Шәмшінің Шудағы оқиғасы

24.08.2017
Қаралды: 469

Менің Ұрбұлақ ауылында тұратын 78 жастағы Саухан деген жездем Шәмші Қалдаяқовты  өз көзімен көріп, ірге сапарлас та болыпты.­

«1964-жылдың 25-желтоқсаны болатын, – деп еске алады жездем. – Ол кезде жасым 25-те. Шу қаласындағы әпкемнің үйіне қонаққа бара жатқанмын. Жерде қар жоқ, бірақ дене тітіркендірер қара суық болып тұр.

«Түлкібас» стансасынан пойызға отырып, түнде Шудан түстім. Жездем осында прокурор болатын, вокзалдағы телефоннан оған келгенімді хабарладым. Сосын уақыт өткізейін деп вокзал ішін аралай бастадым. Күн суық. Басы майдалап жауған қар тіпті үдей түскен. Кенет жұқа киінген, туфлимен, жалаңбас жүрген арықтау бір кісіге көзім түсті.  Дәл осы кезде жездемнің жіберген көлігі де келді. Кабинадан ұзын бойлы орыс жігіті түсті де: «Саухан деген кім?» – деп айқайлады. «Мен», – деп орнымнан тұра бергенде әлгі жұқа киінген кісі менімен қосақтаса бірге тұрды да: «Мен сенімен бірге барамын, – деді қатты тоңғаннан денесі қалш-қалш етіп. – Сен қайда барсаң, мен сонда барамын. Мұнда қала алмаймын».

Қысқасы, әлгі кісі қолымнан тас қылып ұстап алды. Орыс жігіт: «Маған тек бір адамды ғана әкел деген. Екеуің бірдей сыймайсыңдар», – деп алғысы келмеп еді, мен: «Көңіл сыйса бәрі сияды, бұл кісіні қалдырмай әкете берейік», – дедім. «Ну, смотри, маған бәрібір. Жездеңе өзің жауап бересің», – деп ол амалсыз көнді.

Арада 15 минуттай өткенде көлік жездемнің үйіне де келіп жетті. Олар бізді күтіп отыр екен. Дастарханның үсті жайнап тұр. Жездем қасыңдағы серігің кім дегендей жұқа киінген кісінің бетіне үңіле түсіп: «Ой, пәлі, мұндай да күтпеген кездесу болады екен-ау! Қалайсыз, Шәмші аға? Аман-есенсіз бе? Бұл жақта қайдан жүрсіз?» – деп әлгі кісінің қолын қайта-қайта сілкілеп, бауырына тарта түсті.

Қысқасы, сол отырыстың сәні де, гүлі де Шәмші Қалдаяқов болды. Жұрт қошеметтеп ол кісіге қайта-қайта ән айтқызып, әңгімесін тыңдаумен болды. Сөзіне қарағанда, бұлар басында төрт сазгер болып Алматыдан Шымкентке қарай пойызға отырыпты. Содан көңілдері тату достар жол-жөнекей пойыз тоқтаған жерде «сиқырлы» шөлмектерден сатып алып, көңілді отырысты бастап келе жатқан. Пойыз Шуға тоқтаған кезде ендігі кезек менікі деп Шәмші түсіп қалмай ма? Магазиндерді аралап, одан әрі дәрет сындырып жүргенде пойыз жүріп кетеді де, жұқа киімдегі Шәмші Шуда қалып қояды. Қалың киімдері, жол дорбасы бәрі пойызда кете барады. Осылайша түнде вокзалда қалып, не істерін білмей тұрған кезде мені көзі шалып қалады. Ауылдан келген қарапайым қазақ жігіті мені өлтіре қоймас деген ниетпен менен ажырап қалмауға бекінеді.

Шәмші ағамыз сол отырыста өзі шығарған әндерін барынша шыр­қап, әр әннің тарихын айтып беріп отырды. Жездем Шәмші ағаға басты назарын аударып, күтпеген кездесуге сенбегендей жүзі бал-бұл жанып жүрді. Ертеңіне Шәмші екеумізді вокзалға әкеліп, тағы да құрмет көрсетті. Шәмшінің басына өзінің әскери папахасын кигізіп, үстіне су жаңа пальтосын ілді. Аяғындағы туфлиі қалың түкті ботинкамен алмастырылды. Есімі қалың елге танымал сазгер бәрімен құшақтаса көрісіп, қимай қоштасып жатты.

Сонымен мен Шымкентке, ол Алматыға қарай жол тартты. Міне, содан бері арада 53 жыл өте шығыпты. Тағдыр бізді одан кейін кездестірген жоқ. Сол аз ғана уақытта екеуміз емін-еркін әңгімелесе де алмаппыз. Бірақ Шәмші ағамен кездесіп, оған азын-аулақ қол ұшын бергеніме әлі қуанамын, онымен бірге өткізген сол күндерімді ешқашан да ұмытпаймын».

Осылай деген Саухан жездем әңгімесін аяқтаған кезде ол кісінің жүзінде терең ой ұшқыны алаулап тұрды. Жақсымен бірге өткен жарты сағаттың да өшпес рахаты болады деуші еді, сол рас екен-ау.

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!