«ЭКСПО – 2017»: 2 миллионнан аса адам тамашалапты

29.08.2017
Қаралды: 314

Елордамыз Астанада биылғы 10-мау­сымнан бері «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өткізіліп жатқаны белгілі. 

Ал оған осы күндерге дейін кімдер келді, оны қанша адам көріп, тамашалауда – бұл мәселе кімді де болса қызықтырады деп ойлаймыз. Осы орайда көрме қызметкері Әйгерім Қалиеваның атынан редакциямызға келіп түскен мәліметтерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Онда 10-мау­сым мен 10-тамыз аралығындағы деректер қамтылған.

Сонымен:

Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне әлемнің 35 мемле­кетінің басшылары мен Премьер-ми­нистрлері, 60 министрі, 11 Парламент төрағасы келіпті.

Өткен екі айда «ЭКСПО» көрмесін 2 миллион 102 мың 692 адам барып тамашалапты. (Әр күнге шаққанда орта есеппен 39 мың 672 адам). Келген қонақтардан 15 мың 416 адам «ЭКСПО» қалашығында тұрыпты.

Көрмені тамашалаушылар арасынан 4164 адам медициналық көмекке жүгініпті. Көрменің контакт-орталығына 44 мың 242 өтініш-сұраныстар түскен.

Қонақүйлердің толуы 27 пайызға арт­қан. Тамақтандыру орындарында 558 мың адамға қызмет көрсетіліпті.131 миллион 767 мың 992 теңгеге өнімдер өткізіліпті.

Ал халықаралық көрмеде жұртшылық ең көп барған нысандар ретінде мы­налар аталады: «Нұр Әлем» павильоны, коммерциялық павильондар, «Шелл», Балалар саябағы, «С 3.5» тақырыптық паркі, «Дю Солей» циркі, амфитеатр, «С 2.4» тақырыптық паркі, «Шығармашылық қуат аймағы», арт-орталық.

Сондай-ақ осы екі ай ішінде жұрт­тың аса қызығушылығын тудырған, адамдар ең көп барған павильондар деп мына павильондар көрсетілген: «Плаза Африки», Мысыр, Үндістан, Түркия, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тайланд, Жапония, Өзбекстан, Сауд Арабиясы елдерінің павильондары.

Сондай-ақ көрмеге қатысушылардың павильондарын дайындауға 100 миллион доллар жұмсалғаны туралы айтылады.­

...Жалпы, Астанадағы «ЭКСПО – 2107» халықаралық көрмесінің құрылыс жұмыстарына құрамында 200 мың адамы бар 196 компания атсалысыпты. Ал бүгінде онда 21 мың адам жұмыс істеп жүр екен.

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!