Кене қателігіңді кешіре ме?

23.06.2016
Қаралды: 1571

«Замана» газетінің өткен нөмірінде «Олар кенеден құтқаратын көмек күтіп отыр» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. 

Онда Сарыағаш ауданының Қошқарата елді мекенінен хабарласқан Қиянтай Ережепов есімді азаматтың: «Ауылымызда есік алдындағы кенеден аяқ алып жүру мүмкін болмай қалды. Біз мал асырамаймыз. Өз бетімізше дәрілегенімізден пайда болар емес», – деген сөздері берілген. Бұған байланысты аудандағы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Досжан Жүзбаевтың: «Тендер осыдан үш-төрт күн бұрын өткізілді. Жұмыстар басталды. Қошқарата ауылын енді дәрілейді», – деген жауабын да  берген едік. 

Содан бері арада он күндей уақыт өтті. Ал берілген уәде сол күйі орындалмай қалыпты. Бұл жөнінде Қиянтай қария кешегі аптада редакцияға қайта хабарласып, былай деді: 

«Ауылымызда кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі дегенге қуанып қалып едік. Бастықтардың барлық сөзі өтірік екен. Келген ешкім жоқ. Керісінше, содан бері бір адам кене шағып ауруханаға түсті. Оның жағдайы ауыр деп естіп жатырмыз. Бұлар адам қазасынан кейін барып қозғалатын шығар. Әлде күзді күтіп отыр ма екен?» 

Ал ауылдарда кенеден келер қауіп күшейген. Оны Абай ауылдық ауруханасының бас дәрігері Ералы Ахметов те растап, бір адамның кене шақты деген күдікпен ауруханада жатқанын айтты. Бұдан кейін аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бауыржан Қоқаевқа хабарластық. «Бізге сұйық дәрі 21-мамырда келген, – деді ол кісі. – Содан бері дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қошқарата елді мекені дәріленген болуы керек. Сол жақта Тағабай Есенқұлов деген қызметшіміз жүр. Содан сұрау керек».

Бұдан кейін біз Т.Есенқұловпен де хабарластық. Ол бұрын сәуір айында келетін дәрілерді алғанына он күндей ғана болғанын, аталмыш елді мекенді төрт-бес күнде дәрілеп бітетінін айтты. Бірақ қауіпті аймаққа әлі жетпегенін мойындап, ол жаққа тез арада адамдарын жіберетінін ескертті. 

Осылайша Сарыағаш ауданының Келес өңірінде кенеден келер қауіп әзірге сейілмей тұрған сыңайлы. Мамандар дәрілеу жұмыстары оншақты күнде аяқталатынын айтты. Бірақ кене сол он күнде қанша адамды шағуы мүмкін екенін ешкім дөп басып айта алмаса керек.

Қарапайым халық жоғарыдағылардың қателігін де, кемшілігін де кешірер. Тендердің өтуін де күтер. Бірақ оған кене күте ме? Осыны жергілікті басшылар түсінсе дұрыс болар еді.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