса, алты дана бұ­заубасты қақтап, кептіріп, тал­қандап, үшке бөліп, дәрілік сары арақпен күніне үш рет ішсе, ем болады».

Қытайдың Оңтүстігіндегі Хайнань провинциясында бұзаубас өсі­рілетін арнайы экологиялық таза аймақ бар. Пісіп-жетілген бұзаубасты онда 37 градус температу­рада кеп­тіреді. Бірақ онда бұзаубас ұнтағына емдік өсімдіктер қосып дәрі жасайды. Тубер­кулез, бауыр ауруларында бұл дәріні дәрігер ғана тағайындауы тиіс. Өйткені дене қы­зуының кө­терілуі, жүрек айнуы, іш өтуі сияқты жағымсыз әсері болуы мүмкін.

Табиғатта бұзаубастың 110-нан астам түрі бар. Адамды шақса өлтіріп жіберуі де мүмкін оның барлық түрі ем емес.

...Қалай ойлайсыз, Майра айтқандай, бұзаубас ұнтағын ішкен рак пен туберкулез, циррозбен ауырғандар түгел жазылып кетіп жатса, бұл аурулар көрсеткіші неге азаймай отыр?

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!