Біз дұрыс тамақтанып жүрміз бе?

26.08.2017
Қаралды: 1343

Бүгінде артық салмақтан арылуды армандайтындар баршылық. Ал арық­таудың зиянсыз жолы қандай? 

Бұл сұақты біз  саламатты өмір салтын ұстану клубының мү­шесі, дұрыс тамақтануды үйрететін ке­ңесші Құралай Ізбасароваға қойған едік. Себебі ол кісі осыдан біраз уақыт бұрын 30 кило артық салмақтан арылған екен.

– Құралай ханым, алдымен өзіңіз туралы әңгімелеп беріңізші. Артық салмақты қалай қосып жүрсіз?

– Мен тұрмысқа шықпай тұрғанда жіптіктей болатынмын. Салмағым 50 – 56 килодан аспайтын. Тұрмыс құрып, балалы болғаннан кейін салмақ қоса бастадым. Себебі балалаларым мен атама қараймын, тамақты дәмді етіп дайындап, дастарханды түрлі дәмді тамаққа толтырып қоямын. Осылайша бірінші баламды босанғаннан кейін салмағым 80 килоға, екінші баламды туған соң 95 килоға жетті. Ал үшінші баланы «Кесарь тілігінің» көмегімен босандым.

Маған сол кезде дәрігерлер көп қозғалуға, ішімді тартып байлауға болмайтынын айтқан. Бала еміземін деп құнарлы, жақсы тағамдармен тамақтанамын, көп қозғалмаймын. Содан болар, бойымды бір жалқаулық, еріншектік басты. Өзім сауда істейтінмін, үйде адам жұмсадым. Жақсы өмір, ақшаның көп болуы, техниканың дамығаны – барлығы қосылып артық салмаққа әкелді.  Осылайша салмағым бірте-бірте 105 килоға жетіпті.

Бір күні Аралда тұратын сіңліммен телефонда сөйлесіп жатыр едім, ол: «Отырып сөйлесші», – деді. Мен жатқан жерімнен тіктеліп отырдым. Сонда сіңлім: «Ырсылдағаныңа қарап, жүріп келе жатыр екен деп қалдым», – деді. Сол кезде барып мен жүрегімнің, өміріме маңызды ішкі мүшелерімнің бәрін май басып жатқанын, ал оның денсаулығыма аса зиянды екенін сезіндім. Сөйтіп артық салмақтан арылудың жолын іздеп жүр­генімде Гүлдана Шаймерденова деген қызбен жолығып, сөйлестім. Ол дұрыс тамақтануды жолға қою арқылы 18 кило салмақ тастаған екен.

– «Дұрыс тамақтану» дегенді түсіндіріп бересіз бе?

– Мен бұрыннан тамақты талғап жей­тінмін. Спортпен де шұғылдандым, тек дәмді пісірілген тағамдар ғана емес, көкөніс пен жеміс-жидектер тұтынамын. Оның ағзаға пайдалы екенін білем. Денсаулыққа зиянсыз деп «Кока-коланың» шөлмектелген түрін блоктап әкеліп қоя­мын, балаларыма да соны беремін.

Бірде «Коланы» көп ішетінімді байқаған Гүлдана: «Сіз осыны гүлге құяр ма едіңіз?» – деп сұрады. Мен құйсам гүл өліп қалатынын айттым. Ол: «Балаларыңыз да – өсіп жатқан организм, гүл сияқты емес пе? Оларды, өзіңізді неге аямайсыз?» – дегенде мен қатты ойланып қалдым. Өзімнің тамақтың да, сусынның да қымбатын алып пайдаланамын, дұрыс тамақтанып жүрмін деген ойымның бекер болып шыққанын түсіндім.

Маған дұрыс тамақтанудың не екенін түсіндірген адам: «Машинаңызға қандай май құясыз?» – деп сұрады. Мен «АИ-93» құятынымды айттым. Ол: «Неге «АИ – 80» құймайсыз?» – деп сұрады. Оны құйсам машинамның бұзылатынын айтып едім, ол: «Машинаңызға жаман майды құйғыңыз келмейді екен, ендеше неге өзіңіз ағзаға зиянды майлы, тұзды тағамдарды тұтынасыз?» – деп сұрады. Дұрыс тамақтанудың не екенін сонда түсіндім.

