Дәуренбек Сандыбаев – Асанбай Асқаров қорының төрағасы

26.08.2017
Қаралды: 627

Шымкентте 2004-жылы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров атындағы қоғамдық қор құрылғаны белгілі. 

Оны бұған дейін Уәлихан Сүлейменов ағамыз басқарып келген болатын. Таяуда осы қордың төрағасы ауысты. Бұл қызметті енді белгілі кәсіпкер Дәуренбек Сандыбаев атқаратын болды. Осыған орай біз ол кісіге хабарласып, көкейдегі сұрақтарымызды қойдық.

«Асанбай Асқаров атындағы қордың құрылғанына 15 жылдай болды, – дейді Дәуренбек Санды­байұлы. – Содан осы күнге дейін бұл қоғамдық жұ­мысты Уәлихан Сүлейменов ақсақал атқарып келді. Ол кісі: «Мен шаршайын дедім. Мүмкін болса, енді басшылыққа басқа бір жігітті сайласақ», – деп өтініш білдірген екен, ақсақалдар маған ұсыныс жасады, мен келісімімді бердім.

13-тамыз – Асанбай Асқарұлының өмірден өткен күні. Бұл күні жыл сайын қаламыздағы №77 мектепте ас беріліп, құран бағышталады. Биыл да осындай іс-шара ұйымдастырылды. Осы жиынның алдында өткізілген бас қосуда Уәлихан ағамызға сөз берілді. Ол кісі: «Мен қорды көп жыл басқардым. Асанбай Асқаров туралы кітап шығардым, атын дәріптеуде біраз істер атқарылды. Бүгінде жасым ұлғайды, шаршайын деп қалдым. Бұл жұмысты Дәуренбек Сандыбаевқа жүктегендеріңіз өте дұрыс деп ойлаймын», – деп маған батасын берді. Ақсақалдар төрағалыққа мені бір ауыздан сайлады­. Жиында Асанбай Асқарұлының рухына құран бағышталды, қатысқан кісілер өз естеліктерін айтты.­

Алдағы 15-қыркүйекте Асанбай Асқарұлының туғанына 95 жыл толмақ. Осыған байланысты арнайы іс-шаралар өткізбекпіз. Асқаровтың кім болғаны, қоғамға, мемлекетке қандай еңбегі сіңгені туралы оқушылар арасында насихаттап, түрлі іс-шаралар, байқаулар, жарыстар өткізсек дейміз. Тағы да басқа жоспарларымыз бар»­.

...Қысқасы, Асанбай Асқаров атындағы қор алдағы уақытта өз жұмысын жаңа серпінмен жүргізбек ниетте. Өткен жыл соңында дендробаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілгені белгілі, сондықтан ны­санға кіре беріс қақпаға бұл жөнінде жазу орнатылады. Кезінде Асанбай Асқарұлының тікелей бастамасымен салынған дендрологиялық бақтың кіре беріс қақпасына ол кісінің ескерткіш-бюстін орнату ойда бар. Қаламыздың, облысымыздың, республикамыздың өркендеуіне зор үлес қосқан ардақты азаматтың есімін дәріптеуге қатысты іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Дәуренбек Сандыбаевтың байланыс телефоны – 8-775-220-64-64.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!