Мектеп асханасы қалай жұмыс істегені жөн?

28.08.2017
Қаралды: 471

Әне-міне дегенше кезекті оқу жылы да басталғалы тұр. Бұл кезде мектеп асханалары да қауырт іске кіріседі. Өйткені оқушылардың уақтылы тамақтануын ұйымдастыру да маңызды шаруалардың бірі.

Ағзаға қажетті заттар жеткілікті болсын

Мектеп оқушыларына түсетін ақпараттық, психикалық-эмоциялық және ақыл-ой жүктемесінің күн санап артуы олардың уақтылы әрі дұрыс тамақтануын қажет етеді. Әсіресе ақуыздар, витаминдер мен микроэлементтер  жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Сонда балаға мектеп бағдарламаларын меңгеру біршама жеңілге түседі, сондай-ақ дұрыс тамақтану оның дене бітімі мен ақыл-ойының дамуына қажетті жағдай жасайды. Яғни мектепте толыққанды тамақтануды ұйымдастыру  өскелең ұрпақ денсаулығының негізін қалайтын  міндетті элемент болып табылады.

Мектепте ыстық сусын ретінде жылы сүт, витаминделген кисель, балғын және кепкен жемістер компоты, сүт қосылған какао беріледі. Сондай-ақ шырындар, өндіріс жағдайында жасалып, витаминделген, дайын қораптағы сусындар қолданылады.

Екі апталық ас мәзірін жасаған дұрыс

Мектеп асханаларында ас әзірлеуге қажетті негізгі құжаттардың бірі – ас мәзірі. Оған әртүрлі тағамдар енгізілуі керек. Ең дұрысы, олар қайталанбас үшін екі апталық ас мәзірін қолдану керек.

Екі апталық ас мәзірінің болуы мынадай жайларды қамтамасыз етеді: Асхана қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру, азықты жоспарлы жеткізіп, дұрыс бөліп қолдану; асхана жұмысын жеңілдету, астың дұрыс әзірленуін қадағалау; тағам түрлерін көбейту арқылы әркелкі тамақ әзірлеу; тағамның қажетті химиялық құрамы мен қуаттылығын қамтамасыз ету.

Тағамның екі апталық мәзірін құрастыруда мынадай ұсынымдар негізге алынады: Тәуліктік қажеттілік нормасының кем дегенде  1/4-ін құрайтын мөлшердегі негізгі тағамдық заттектер түсуін қамтамасыз ету; тағамдық калория тұтынудың тәулік бойына салыстырмалы біркелкі бөлінуін қамтамасыз ету; азықтардың сәйкестігі мен екінші тағамдардың гарнирлермен үйлесімдігін ескеру; ет, балық, ашыған сүт өнімдерін, жеміс пен көкөністерді қосу; герметикалы қапталған мектеп сүтін қосу; шайды көптеген үйлерде артығымен ішілетін сусын ретіндеғана емес, темір сіңуін төмендетіп, анемия қаупін арттыратын фактор ретінде мүлдем бермеу; нан есебінен түсетін калорияны азайтып, басқа азықтарды көбірек қолдану мақсатында нанды шектеу; тамақ әзірлеудің қиындығын ескеру.

Ерекше жағдайларда қажетті азық-түлік сатып алу орындарында уақытша болмай қалса, алмастыру нормасына қатаң сәйкестікпен соған пара-пар келетін басқа азықтармен алмастыруға болады.

Ас мәзірін құрастыруда тамақ шығымының мынадай нормалары қарастырылған: салаттар – 50 грамм, екінші тағамдар – 50 грамм, гарнирлер – 100 грамм, шырын, сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері – 200 грамм, қара бидай аралас наны – 10 грамм. Ал жемістерді беру нормасы – 150 грамм, аптасына 2 рет.

Ас мәзірінің негізінде тамақтанатын балалар саны, әр тамаққа жұмсалатын азық-түліктер мөлшері, дайын күйіндегі салмағы (тамақ шығымы) көрсетілген мәзір-жасау не жайма-мәзір деп аталатын жұмысшы ведомосы құрастырылады.

Тыйым салынған тағамдар бар

Мектеп асханаларында тамақтан уланудың алдын-алу мақсатында мынадай тағамдарды әзірлеуге және балалар тағамына қолдануға тыйым салынады:

- пастерленбеген сүт, жылумен өңделмеген сүзбе, қаймақ, өзі ұйып қалған сүт, саңырауқұлақтар, флотша әзірленген макарон, ет қосылған құймақ, паштет, сілікпе құймалы тағамдар, өздері әзірлеген морс, сусындар, кремді бұйымдар, фритюрде майға қуырылған бәліш, тоқаштар, үй жағдайында жасалған консервілер мен компоттар, уылжыта пісірген және қуырылған жұмыртқа, майонез қосылған салаттар, газды және алкогольсіз энергетикалық сусындар (минералдық және ауыз суды қоспағанда), чипсы, кептірілген нан, гамбургерлер, «фаст-фуд» тағамдары.

«Ас – адамның арқауы» дегенмен, дұрыс тамақтанудың денсаулық кепілі екенін ұмытпаңыздар!

Клара РҮСТЕМОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы қоғамдық
денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!