«Знахарь» қоңызын өсіретін адам

28.08.2017
Қаралды: 840

Естеріңізде болса, «Замананың» өткен нөмірлерінің бірінде «Знахарь» қоңызы туралы мақала жарияланған еді. Онда бұл қоңыздың қайдан шыққаны, 

қандай ауруларға ем болатыны, ол туралы дәрі­гер­лердің пікірлері де жарияланған. Ал жақында жұрттың аузынан түспей жүрген осы  «Знахарь» қоңызын өсіріп, көбейтумен айналысып жүрген адам жайлы естідік. Сөйтіп ол кісіге арнайы барып, әңгімелесіп қайттық. Сыдық Таджиханов (суретте) Шымкенттің іргесіндегі Қызылсу деген ауылда тұрады екен. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария саналы ғұмырын адам емдеу ісімен өт­кізгенін айтты.

«Мен өмір бойы фельдшер болып жұмыс істедім, – деп бастады әңгімесін Сыдық Таджиханов. – Әскерден бұрын бес айдай ауруханада жұмыс істеп, кейін Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде лазереттің меңгерушісі болдым. Ол кезде әскери борыш мерзімі үш жыл болатын. Борышымды өтеп келсем, «сельсоветтегілер» ауылдағы жалғыз медпункттың кілтін ешкімге бермей, маған сақтап отыр екен. Сол ауылдың жігіті, ауылына өзі барады деген ғой. Ауылдық кеңес өкілдері: «Ауыл адамдарының денсау­лығы сенің қолыңда», – деп медпункттің кілтін маған сеніп тапсыр­ған соң сенімдерін ақта­йын деп өмір бойы демалуды да білмей, тапжылмай бір жерде қызмет етіппін».

Сыдық Таджиханов зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де сүйікті ісін тоқтатпапты. Ол енді сырқаттарды табиғи емдік шөптердің көмегімен емдеуді қолға алған. Емдік шөптердің қасиеті жайлы терең ұғып білгеннен кейін кейбір емдік шөптерді қолдан өсіре бастаған. Себебі кей емдік өсімдіктерді дәріхана­лардан таба алмаған кездері болыпты. 

Біз ол кісіден: «Ал енді «Знахарь» қоңызын қалай таптыңыз, оны өсіруіңіз­ге не себеп болды?» деп сұрағанымызда ол кісі тосын бір әңгіменің шетін шығарды.­

«Шымкент жақта Қаражол деген ауыл бар, – дейді ол кісі. – Сол ауылдың бір қызы Жамбыл облысы жаққа күйеуге шыққан екен. Біраз жылдан кейін ракпен ауырып, дәрігерлер оны ары кетсе төрт-бес күндік өмірі қалды деп ауруханадан шығарып тастапты. Қарап отырып өлсін бе, әлгі келіншек біреулерден естіді ме, интернеттен көрді ма, ол жағын мен білмеймін осы «Знахарь» қоңызының көмегімен қатерлі ісіктен құлан-таза айығып, кейін өзі  де қоңызды өсіруді қолға алыпты деп естідім. Сөйтіп ол қыздың төркін жұртына барып, маған да алдырып беруін өтіндім. Олар маған қоңызды екі-үш күннен кейін жеткізіп берді».

Қоңыз бір жыл өмір сүреді екен. Тез көбейеді, личинкалары жиырма күнде жетіліп, қоңызға айналады. Сыдық атай болса көлемі 1,5 миллиметрдей ғана қоңызды арнайы қорапта өсіреді екен. Қорапқа қалыңдығы 4-5 сантиметр болатындай етіп кебек салып, оның үстіне бананның қабығы, алма мен алмұрт және қара нанды жұқалап турап салып қойыпты.

«Сұрап келгендерге қолыма ілін­ге­нінше алып беремін, – дейді Сыдық атай. – Қайтіп көбейтуге болатынын және қабылдау тәртібін жақсылап түсіндіре­мін. Қазір бұл қоңыз  біздің ауыл тұрғындарының он-он бес пайызында бар десем өтірік айтқаным емес».

Сыдық атай қоңызды айранға немесе суға салып ішу керектігін айтады. Егер олай іше алмайтын болса, капсулаға салып қабылдаса да болады екен. Псориаз, паркинсон, СПИД, қатерлі ісік секілді 70 түрлі ауруға шипа болады деген қоңыздың құрамында хитозан деген зат бар екен. Ол адамның ағзасындағы қан түйіршіктерін жаңартып, ауруды жоюға көмектеседі.

...Осылай деп қоңыздың емдік қа­сиеттерін тәптіштеп түсіндірген атайдан өзіңіз мұны пайдаланып көрдіңіз бе деп сұрадық. Ол кісі өзінің қабылдамағанын, алайда отыз жылдан бері «тройничный нервпен» ауыратын кемпіріне беріп жүргенін айтты.

«Бұрын ауруы жанына бат­қанда шыдай алмай, айқайлап жіберуші еді, – дейді ол кісі. – Оның қиналып ыңыранған даусы біздің де жанымызды жегідей жейтін. Қазір айқайлауды сиретейін деді, айына бір, кейде екі рет ауырсынған даусы шығып қалады. Былтыр көршіміз­дің әйелі қатерлі ісікпен ауырып, мен оған «знахарьды» апарып бергенмін. Ол жиреніп ішпепті. Бірақ күйеуі қабылдап жүрген. Оның екі қолы бірдей аллергиядан жара басып кеткен еді. Мен жағдайларын білу үшін үйіне барып тұрамын. Күйеуі әйелінің әлі ішпей жатқанын айтады. Оған: «Ішкен сайын мақтай бер», – деп айтып кетем. Ақырында ауруы жанына қатты батты ма, әйелі де ішкісі келетінін айтыпты. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы».

Осы әңгімеден соң біз Сыдық атай айтқан адамдарды көріп, сөйлесу үшін олардың үйлеріне бардық. «Знахарьмен» емделген ерлі-зайыптылардың екеуі де үйінде екен. Гүлчехра Сұлтанова (суретте) бізге жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруымен ауырғанын айтты. Ісіктің «Злокачественный» түрі екен. Онкологиялық диспансерде жатып ем қабылдапты. Екі рет химия, одан кейін «луч», «агат» алыпты. Әбден әлсіреп, тамақ ішуге шамасы келмей қалғанын айтады.

«Ас-су іше алмай он екі күн қиналдым, – дейді Гүлчехра Сұлтанова. – Тіпті екі-үш күн тамағымнан қара су да өтпеді. Сол кезде өмірмен қоштасып, ағайын-туғандарымды жинап разылығын сұрадым. Кейін осы қоңызбен емделуді бастадым. Этаппен ішу керек екен. Мен отыз қоңызға дейін жеткіздім. Қазір де дәрі­герлерге тексеріліп тұрамын. Олар жағдайымның жақсы екенін айтады. Өзім де жақсы сезініп жүрмін».

...Міне, «Знахарь» қоңызын өсіретін жә­не оны қабылдаған адамдардың әңгіме­лері осындай. Ал  оны ем ретінде қабылдау-қабылдамау әркімнің еркіндегі іс.

Г. ӘШІРБЕКОВА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!