Мыңғыртып мал өсіріп отырған отбасы

28.08.2017
Қаралды: 851

Ел ішінде өз кәсібін дөңгелетіп, өзіне де, елге де пайдасын тигізіп жатқан азаматтар баршылық. 

Сондай жандардың бірі – Сайрам ауданының құрметті азаматы, Көлкент ауылының тұрғыны Қадыржан Шәдиев­ (суретте). Қорасында төрт түлік мал өсіріп, көбейтіп отырған азаматтың үйіне арнайы барып, әңгімелескен едік. 

Кеңес үкіметі кезінде Көлкент ауылы, Фрунзе совхозы деп аталған екен. Қадыржан Шәдиев осы совхозда алдыңғы қатардағы атақты шопан болыпты. Сол кезде ол кісі жүз қойға жүз жетпіс, жүз сексенге дейін қозы алады екен. Жиырма жылдан аса қой баққан Қадыржан аға кейін он бір жылдай жылқы бағыпты. Сосын үкіметтің малын өзіне қайтарып беріп, азын-аулақ малымен қалған.

«Сол кезде 40-50 қой, 20-25 жылқымыз бен азын-аулақ сиырымыз бар еді, – дейді Қадыржан Шәдиев. – Соның басын құртпай, өсіріп, көбейте келе қойымыз 600-ге, жылқымыз 150-ге, сиырымыз 60 шақты болып көбейді. Бүгінде жиырма шақты сиыр сауып, сүтін Қарабұлақтағы сүт қабылдайтын жерге өткіземіз. Сүттің литрін 70 теңгеден әкетеді. Қисары қой, қарабайыр жылқы өсіреміз. Сиырларымыз қара ала тұқымды, бір сауғанда он литрден беретін сиырлар. Малды тек көбейтумен айналысамын. Бордақылап, союға жаным қас. Биылғы алған төлдеріміз де жаман емес, 300 саулықтан 350 қозы, 20 бұзау, 46 құлын алдық».

Қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанын сұрағанымызда Қадыржан аға бұл өздерінің отбасымен айналысатын жеке кәсіптері екенін айтты. Малды ұлдары, немерелері бақса, бәйбішесі келіндерімен бірге сиыр сауады.

Ол кісі жұбайы Кәрима апаймен бірге 3 ұл, 5 қыз, 30 немере мен 6 шөбере сүйіпті. Өткіржан деген ұлы көкпар шабатын аттарды баптайды екен. Әрі өзі де көкпар шабады. Оның баққан көкпар аттары 3-5 миллион теңге аралығында сатыл­ған екен. Атақты «Лашын», «Көкбурыл» деген көкпар аттарын елге танымал азаматтар көлікке айыр­бастап алыпты. Ал жақында «Қарагер» (суретте) деген жылқыны бес миллион теңгеге сұрап келгенін, бірақ сатпағанын айтты. Үш-төрт айлық жабағылардың өзін 500 мың теңгеден сатып жатыр екен.

Сонымен қатар Қадыржан Шәдиев­ жылқыны сынай да біледі екен. Ол кісіге талай адам аттарын әкеп сынатып кететін көрінеді. Бәйгенің, көкпардың аттары құлын кезінен белгілі болады дейді Қа­дыржан аға. Бүгінде көкпар аттары шілде жемінен шығыпты, енді суытуды бастайды екен.

«Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, ел ішінде осындай қойын құрттап, айранын ұрттап малшылықпен айналысып, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған адамдар көп. Міне, осындай азаматтардан үлгі алсақ әбден жарасады.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!