«Зангиота – Зам-Зам» шипажайы жұртқа аса жайлы екен

28.08.2017
Қаралды: 487

Жаз бен күз маусымы – демалуға, емделуге қолайлы мезгіл. Әркім қалтасының көтергеніне қарай түрлі емдеу-сауықтыру орындары мен шипажайларда демалады. 

Таяуда бізге Ташкент облысының Зеңгі ата ауданындағы Орта ауыл поселке­сінде орналасқан «Зангиота – Зам-Зам» шипажайының бас дәрігері Олимбой Мангитовқа (суретте) жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Шипажай территориясы шамамен он гектардай жерге созылып жатыр дейді, – Олимбай Камолұлы. – Мұнда үлкен жеміс бағы бар, қылқанжапырақты ағаштар, жөке, емен секілді ағаштар өте көп, шипажайдың ауасы өте таза. Ең басты мақтанышымыз – ыстық су ағатын бұлақ көзі бар. Су 1960 метр тереңдіктен шығып жатыр, температурасы – +60 градус.  Гидрогелогтардың зерттеу қорытындысына қарағанда, судың құрамы микроэлементтерге, газ бен минералдарға өте бай. Шипажайда созылмалы пиелонефрит, несептас аурулары, созылмалы простатит, цистит, зат алмасу процесі, ас қорыту жолы, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы сияқты дерттермен ауыратын адамдар ем алып, әрі демалуына болады».

Дәл қазіргі кезеңде шипажайларда емделіп жатқандар өте көп екен. Сондықтан демалушылар он бес-жиырма шақты күн бұрын бронь жасап қояды. Стандартты, жартылай люкс, люкс нөмірлер бар.

Олимбой Мангитовтан демалу ақысы қанша болатынын сұрадық. Білгеніміз, стандартты нөмірдің көлемі 18 шаршы метр, екі орынға арналған, санузел (туалет, душ), қажетті жиһаз, тоңазытқыш және кабельді телевидение бар, емделу бағасы –  өзбекстандықтар үшін он күнге 1 миллион 250 мың сум, қазақстандықтарға бір күнге – 20 доллар.

Жартылай люкс – аумағы 20 шаршы метр, бұл да екі адам­ға арналған, жеке санузел, заманауи жиһаз, қарағайға қараған балкон, кабельді телевидение, тоңазытқыш, кондиционер, WіFі, бағасы – өзбекстандықтар үшін он күнге 1 миллион 555 мың, қазақстандықтарға бір күнге 24 доллар.

Люкс – аумағы 36 шаршы метр, екі адамға арналған, жеке санузел, жұмсақ жиһаз, LCD телевизор, тоңазытқыш, жеміс бағына қараған балкон бар, бағасы өзбекстандықтар үшін он күнге 2 миллион сум, қазақстандықтарға бір күнге – 32 доллар.­

Мұның ішіне европалық және ұлттық тағамдардан тұратын төрт мезгіл тамағы мен ем-шаралар кіреді. Егер диета ұстап жүрген адам болса, оған аспаздар арнайы диеталық тағамдар әзірлеп береді. Сонымен қатар дәрігердің кеңесі, түрлі анализдер, фитобар, ЭКГ мен УЗИ, бассейн, балшықпен емдеу, емдік дене шынықтырулар, массаж бар.

Ойын-сауықтыру бағдарламалары да бар екен. Мұнда концерт көріп, фильмдер тамашалап, дойбы, шахмат, теннис, нард­ ойнауға болады. Сондай-ақ, қаласаңыз, шипажайдағы «Нек­си» көліктеріне отырып, адам басына 100 мың сум төлесеңіз, Самарқанға азаннан кешке дейін қыдыртып қайтады.

Айта кету керек, шипажай әйгілі «Зеңгі ата» кесенесіне жақын маңда орналасқан. Мұнда өзбекстандықтардан бөлек, Қазақстан, Ресей, Түркіменстаннан да адамдар келіп ем алып, демалып қайтады екен. 

Г. НҰРЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!