Айт күндері көтеріңкі көңіл-күйде жүріңіз

29.08.2017
Қаралды: 868

Биылғы Құрбан айт мерекесі алдағы жұма, 1-қыркүйекке тура келіп отыр. Құрбан айт намазы осы күні таңғы сағат 7.30-да Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша барлық мешіттерде бір мезгілде оқылады.

Құрбандық шалу кімдерге міндет?

Құрбан айтта құрбандыққа мал (қой, ешкі, сиыр, түйе) шалынатыны белгілі. Құрбандық шалу бірінші күнгі айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Құрбан шалу ақыл-есі бүтін, балиғат жасына толған, негізгі қажеттіліктерден тыс нисап (85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша) мөлшеріндегі қаржысы бар мұсылман баласы үшін – міндет (уәжіп). Мұндай қаржысы жоқ адам да жағдайы келсе құрбандық шалуына болады.

Құрбандық шалған уақытта міндетті түрде ниет етуді ұмытпау керек. Негізгі мақсат – Алла-тағаланың разылығына бөлену.

Малдың қандай болғаны дұрыс?

Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.­

Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Екі немесе бір көзі соқыр, екі не бір құлағының басым бөлігі жоқ, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған, желін ұшы түсіп қалған, әлсіз, көтерем, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған мал құрбандыққа жарамайды. Сондай-ақ құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген, жілігі майсыз, ауру, тумысынан құлағы мен құйрығы жоқ, жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беру қиын тентек, ауру мал да құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандық шалынатын жер таза болуы шарт. Ол жерге малды зәбір көрсетпей апару керек. Құбылаға қарата жатқызғаннан кейін «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар!» – деп бауыздайды.

Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.

Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.

Терісін сатуға бола ма?

Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Жалпы, мұндай малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалын­ған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шал­ған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

 «Тәшриқ тәкбірі» қалай айтылады?

Құрбан айт күндерінде «Тәшриқ тәкбірі» айтылады. Оның айтылу тәртібі мынадай: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, ләә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лиллаһил-хамд». Мағынасы: «Алла-тағала аса ұлық (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла-тағала аса ұлық (2 рет)! Күллі мадақ тек Аллаға ғана лайық!»

Тәшриқ тәкбірінің уақыты айттан бір күн бұрынғы «арапа» күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін парыз намаздарының сәлемінен соң айтылады.

Қандай амалдар жасаған жөн?

Құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару жақсы амалдарға (мұстахаб)  жатады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауы­рып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұқтаждарға қол ұшын бе­ріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса әке-шешесіне, жанұясындағы жандар­ға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкін­дігін­ше­ кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады.­

...Құрметті мұсылман бауырлар! Игілік пен бірлік, ізгілік пен мейірімділік мерекесінде жасаған дұға-тілектеріңіз бен сауапты амалдарыңыз қабыл бол­ғай!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл-имамының орынбасары.

Мұхамеджан Естеміровтің байланыс телефоны – 8-701-402-79-99.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!