Залалсыздандырудың пайдасы көп екенін ескеріңіз

29.08.2017
Қаралды: 411

Жаздың жайлы күндерінде залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстарын жүргізіп алу да – маңызды шара. Мұны қаланың да, даланың да тұрғындары әрдайым есте ұстаса екен дейміз.

Жалпы, залалсыздандыру дегеніміз – адам мен жануарларда, өсімдіктерде ауру қоздыратын микроорганизмдерді жоюға бағытталған шаралар жүйесі, жұқпалы аурулардың кең таралып кетуін болдырмау шараларының бірі. Қазақ халқы залалсыздандыру тәсілдерін ерте заманнан бері қолданып келген. Мысалы, ауырған адамның ыдыс-аяғын бөлек ұстап, қайнату, науқастан түскен шашты, тырнақты көміп тастау немесе өртеп жіберу, қораларды, көң-қоқысты тазалап отыру, дәнді дақылдарды күнге кептіріп алу және тағы басқа шаралар қолданылып келген.

Қолдану мақсатына қарай залалсыздандыру мынадай екі түрге бөлініп қаралады: профилактикалық залалсыздандыру және ошақтық  (күнделікті немесе ағымдық және қорытынды) залалсыздандыру.

Профилактикалық залалсыздандыру кезінде тағамдық өнімдерді дайындайтын және сақтайтын жерлерді, малдан алынатын шикізатты немесе тағамдық заттар сақтайтын мекемелерді, мал қораларын, астық қоймаларын, емхана және ауруханаларды, әжетханалар мен қоқыс жинайтын орындарды арнайы тәсілдер қолданып өңдейді. Ал ошақтық залалсыздандыру дегеніміз – ауру шыққан үй немесе мекемедегі жұқпа қоздырғыштарын жоюға бағытталған залалсыздандыру жұмыстары. Ол науқас жазылған соң немесе ауруханаға жатқызылғаннан кейін жүргізіледі.

Залалсыздандырудың бірнеше тәсілдері бар. Механикалық залалсыздандыруда үй ішін шаңсорғышпен тазалап, сабындап жуып, желдетеді, мал қораны су шашып сыпырады, мал тұрағының құрал-жабдығын тазартады. Физикалық залалсыздандыруда ультракүлгін, радиациялық, лазерлік сәулелермен, ультрадыбыспен өңдейді, қайнату, өртеу, бумен немесе ыстық ауамен өңдеу сияқты шаралар қолданылады. Химиялық залалсыздандыруда қышқылдар мен сілтілер, формалин, хлор, хлорлы әк, натрий хлориді, хлорамин, фенол препараттары, тотықтырғыштар қолданылады.

Мал шаруашылығында – қораларды, топырақты, суды, жиналған садыраны, көңді, ал өсімдік шаруашылығында – тұқымды, екпе көшеттерді, топырақты, қоймаларды залалсыздандырады. Мал қораларында залалсыздандыру жұмыстары жылына екі рет – көктем, күз мезгілдерінде жүргізіледі.

Залалсыздандыру шараларының көлемі, қолдану тәсілдері және тиісті дезинфекциялық ерітінділерді таңдап алу жұқпалы аурудың берілу механизміне, қоздырғыштың төзімділігіне, өңдеуге алынған заттардың қасиетіне және санына, тұрғын үй мен мал қораның көлеміне қарай таңдап алынады. Тиісті жұмыстарды келісім-шарт бойынша сараптау орталығы немесе дезинфекциялық станция қызметкерлері атқарады.

Аурушаңдықтың алдын алуда залалсыздандыру іс-шараларының маңызы ерекше екенін ескерген абзал.

Гүлвира ОҢЛАСЫНОВА,

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!