Жалпы, біз, әрбір адам 100 триллион жасушадан тұрамыз, бұл 8-сыныптың анатомиясында бар. Біз тамақ ішу үшін өмір сүрмеуіміз керек, қайта біздің өмір сүруіміз үшін тамақ керек, одан алынатын дәрумен­дер керек. Біз қандай тамақ жесек, одан қандай дәрумен аламыз деп жеуіміз керек.­

«Таңғы асты тастама» дейді қазақ. Бәрі таңғы астан басталады.  Күніне аз-аздан бес уақыт тамақ жеу керек және ол кешкі сағат 8-де аяқталуы тиіс. Алдыма келген бір адамнан кешкі тамақты қай уақытта жейтінін сұрасам, кешкі 9-да дейді. Оған артылған тамақты не істейсіз десем, тоңа­зытқышқа саламын дейді. Неге десем, ол ашып кетеді ғой деді. Енді қараңыз, үйдің температурасы 22 – 23 градус болады, ал егер кондиционер қосылып тұрса ол 17–19 градус болады. Осындай температурада тұрған тамақты ашиды деп тоңазытқышқа саласыз да, кешкі 9-дан кейін неге тамақ жеп аласыз? Сіздің денеңіздің температурасы – 36,6 градус. Оған түскен тамақ ашымақ түгілі, быжып кетпей ме? Ол быршып қанға түседі, қан интоксикацияланады да, одан уланасыз. Түнімен жайсыз түс көресіз, ұйқыңыз бұзылып, таңертең мең-зең болып, басыңыз ауырып тұрасыз. Тамақ ішкеннен кейін адам мін­детті түрде үш сағат жүруі керек. Кешке жеңіл-желпі тамақтану керек. «Таңғы асты өзің іш, түскі асты досыңмен бөліс, кешкі асты дұшпаныңа бер» деген мәтел тегін айтылмаған. Біз оған мән бермейміз. Дұрыс тамақтану, суды керек мөлшерінде ішу, спорт (оның ішіне көбірек жаяу жүру, көбірек қимылдау да кіреді), тыныш ұйқы, осы төртеуі – денсаулық кепілі. 

– Енді суды керекті мөлшерде ішу дегенді түсіндіріп беріңізші. Судың керекті мөлшері қанша, жалпы, қандай су ішу керек? 

– Қазір фильтрленген су өте көп. Бірақ мұндай судың құрамындағы макро және микроэлементтер жойылып кетеді. Бұл өлі су болып саналады. Мен мұз боп қатырылып, қайтадан ерітілген суды пайдаланамын, ең пайдалы су – осы.

Судың есте сақтау қабілеті бар, оны білесіздер. Балам осы тақырыпта ғылыми жоба қорғаған, сонда ізденіп жүріп ұлым екеуміз су туралы көптеген қызықты­ деректерді білдік. Бір тамшы суда бірнеше миллиондаған молекула болады, соның бір молекуласында 440 ұяшық болады екен. Емшілерге барғанда су әкел, соған оқып беремін деуінің де мәнісі осында. Біз клубқа келген адамдарға бірінші су ішкіземіз, сонда суды дүкеннен емес, ағын су әкеліңдер деймін. Неге дегенде дүкенде тұрғанда біреу жаман сөз айтқан шығар, біреу өсек айтқан шығар, оның бәрін су есінде сақтап тұрады ғой. Бұл ғылымда да дәлелденген. Мен адамдарға суды барлық жақсы тілектеріңізді, армандарыңызды айтып отырып ішіңіздер деп кеңес беремін. Күніне екі литр су ішу керек деп жатады ғой, ол адамның салмағына байланысты. Бір килоға 30 миллиграмм су керек, осы 30 миллиграмды өзінің салмағына көбейтсе, күнделікті ішетін суының мөлшері шығады.

– Диета ұстап арықтайтындар бар ғой, оларға не айтар едіңіз? 

– Арықтауға диета көмектеспейді. Неге десеңіз, ағзаның да, бұлшық ет­тердің де есте сақтау қабілеті бар. Егер сіз артық салмақ қосып алсаңыз, бұлшық етіңіз бұрынғы салмағын есінде сақтайды. Ал­ты-жеті жыл толық болып жүріп, кейіннен арықтаймын деген адамдардың артық салмақтан арылуы қиын болады. Оған ешқандай диета да, аштық та көмек­теспейді. Тек күніне бес рет, әр үш сағат сайын дұрыс тамақтануды жолға қою арқылы ғана артық салмақтан арылуға болады. Себебі үш сағат сайын ағзаға тамақ түсіп жатқан кезде ағза да қазір тамақ келетінін ойланып, артық заттарды шығарып тастап отырады. Артық зат уа­қы­тында шығып отырғаннан кейін ағзада май түзілмейді. Ал диета немесе аштық ұстағанда бір күн бойы адам өзін тамақтан тыяды, мұны сезетін ағза өзіне қор жинайды, ал ол майға айналады. Қара суға да семіретін адамдар аз емес. Неге олай десеңіз, ағзаның қара суды да майға айналдыра алатын қасиеті бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!